Әскери полиция туралы заң қаралады
Әскери полиция туралы заң қаралады
498
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының оты­рысы өтті. Онда 2023 жылғы 23 ақпанда өте­тін Сенат отырысының күн тәртібі бекі­тілді. Отырысты ашқан Сенат Төрағасы өткен жұма күні болған Парламенттік тыңдауды қорытындылады. Аталған іс-шара өңірлерді дамыту мәселелеріне арналған болатын. Мәулен Әшімбаев сенаторлар өңірлердегі нақты проблемаларды шешуді көздейтін маңызды ұсыныстар жасағанын, оның бәрі арнайы ұсыным ретінде Үкіметке жолданғанын айтты. Палата Спикері салалық Комитетке аталған ұсыныстардың іске асырылуын бақылауда ұстауды тапсырды. Алдағы Палата отырысында депутаттар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдарды және Үкіметтен Сенатқа келіп түскен бір заң жобасын қарайды. Күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. «Әскери полиция органдары туралы» заң осы ведомствоның қызметін ілгерілетуге арналған. Құжат нормалары әскери полиция органдарындағы әскери қызметшілердің дене күшін, арнайы құралдарды және қаруды қолдану ережелерін, сондай-ақ олардың кадр құрамы мен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін реттейді. Ал бұған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары және қорғанысты ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, сондай-ақ қолданыстағы 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мәжіліс депутаттары болмаған кезеңде Сенат тұтас Парламенттің рөлін атқаратыны белгілі. Сондықтан заңдарды дербес қабылдайды және мақұлдайды. Соған байланысты алдағы отырыста Палата депутаттары Үкіметтен Сенатқа келіп түскен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Бұл заң жобасы Салық кодексін «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңның нормаларымен сәйкестендіруді көздейді.