Отыз жылдық тарихы бар білім ошағы ел тұтқасын ұстаған талай ерді оқытты
Отыз жылдық тарихы бар білім ошағы ел тұтқасын ұстаған талай ерді оқытты
1,390
оқылды
Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты 1993 жылдан бері Тараз қаласында бала оқытып, тәрбие ісімен айналысып келеді. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби: «Адамға біліммен қатар тәрбие берілуі керек» десе, Спандияр Көбеев «Оқытушы әлеуметтік әділеттіліктің, адамгершіліктің жаршысы болуға тиіс» деген. Осы ойларға сүйенген ұстаздарымыз бен тәрбиешілеріміздің балаға деген қарым-қатынасынан түсіністіктің, адамгершіліктің, мейірімділіктің барын көруге болады. Себебі, лицей-интернатымыздың білім алушылары қашан да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ұлттық құндылықтарын жоғалтпай өсіп келеді. Оқушыларымыз білім-ғылыммен қатар спорттық жарыстарға, ән байқауларына, қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысып, жан-жақты дамып келеді. Десек те, «Білімді мыңды жығады» дегендей, білім алушыларымыз жаңа білімді меңгеріп, заманауи бағытта дамуды көздеуде. Осындай жалынды жастарға сапалы білім беру үшін лицей-интернат педагогтері заманның беталысына қарай межелерін белгілеп, жаңа жоспарларын нақтылап, балалардың мүмкіндіктеріне жол ашуды басты назарда ұстайды. Ұстаздарымыз инновациялық технологияларды жетік меңгерген. Сол иннотехниканы пән бойынша қандай тақырыпқа пайдалану тиімді екеніне зерттеу жүргізіп, сабақ барысында қолдануда, облыс, Республика көлемінде әдістемелік тәжірибе алмасу іс-шараларында белсенділік танытуда. Қазіргі таңда STEАM әлемдік білім берудің басты трендтерінің бірі болып табылады. Сондықтан лицей-интернатта ғылым, робототехника, өнер, математика негіздерін меңгерту қарқынды дамуда. Білім алушылардың жобалық құзіреттілік пен модельдеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында лицейде «STEАM» лабораториясы жұмыс істейді. Білім алушылардың зияткерлік дағдысын, ғылыми-зерттеу машықтарын меңгеру, инженерлік тұрғыдан ойлау, құрастырушылық қабілеті мен бағдарламалау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ұстаздардың еңбегі өз жемісін беруде. Атап айтса, күні кеше ғана 8 «Б» сынып білім алушылары Саткен Диас, Салимов Амиржан робототехника бойынша «Robotek Grand tournament» облыстық жарысынан І орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Білім алушыларымыз 1995 жылдан бері облыстық, республикалық, халықаралық, дүниежүзілік білім олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында 533 алтын медаль, 609 күміс медаль, 606 қола медаль, барлығы 1748 медаль иеленді. Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 2009 - 2022 жылдар аралығында 12 мәрте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «ҮЗДІК ОЛИМПИАДА МЕКТЕБІ» атағына ие болды. 2013 жылы лицей-интернаттың білім және тәрбие саласындағы жетістіктері үшін «Қыран» аймақтық тұтынушылар лигасының «Алтын қыран» халықтық сапа белгісімен марапатталды. 2014 жылы лицей-интернат 2013-2014 оқу жылындағы оқу және тәрбие жұмысындағы жетістіктері үшін «Орта білім беретін үздік ұйым» атағына ие болды. 2017 жылдан бастап лицей-интернат «ЮНЕСКО Клубы» атанды. 2022 жылы олимпиададағы жетістіктері үшін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Алғысына» ие болды. 2023 жылы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейлері арасында республикалық білім тексеру сынақтарында ерекше нәтиже көрсеткені үшін «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының «ПОЗИТИВТІ ДИНАМИКА» номинациясымен марапатталды. Лицей-интернаттың жүйелі жүргізілетін бағыттарының бірі – түлектермен байланыста болу. 1997-2022 жылдар аралығындағы түлектердің жоғары оқу орындарына орналасуы 100%-ды құрайды. Еліміздегі қалаған жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік грант иегерлері болуда. Шет елдерде білім алу қиынға соқпайды, оған себеп – оқу орны қалыптасқаннан бері сабақтар қазақ тілімен бірге ағылшын, орыс, түрік тілдерінде жүргізілуі. Түлектердің алдыңғы қатары еңбек жолында елеулі жетістіктерге жетіп, әр түрлі салада Еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосуда. Түлеп ұшқан алтын ұя мектебін ұмытпай, «Trust in community» түлектер қоғамдық бірлестігін құрып, өздерінен кейінгі буынға ағалық қамқорлықтарын көрсетуде. Бұл да сапалы білім мен саналы тәрбиенің жемісі. Қорыта айтқанда, 30 жыл ішінде білім саласындағы толағай жетістіктердің нәтижесінде «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты брендке айналды. Бұл мәртебе бізге үлкен міндеттерді жүктеп, дарынды балалар мен оларға білім беруші еңбекқор ұстаздардың аянбай еңбек етуін қажет етеді. Ардақ Танаева, Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары