Кішкентай кезінде дұрыс тамақтанған балалардың психикалық денсаулығы сегіз жасқа қарай өзге құрдастарына қарағанда жақсырақ болады. Жуырда Норвегиядағы Агдер университетінің ғалымдары осындай қорытындыға келді.
«Диета біздің физикалық денсаулығымызға қалай әсер ететінін бәріміз білеміз. Алайда диета мен психикалық денсаулық арасындағы байланыс жайында көп айтыла бермейді», – дейді балалар психиатры Кристин Хелле.
Аталмыш зерттеу – денсаулық саласында жүргізілген ең ірі ғылыми жұмыстардың бірі. Оның аясында Агдер университетінің ғалымдары бірнеше жыл бойы бақылауда болған 40 мың баланың деректерін пайдаланған.
«Бұл зерттеуде біз балалардың ерте жаста не жегені мен сегіз жасқа толғанда бойында қандай тұлғалық ерекшеліктері қалыптасқаны арасында айқын байланысты көрдік», – дейді зерттеу авторларының бірі Нина Сесилия Оверби.
Жүргізілген зерттеудің алғашқы кезеңі аясында балалардың аналары жүкті кезінде өздері қалай тамақтанғаны және 6-18 айлық кезінде баласы қалай тамақтанғаны туралы сұрақтарға жауап берген. Зерттеудің келесі кезеңі әлгі балалар 3-7 жасқа толғанда жүргізілген.
Зерттеуге қатысқан, кішкентайынан дұрыс тамақтанған балалар сегіз жасқа толғанда адалдық, ашықтық, экстраверсия және ақкөңілділік сияқты тұлғалық ерекшеліктер бойынша жоғары ұпай жинаған. Оларға қарағанда онша дұрыс тамақтанбаған балалардың эмоциялық тұрақсыздық бойынша жиған ұпайы көбірек болған. Психологтардың пікірінше, эмоциялық тұрақсыздық көбіне үрей мен депрессияға бейімділікпен байланысты.
Ғалымдар «дұрыс тамақтану» деп жеміс-жидек, көкөніс, тұтас дәнді азық-түлік, балық және үй тағамдарынан тұратын диетаны айтады.
«Өміріміздің басында жүйке жүйеміздің, ішкі органдарымыздың және миымыздың дамуына тәніміз әсер етеді. Ол үшін ағзаға қуат керек. Сондай-ақ біз жейтін ас-ауқат геніміздің қалай жұмыс істейтініне де ықпал етуі ықтимал», – дейді Оверби.
Зерттеушілер дұрыс тамақтануға тырысу әлеуметтік жауапкершілік екенін атап өтеді.
«Сондықтан балабақшалар мен мектептерде балаларға дұрыс тамақ ұсынудың маңызы зор. Бұл жерде әңгіме денсаулық мәселесінде әлеуметтік әділетті қамтамасыз етуде болып отыр», – дейді Хелле.