Қаңғыбас итті қорғадық, балаларды қорладық
Қаңғыбас итті қорғадық, балаларды қорладық
1,493
оқылды
Елдің әр өңірінде қаңғыған ит талаған балалар азаяр емес. Баласы үшін алаңдаған ата-аналар наразы болғанына қарамастан мәселенің шешілер түрі жоқ. Иесіз иттер тақырыбына келгенде екі түрлі пікір барын бұрыннан білеміз. Біреулер қауіптенсе, келесілері жануарларды қорғауды ойлайды. Дегенмен жыл сайын қаңғыбас иттердің кесірінен жүздеген бала жараланып, кейбірі көз жұмып жатқанда адам хақын бірінші ке­зекке қойған жөн тәрізді. Әйтпесе, жануарларды қорғаймыз деп жү­ріп, қауіпсіздікті ұмыт қалдырдық. Сандар секем алдырады Таяуда Атыраудың Кеңөзек ауылдық округіне қарасты Тасқала елді мекенінде жайсыз оқиға болды. Кешкісін сабақтан келе жатқан 8 жастағы баланы бұралқы иттер талаған. Ең қорқыныштысы, баланың беті мен аяқ-қолының сау-тамтығы қалма­ған. Бұл жаңалық көпті тағы қынжылтқаны анық. Ал ауылдың әкімдігі болса, қаңғыбас иттерді емес, баланы мектептен күтіп ал­ма­ған деген желеумен ата-анасын кінәлапты. Баланы ит қапқанын ешкім көрмей қалған. Әбден талап болғаннан кейін көршісі көріп көмекке жүгірген. Қазір бала жансақтау бө­­лімінде жатыр. Бір емес, екі рет ота жа­сал­ған, алдағы уақытта да жасалуы мүмкін. Атырау облыстық балалар ауруханасы трав­матология бөлімінің меңгерушісі Сергей Хванның айтуынша, баланың жағдайы ауыр.
«8 жасар баланың басы мен аяғында жарақат бар. Қазір ол жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр. Дәрігерлер науқастың жарақатына хирургиялық тазалау ем-домын жүргізді. Кейін науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Науқасқа антирабиялық ­вак­циналар салынып, антибиотикалық тера­пия басталды. Бүгін науқас балаға та­ғы бір ота жасау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта науқасқа бірнеше рет хирургиялық ем-дом жүргізу қажеттігі туындайды», – деп мәлімдеген.
15 ақпанда итке таланған жалғыз бала ол емес, тағы бір бала ауруханаға түскен. Абы­рой болғанда, бала аман-есен. Бұл бір өңір­дегі жағдай ғана, елдің шет-шетінде мұндай оқиғалар жиі болады. Балаларды жазым етіп жатқанына қарамастан, бұралқы иттерді атуға қолданыстағы заңнама рұқсат бермей­тінін осыған дейін де айтқанбыз. Мәселен, 2020 жылға дейін елде бұралқы иттерді атумен жеке кәсіпкерлер айналысып келді. Бірақ кейін бұл істі ветеринариялық бөлім­дерге тапсырды. Көше кезген иттерді атуға қар­сы шыққан жануарларды қор­ғайтын во­лонтерлердің сөзі өтті десе бол­ғандай. Сон­дықтан иттер қазір атылмайды, тек ауланады. Былтырға дейін Алматының өзінде әр жыл сайын 21 мың ит пен мысық ұсталып, өлтіріліп отырған. Ал қазір жануарлардың қырғыны тоқтағалы елімізде олардың қан­шасы жүргені беймәлім. Әйтеуір, мыңдап саналары даусыз. Енді қараңыз, біз жоға­рыда сөз еткен Атырауда 2022 жылы көшеде жүрген бұралқы иттен 462 бала зардап шеккен. Жыл басынан бері итке таланған 32 бала ауруханаға түскен. Бір ғана өңірдің көрсеткіші – осы. Ал бақылауға алуы тиіс орындар дәрменсіз. Атыраудағы мердігер мекеме өкілі Мұқаш Жабасовтың айтуынша, қауіп деңгейін анықтау үшін ауланған иттер тесттен өткізіліп отырады екен.
«Қауіпті болмаса жануарды кастрация жасап, құлағына сырғасын саламыз. Ішек құртын, бүргесін тазартып, құтыруға қарсы егеміз. Он күн бақылауда ұстағаннан кейін бұрынғы жеріне апарып, қайта жібереміз. Қауіпті иттер оқшауланады», – дейді ол.
Бірақ бір мекеме бәрін бақылауға алып үлгермейтіні аян. Одан соң иттер тек құ­тырғаннан адамға шабуылдайды деп ойлау қисынсыз секілді. Бұлай жалғаса берсе, мәселе бұдан да үлкен дау тудыруы мүмкін. Онсыз да былтыр Ақтөбеде 12 жастағы баланы бұралқы ит талап өлтіргені есімізде. Оның алдында ғана Алматы облысының Талғар ауданында баланы ит қауып, бетіндегі жараны тігуге тура келген, денесінде де жыр­тылған жарақаттар болды. Ал жапа шеккен баланың жақындарына иттің қожайыны еміне деп 30 мың теңге қаражат беріп құтылмақшы болыпты. Яғни, бала­ларды талап жатқан тек иесіз иттер емес. Былтыр ит талаған бала көбейген соң Атырауда ата-аналар наразылыққа шыққан болатын. Ақтөбедегі бала өлімінен кейін де тұрғындар жергілікті билікке қарсылық көрсетті. Балаларын үйінен шығаруға қор­қып қалған ата-аналар қаңғыған иттердің көзін жоюды талап еткен. Әкімдік өкілдері де тұрғындар жағында екенін ескерткен, қол байлап отырған – сол заң. Жануарларды қорғаған жаңсақ заң Осыдан 7 жыл бұрын белсенділер жа­нуарларды қорлауға қатысты Алматыда ми­тинг ұйымдастырды. 2019 жылдың қара­ша айында жануарларды қорғаушылар Мәжіліске «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңының жобасын ұсынған болатын. Депутаттар оны Үкіметке 2020 жылдың қаң­тарында тапсырды. Сол жылы шілдеде заң жобасын Экология министрлігі қолға алды. Тамыздың басында қоғамдық тыңдалым өтіп, оған жануарларды қорғаушылар, ки­нологтер мен басқа да мүдделі азаматтар қа­тысты. Заң жобасының басты қағида­ла­рына жануарларға ізгі болу және заманауи талаптарға сай болу енді. Мысалы, үй жа­нуарларын бірыңғай базаға тіркеу, қараусыз және қаңғыбас жануарларды бақылауда ұстау талабы, олардың санын этикаға сай реттеу, жануарларға қатаң қарауды наси­хаттауға тыйым салу, ауыл шаруашылығында төрт түлікті жас балалардың көзінше союға тыйым салу ұсынылды. Себебі сарапшылар жануарларға қатысты тұрмыстық зомбы­лықтың ашылмай қалатынына қапалы еді. Мәселен, былтыр әлеуметтік желілерде итті көлікпен сүйреген, басын тоңазытқыш есігіне қыстырып, басқан, қапқа салып ұрған адамдардың видеосы тарап кетті. Осыдан кейін жануарлар құқығына қатысты қоғам арасында да дүмпу болған. Ал жа­нуарды қорлағандарға жаза болған жоқ. Иә, Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша (120 АЕК (333 360 теңге) көлемінде айыппұл немесе 120 сағат қоғамдық жұмысқа тарту, 30 тәулікке қамау) іс қаралатын. Бұл бап қоғамға аса зиян келтірмеген, кішігірім бұ­зақылық қылмыстарға негізделген. Зардап шеккендер полицияға жүгінбесе де болады. Соның әсерінен жануарларды қорлаған жайттың көбі жабулы күйінде қалды. Был­тыр наурыздан бастап бұралқы иттерді атуға тыйым салынды. Оның үстіне, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап иесінің үй жануарларын тіркеуге міндеттейді. Есеп­ке алу ақылы болмақ, ал халықтың әлеу­мет­тік осал тобына жататындарға бұл рәсімді мемлекет өтеп береді. Осы заң иттердің өз бетімен жүруіне де тыйым салады. Иесі табылса, айыппұл төлейді. Иесіз ит болса да өлтірілмейді. Арнайы орынға жеткізіледі. Жыл сайын олардың санын реттеу үшін мем­лекеттік бюджет есебінен стерильдеу, яғни арнайы химиялық не физикалық жол­мен өл­тіру жүргізіледі. Ал иесі болуы мүмкін де­лінген жануарларға бұл әдіс қолда­нылмайды. Айтпақшы, жаңа заң мен әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілер па­кеті басқа түгілі иттерді төбелестіруге, ве­теринарлық оталарды арнайы екпесіз жүр­гізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жа­нуарларды қинап, дер кезінде көмек көр­сетпеу, қатыгездікпен аулауға да тосқауыл қояды. Міне, осыдан кейін жергілікті әкімдіктер бұралқы иттерді қару қолданып өлтіре алмайды. Заң тыйым салған соң шенділер шарасыз. Әзірге көшеден ұсталған жануарларды баспанамен қамту жағы, қажет кезінде химиялық өлтіру қалай іске асады, қанша қаражат бөлінетіні толық анықталмай жатыр. Негізі, бұл мәселеде па­радокс дүние көп. Біріншіден, қазір қаң­ғыған иттердің бәрін «иесі болуы мүмкін» деген себеппен еркіне жіберді. Бірақ заңда айтылғандай оларды ұстайтын арнайы орындар өңірлерде дайын емес. Екіншіден, ит иелерінің жауапкершілігі пысықталмаған. Иті өзге адамды қауып жатса, аз мөлшердегі айыппұлмен босата салудың керегі не? Иә, дамыған елдердің көбінде жануарлар құқы қорғалады. Алайда қожайынына ерек­ше жауапкершілік жүктелген, иесіз жа­нуар­ларды көшеде қаңғыртпай, мемлекет есе­бінен арнаулы орындарда ұстайды. Бізде біріншісін ескергенімен, екіншісін ұмыт қалдырғандай. Жалпы, қаңғыбас иттермен күресу әлем бойынша бітіспес мәселеге айналды. Оның алдын алған АҚШ-та бүкіл итті қадағалау қағидасы 1976 жылы бекітіліп қойған. Бұл елде қаңғып жүрген иттерді мамандар ұстап алып, тексеріп, ауруы болса емдеп, көше кезіп жүрген жануарларға ар­налған баспаналарға тапсырады. Сол жер­ден полиция офицерлерінің көмегі арқылы иттердің қожайындары іздестіріліп, қолда­рына табысталады. Ал Германияда «Жануар­лар құқығы» деп аталатын арнайы қабыл­данған заң бар. Елде әр жануарға жауапкер­шілікпен қарамаған қожайындар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалайды. Егер олар итті көшеге қараусыз шығарып тастаса, 25 мың еуро көлемінде айып төлейді. Көзқарастар қақтығысы Былтыр ит талаған балалар көбейгеннен кейін әлеуметтік желі белсендісі Айдын Тоханбаева бұл мәселені қызу талқыға шығарған еді. Кейін иесіз иттен мазасы қашқан адамдар көптеп бас көтерді. Баласы үшін алаңдайтындар жетерлік. Сөйте тұра, Тоханбаеваның өзі де үлкен қарсылыққа тап болғанын айтады.
«Менің жеке көптеген агрессияға толы хаттар түсті. Өзімді айып шыққандар, дөрекі сөздер айтқандар көп. Біз ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін ойлау керек екенімізді түсіндірдім. Егер жануарларды қорғайтындар қаңғыбас иттерге пана тауып бере алса, қарсылығым жоқ», – дейді ол.
Қарсыласқандардың ішінде жануар­ларды қорғау қорлары бар екені даусыз. Соның бірі – kare.kz. Біз қор өкілдерімен хабарласып, мәселеге қатысты ойларын білгіміз келсе де, жауап болмады. Тек әлеу­меттік желілерінде «жануарларды қорғай­мыз» деп ұрандататын олар арагідік кей жерлерде жануарларды қорлау жайлы ақпараттарды бөлісіп отырады екен. Айтпақшы, иесіз жануарларға арнайы баспана салып, бағудың бюджет үшін салмақ екені тағы бар. Негізі, осы кезге дейін бұралқы иттерді аулап, жойып отыруға жергілікті әкімдіктер бірталай қаржы қарас­тырып келген екен. Орта есеппен әр облыс­тың әкімдігі жыл сайын 60-100 миллион теңге аралығында бөлген. Мысалы, Алматы қаласының әкімдігі 2020-2021 жылдар аралығында бұл мақсатқа 150 миллион теңге жұмсаған. 2021 жылы Атырау облысында бұралқы ит-мысықтарды жоюға 47 миллион теңге бөлініп, оның 25 миллионы облыс орталығының үлесіне тиген екен. Жалпы, республика бойынша ит өлтіруге кеткен шығын 1 миллиард теңгеден асады. Мұндай сомаға иесіз жануарларды көшеде қаңғыт­пай асырауға, қажет кезінде химиялық жолдар арқылы санын қысқартып отыруға да мүмкіндік болар еді. Осындай жүйе­сіз­діктердің кесірінен балалар зардап шегуде.