Оңдасыновты ұлықтай алдық па?
Оңдасыновты ұлықтай алдық па?
1,243
оқылды
Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың қазақ халқы үшін орны да, өзі де биік. 1937 жыл қазақтың кіл қаймақтарын қынадай қырған уақыт еді. Ол сол бір зұлмат жылдардың соңына қарай бар-жоғы 34 жасында жауапкершілігі жоғары қызметтің тізгінін ұстады. Оңдасыновтың есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты екені белгілі. Абай атындағы Опера және балет театрының, Ғылым Академиясының ғимаратын салу үшін Мәскеуден арнайы архитектор шақыртты,Қыздар педа­гогикалық институтының құрылуына ат­салысып, шаңырағын көтеріп, уығын өзі қалады. Одан бөлек, Қарағанды металлургия зауытының, Мойынты-Шу темір жолының салынуына, еліміздің мұнай-газ өндірісінің дамуына барынша ұйытқы болған басшы. Бұрын «Орталық» Ғылым Академиясының филиалы болып қана келген республика ғылымын дербестендіріп, тұңғыш Қазақ ССР Ғылым Ака­демиясын құруда Нұртас Оңдасы­нов­тың сіңірген еңбегі зор. Ол сонау Жезқазғанда экспе­диция­да жүр­ген Қаныш Сәтбаевты Алматыға ша­қыртып, республика ғылымын басқартуы оның адам тани­тындығын білдірсе керек. Нұртас Оңдасыновтың бұл күнде қағидаға айналып үлгерген: «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып, біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ – Арым таза, екіншіден, ешқашан, ешкімнен пәре алған емеспін – Қолым таза, үшіншіден, ешкімнің, ешқашан руын, жүзін сұраған емеспін – Жүзім таза!» деген осы бір сөзі өз өміріне өзі түйін жасап, баға беріп кеткендей. Ұлтқа айрықша қызмет еткен тұлғаны өз дең­гейінде қадірлей алдық па? Оңдасыновтар әулетінің өкілі, қазір Мәдениет министрлігінде қызмет істей­тін Мөлдір Оңдасынова «атасы туралы көркем фи­льм түсірілсе, еңселі ескерткіш қойылса, лайықты болар еді» дейді. Бұл фамилия үлкен жауапкершілік жүктейді «Нұртас ата туған қара шаңырақта қазір менің анам тұрып жатыр, әкем о дүниелік болып кетті. Атаның жоқтаушысы да, іздеушісі де біз болып қалдық. Әкемнің інісі бар, сол кісі «Нұртас» атындағы қоғамдық қорды басқарады, –деп әңгімесін бастаған немересі Мөлдір Оңдасынова сөзін жалғап кетті. – Атамыз туып-өскен жер бұрын Үшқайық елді мекені деп аталатын. Қазір ол «Нұртас ауылы» болып өзгертілді. Атамыз осы топырақта туғанымен, күнкөрістің жағдайында елден ерте кетіп, Келес кірпіш зауытында жұмыс іс­теп, сосын Ғани Мұратбаев ұйымдастырған Тәшкендегі №14-ші жетім балалар интернатында оқып, білім алады. Мектеп бітірген соң сол қалада­ғы Орман шаруашылығы институтына оқуға түседі. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары, өте ауыр кезең еді ғой, сондықтан да ол кісі институтты біті­рер-бітірместен отбасын асырау мақсатында қызметке ерте араласып кетеді.
Әуелі Орман шаруашылығы наркомында қызмет істейді. Осы жерде белсенді қызметімен, ұйымдас­тырушылық қабілетімен республика басшыларының көзіне түсіп, үлкен лауазымды қызметке тартылады. Орталығы Семей болып есептелетін, Павлодар, Сол­түстік Қазақстан облыстарының Атқару Коми­тетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Ал, 1938 жылы Республиканың Халық Комиссарлар Кеңесі­нің төрағасы болып тағайындалып, Алматыға келеді. Бұл қызметте ол кісі 13 жыл атқарады. Соғыс жылда­рында дүйім елді аштыққа ұшратып алмай, майданды киім-кешек, ас-ауқатпен қамтамасыз етіп, жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосады» дейді.
Оңдасынов қазіргі Атырау мен Маңғыстау бірігіп, Гурьев облысы болып тұрған кезде сол облысты 8 жыл басқарды. Ақырында Хрущевтың қысы­мымен, мемлекеттік істе тәжірибесі молайған шағына қарамастан-ақ, зейнеткерлікке жасы жет­песе де 58 жасында шығарып жібереді. «Нұртас ата зейнеткерлікке шыққан соң өмір­бойы Мәскеуде тұрды.
«Мен ас ішіп, ыдыс босатар қартың емеспін» деп, ғылыми атағы болмаса да, бала кезінде молдадан алған білімін жаңғыртып, «Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» жазуға отырып, бір ғылыми институттың жұмысын бір өзі атқарып, артында өлмес мұра қалдырды. Өкінішке қарай, бұл кітапты тілші-ғалымдарымыз дәріптеп, әлі толық, нақты бағасын берген жоқ. Болашақта ғалымдарымыз зерттесе екен деп ойлаймын. «Ғалым болсам» деген атамыздың арманын екі ұлы орындады. Үлкен ұлы Ескендір ағамыз тарих ғылымының докторы, екінші ұлы Геннадий ағамыз техника ғылымының кандидаты. Екеуі де Мәскеуде оқып, ғалым атанып, сонда қызмет жасады. Қазір екеуі де о дүниелік болып кетті, ұрпақтары сонда тұрады. Геннадий ағамыз үлкен ұлына атамыздың құрметіне «Нұртас» деп ат қойды. Ол бізбен, туыстармен хабарласып тұрады. Оңдасын атамыздан тараған ұрпақ баршылық. Қай-қайсымыз болсақ та, фамилиямызға кір жұқтырмауға тырысамыз. Өйт­кені «Нұртас Оңдасынов» деген есім бізге Темірқазық іспеттес. Соған қарай бой түзейміз, соған қарай ой түзейміз. Ол фамилияны көтеріп жүрудің өзі жауап­кершілік жүктейді», –деп санайды бүгінгі кейіп­керіміз Мөлдір Оңдасынова.
Үлкен қалаларда ескерткіші қойылмаған Нұртас Оңдасынов Мәскеуде қайтыс болғаны­мен, өз аманаты бойынша денесі өзі туған ауылға жерленді. 1989 жылы 4 қараша қайтыс болған. Басына кішігірім кесене тұрғызылған. 1994 жылы 90 жылдығы қарсаңында өзі туған ауылға есімі берілді.
 «Үкімет басшысының бастамасымен ұйымдасқан Алматыдағы Қыздар педагогикалық институты қабырғасына ескерткіш тақта қойылды. Оның қойылуына өзім себепкер болдым. Алматы қалалық Мәдениет басқармасында қызмет етіп жүрген кезім еді. Мен басқаратын бөлім ескерткіш қою, құрмет тақтасын ілумен айналысатын. Заң жүзінде хат жазып, комиссия бекітіп, содан кейін шешім шы­ғарылды. Одан бөлек, Алматы, Шымкент қаласында Оңдасынов көшесі бар. Енді Алматы, Астана қаласында мектепке аты берілсе деген арманымыз бар. Туған жеріндегі мектептің алдында, Түркістан қаласындағы музейі мен Н.Оңдасынов атындағы дарынды балалар мектебінің алдына бюсті қойылған. Ендігі жерде осы мектептің алдында шағын аллея бар, соған еңселі ескерткіші қойылса деген де ой бар. Ақтау қаласында бір мектепке аты беріліп, алдына тұғыры биік бюсті қойылды. Жалпы, бұл бюсттің бәрі демеуші жандардың көмегімен жүзеге асты», – дейді Мөлдір.
Мөлдірдің айтуынша, ол кісінің үш арманы болған екен. Бірінші арманы – зейнетке шыққан соң, Алматыда тұру. Өкінішке қарай, ол арманы орындалмаған. Хрущев қаһарынан қорыққан республика басшылары Оңдасынов зейнеткерлікке шыққан сәтте «Нұреке, Алматыға келіңіз, пәтеріңіз дайын» деп айта алмапты. Екінші арманы – Оңтүс­тіктен шыққан талантты азаматтарды өсіре алма­ғаны. «Жершіл, рушыл» деп айтқаннан қорыққан. Үшіншісі – ғылым қуып, жаңалық ашып, еліміздің өркендеуіне үлес қоссам деген. Бірақ ол арманына да жете алмапты. Өмірінің маңызды кезеңі респуб­ликаның лауазымды қызметін басқарумен өтіпті. Өзін Оңдасынов шәкіртімін деп санайтын мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев өз кітабында: «Нұртас Оңдасыновтың мектебінен өттім. Сол кісіден алған тәжірибемнің арқасында осындай биікке жеттім» деп жазғаны да бар екен. Нұртас Оңдасынов туралы деректі фильмдер бар, бірақ олардың өзі телеарналарда көп көрсетіле бермейді екен. Қазақстанның дамуына атсалысқан тұлға туралы көркем фильм түсірілсе Нұртас Оңдасынов атамыздың атына лайықты болар еді. Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне қайраткердің есімі берілсе деген арманының барын да Мөлдір Оңдасынова жасырған жоқ.
«Әрбір жастың отаншыл болуы – осындай үлгілі істерден тәлім алуында. Ел мен жер тағдыры таразыға түсіп, қылыш үстінде тұрғанда қарақан бастарының, әулет-жұрағатының қамымен кетпей, қалың халықтың қамын жеген, нағыз қас батырларша қорғай білген әрекеттерін әспеттеп жазу, жариялау, жастар санасына ұялату – бүгінгі біздің тікелей міндетіміз!» – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы үш кітаптың авторы Гүлсім Оразалықызы сол кітаптарында.
Жастарға осындай басшылардың саналы істері үлгі болары хақ. Ел мен жері үшін күрескен, қазақ жері саудаға түскенде, қасқайып қарсы тұлға білген тұлғалардың есімін ұлықтау – бүгінгі ұрпаққа басты парыз. Өйткені Оңдасыновтың көзсіз батырлығын білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Әттеген-ай дейтін тұсымыз – осы. Оңдасынов сияқты тұлғалар көп емес, санаулы ғана. Өкінішке қарай, оның атқарған қызметі, істеген ісі, ерлігі, еңбегі – көп айтыла бермейді. Оны насихаттап, телеарналар фильм түсіріп, арнайы хабар жасауға не кедергі? Ұлт тұлғасының дана­лығын, даралығын дәріптеуге әлі де кеш емес.