БҚО-да балаларға қол көтерген бапкерге іс қозғалды
БҚО-да балаларға қол көтерген бапкерге іс қозғалды
275
оқылды
Батыс Қазақстан облысында балаларға қол көтерген бапкерге қатысты әкімшілік іс қозғалды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожин мәлім еткеніндей, оқиға 13 ақпан күні 2013 жылғы жасөспірім жарақат пунктіне жүгінгеннен кейін белгілі болды. Оның сөзіне қарағанда, балаға самай тұсы көгерген деген диагноз қойылған.
«Сол күні жасөспірімнің анасы бапкерге қатысты шара қолдану жөнінде шағым түсірді. Балаға қол көтерген Шыңғырлау ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің 1974 жылғы бапкері анықталды. 14 ақпан күні жасөспірімнің анасынан қандай да болсын істі қарауды тоқтату және тараптардың келісімге келгені жөнінде тағы бір арыз түсті. Алайда Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері бапкерге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 73-2-бабы 1-бөлігіне (ұрып-соғу) сәйкес әкімшілік хаттама толтырды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға жазаланады. БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасына аталған бапкердің тәртібін қарау және тәртіптік шара қолдану жөнінде ұсыным жолданды», – деді Б.Нұрғожин.