«Бұл – біздің атакәсібіміз. Жер баптау, одан өнім алумен ата-баба айналысқан. Менің кәсібімнен бөлек, хоббиім десем де жарасады. Бау-бақшаның күтімін жасап демаламын. Диқаншылықты бізден де жақсы меңгерген көршілес жатқан Өзбекстан еліне жиі барып, тәжірибе алмасып тұрамын. Онда банан өсіріп, пайда тауып отырған шаруалар бар. Папайяны да сонда көрдім. «Олар өсіре алғанда біздің қолымыздан неге келмеске?» деген ой келді де, көшетін сатып алдым. Одан бөлек, бау-бақша өсіру бойынша мәліметтерді өз бетімше жинақтап жүрмін», – дейді шаруа.Жалпы, 3 гектар жылыжайы болса, оның 1 гектарына көшет, қалғанына қызанақ егеді. Ал 12 сотық жердегі жылыжай Тұрсын ағаның сәт сайын кіретін бағы. Бұл аумақты сынақ жылыжайы деп атаған. Демек, кез келген жемісті, көшетті қолға аларда осында сынап, жемісін көріп алады. Мәселен, былтыр тәжірибе ретінде жартылай ащы бұрыш егіп, бір жылда 4 рет өнім алған. Мұнда дәл қазір құлпынайдың дәмі тіл үйірер өзгеше сұрпы мен жартылай ащы, жартылай тәтті бұрыш жайқалып тұр. 10 түп банан мен 2 тал папайя да осында. Былтыр сәуір айында әкелінген 10 түп банан бүгінде 150 сабаққа жетіп қалған. Себебі бір түптің өзі 10-нан көп сабаққа көбейеді екен. Бар-жоғы бойы 15 см шамасында болған банан ағашының бойы қазір 6-7 метрге жетсе, папайя 2 метр жобасында. Диқан жемістерін ешқандай химиялық қоспасыз таза табиғи күйінде өсіреді.
14 айда пісіп-жетілетін тропикалық жемістердің дәмін көретін күн де алыс емес. Өткен жылдың сәуір айында егілсе, биылғы мамыр-маусым айларында үзіп алуға дайын болмақ. Қазір бананның алғашқы түбінен жеміс гүлдеп тұр. Ал папайя жеміс беріп тұр. «Бананның 3 сұрпын ектім. Кең тараған эквадор және бойы кішірек болатын корольдық сұрыптары бар. Королдық сұрыптың көшетін сатып алып жатқанда дәмін татқызды. Ауызда дәмі қалып кетті. Біздің жеп жүргеніміз жай сабын сияқты екен. Ол сұрып жапырағының бойы қатты биік емес. Өзі де кішірек болғанымен, дәмі керемет. Ал папайяны түрлі ауруға бірден-бір ем деп естіген соң егіп бастадым. Дәмін татып көрген емеспін. Ешқандай дүкеннен де кезіктірмедім. Қауын сияқты болады дейді білетіндер. Тек дертке дауа болады деген соң қызығушылығым артты. Дәріханаларда папайяның кептірілген түрі сатылады. Жемістің бұл түріне аса сұраныс бола қоймас. Себебі ешкім мұның қандай екенін біле бермейді. Негізгі бағыт бананға ауып тұр. Бананның бір жақсысы – бір сабағы гүл ашып, жеміс бере бастағанда келесі сабағы гүл ашады, одан тағы келесісі, сөйтіп көбейе береді екен. Яғни, бір түбінде болатын бірнеше сабақтан кемі 20, жақсы болғанда 80 келіге дейін өнім алуға болады. Бір жылда 4 рет өнім алғанда орта есеппен 100 келі банан шығуы керек. Егер осы жоспарлағандай өнім ала алсақ, онда банан бағын салатын боламын», – дейді диқан бізбен әңгімесінде.Бір түптен 100 келі банан алуға болады Банан бағынан бөлек, сұраныс болып жатса, көшетін де сатумен айналыспақ. Экзотикалық жемісті жазда жылы жерде ұстап, күн суығанда бойын жылыту үшін от жаққан. Одан соң астына биогумус тастап, суарып тұрғаны болмаса әзірге аса күтім жасалынбапты. Айтқандай, диқан банан гүлдеп тұрғанда көшет алмау керек екенін ескертті. Себебі сұрағандарға көшет қырқып беріп, өсіп тұрған гүлдің біраз бөлігін солдырып алған. Бүгінде көшетін сұрап, бөлмеге, кеңсеге егуге қызығушылық танытып жатқандар көбейген.
Бала күнінен жерге қызығып, мектеп жасынан мақталыққа шыққан шаруа он жылдықты тәмамдап, жоғары оқу орнына түсіп, үлкен өмірге қадам басса да, ауылшаруашылық саласынан алыстай алмапты. Инженер-механик мамандығын алып шыққанымен, ауылға келіп, сонау 1987-1988 жылдары роза гүлін еккен. 4,5 сотық жылыжайды жыл бойы роза гүлге орайтын. Өнім негізінен Ресейге жөнелтіліп отырды. Алайда егемендік алған алғашқы жылдары елдегі қиыншылық диқандарды да айналып өтпеді. Осынау қиын кезеңдерде басқа салаға ауысып, 2016 жылы шаруашылығына қайта оралған Тұрсын Тасқожаев қазір көшет өндірудің хас шеберіне айналған. Түркиядан мамандар әкеліп, олар әлі күнге дейін өздерінің технологиясымен көшетті жерге емес, кассетаға егіп, диқанның қыруар табыс табуына себепші болып отыр. Тапсырыспен еліміздің түкпір-түкпіріне қажетті көшетінің барлығын шығарып береді. Алматы, Ақтау, Тараз, Қызылорда, Шымкент және Түркістан облысының шаруалары тапсырыс береді. Сарыағаш аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Алайдар Әмірханов шаруаның 1 гектар көшетханасы республикада баламасы жоқ керемет технологиямен жұмыс істейтінін айтады. «Шаруақожалық көшетханасы заманауи технологиямен толық автоматтандырылған. Өзге шаруалар сияқты қолмен емес, дәнді автоматпен тастап, бір күнде 80 мың көшет егуге мүмкіндігі бар. Бір жылда 12 млн данаға дейін көшет шығарып береді», – дейді ол.Ендеше өз саласының маманы келешекте жылыжайларының біраз бөлігін тропикалық жемістерге толтыратыны сөзсіз. Себебі Тұрсын ағаның тап-тұйнақтай тұқымбағын көріп, оның бастаған ісіне бар ынтасымен ден қоятынын байқадық.
Түркістан облысы