Дұрыс тамақтану да – әлеуметтік жауапкершілік

Дұрыс тамақтану да – әлеуметтік жауапкершілік

Кішкентай кезінде дұрыс тамақтанған балалардың психикалық денсаулығы сегіз жасқа қарай өзге құрдастарына қарағанда жақсырақ болады. Жуырда Норвегиядағы Агдер университетінің ғалымдары осындай қорытындыға келді.

«Диета біздің физикалық ден­сау­лығымызға қалай әсер ететінін бәріміз білеміз. Алайда диета мен психикалық денсаулық арасындағы байланыс жа­йында көп айтыла бермейді», – дейді балалар психиатры Кристин Хелле.
Аталмыш зерттеу – денсаулық сала­сында жүргізілген ең ірі ғылыми жұ­мыстардың бірі. Оның аясында Агдер университетінің ғалымдары бірнеше жыл бойы бақылауда болған 40 мың баланың деректерін пайдаланған.
«Бұл зерттеуде біз балалардың ерте жаста не жегені мен сегіз жасқа толғанда бойында қандай тұлғалық ерекшеліктері қалыптасқаны арасында айқын байла­нысты көрдік», – дейді зерттеу автор­ларының бірі Нина Сесилия Оверби.
Жүргізілген зерттеудің алғашқы ке­зеңі аясында балалардың аналары жүкті кезінде өздері қалай тамақ­тан­ғаны және 6-18 айлық кезінде баласы қалай тамақ­танғаны туралы сұрақтар­ға жауап берген. Зерттеудің келесі кезеңі әлгі балалар 3-7 жасқа толғанда жүргізілген. Зерттеуге қатысқан, кішкентайынан дұрыс тамақтанған балалар сегіз жасқа толғанда адалдық, ашықтық, экстра­вер­сия және ақкөңілділік сияқты тұлғалық ерекшеліктер бойынша жоғары ұпай жинаған. Оларға қарағанда онша дұрыс та­мақтанбаған балалардың эмоциялық тұрақсыздық бойынша жиған ұпайы көбірек болған. Психологтардың пікі­рінше, эмоциялық тұрақсыздық көбіне үрей мен депрессияға бейімділікпен байланысты. Ғалымдар «дұрыс тамақтану» деп жеміс-жидек, көкөніс, тұтас дәнді азық-түлік, балық және үй тағамдарынан тұ­ратын диетаны айтады.
«Өміріміздің басында жүйке жүйе­міздің, ішкі органдарымыздың және миымыздың дамуына тәніміз әсер етеді. Ол үшін ағзаға қуат керек. Сондай-ақ біз жейтін ас-ауқат геніміздің қалай жұмыс істейтініне де ықпал етуі ықтимал», – дейді Оверби.
Зерттеушілер дұрыс тамақтануға тырысу әлеуметтік жауапкершілік екенін атап өтеді.
«Сондықтан балабақшалар мен мектептерде балаларға дұрыс тамақ ұсы­нудың маңызы зор. Бұл жерде әңгіме денсаулық мәселесінде әлеуметтік әді­летті қамтамасыз етуде болып отыр», – дейді Хелле.