Қылмысқа – қылбұрау
Қылмысқа – қылбұрау
© коллаж: Елдар Қаба
653
оқылды
Шымкент қаласында былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет департаменті тарапынан 116 қыл­­мыс тіркелсе, оның 23-і мәде­ниет саласына қатысты болған. Бұл туралы департамент басшысы­ның бірінші орынбасары Жандос Жұ­мабаев мәдениет ұйымдарының басшыларымен кездесуде хабар­лады. Мәдениет басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер алаяқтық, сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікті ысырап ету және салғырттық фак­тілері бойынша тіркелген. Есебінен жаңылған есепшілер
Сонымен бірге Шымкент қаласын­дағы Қылмыстық істер жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық сотының төрағасы Әбсаттар Шахидинов те өткен жылдың қорытындысы бойынша өткізген брифингте осынау салаға қатысты шулы істердің көп болғанын еске салды. Мемлекет қаржысын аса ірі мөлшерде жымқыру, яғни 609 млн теңге лауазымды тұлғалардың қалтасына кеткен. «Негізі­нен, біз қаржы жымқыру бойынша істерді қарамаймыз. Бірақ Қылмыстық кодекстің 24-бап 3-бөлігі мен 367 баптың 4-бөлігі, яғни аса ірі мөлшерде пара беруге оқталу бойынша іс болғандықтан, бізге тап­сырылды», – дейді Әбсаттар Әбді­халықұлы.
609 миллион теңгеге қатысты сотты болғандардың қатарында Шымкент қала­лық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшы­сы-бас есепшісі Асанбекова, мәдениет үйінің бас есепшісі Баймашева, есепші Дәуренова және жеке кәсіпкер Әмір­құлова бар. Аталған қызметкерлер қазына қаржысын талан-таражға салғанымен қоймай, істі жасыру үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі­нің лауазымды тұлғаларына ірі көлемде пара бермекші де болған. Одан бөлек, қызметіне салғырт қарап, мемлекетті осынау үлкен шығынға батыруға үлес қосқандардың бірі 2016-2019 жылдары кәсіпорын директоры қызметін атқарған Есболов пен 2019 жылы директордың мін­детін уақытша атқарған Аманқұлов­тың да ісі қылмыстық сотта қаралған. Сот жауаптылық пен жазаны жеңіл­дететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, басқарманың бас есепшісі Асанбековаға – 8 жыл, мәдениет үйінің бас есепшісі Баймашеваға – 7 жыл 6 ай, есепші Дәуреноваға – 7 жыл (шарт­ты түрде) және жеке кәсіпкер Әмір­құловаға 7 жыл бас бостандығын айыру жазасын айыру үкімін шығарды. Олар мемлекеттік қызметте, өзге де уәкілетті органында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Ал абайсызда от басқан бұрынғы директорлар жауапты­лыққа тарту мерзімі ескіргендіктен боса­тылған. Зорлау фактілері көбейді
Бұдан бөлек, қылмыстық істер жөнін­дегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Әбсаттар Шахидинов өткен жылдың қорытындысы бойынша өткізген брифингте былтыр өндірісте бол­ған 86 азаматқа қатысты қылмыстық істің 70-іне түбегейлі шешім қабылдан­ғанын атап өтті. Бұл келіп түскен істің 77 пайызын құрайды. «Бізге аса ауыр қылмыстық істер келіп түседі. Жүктеме өте жоғары. Әрбір судьяға шаққанда сотта аяқталған істер бойынша орташа айлық жүктеме көрсеткіші 2021 жылы 1,7 істі құраса, 2022 жылы 3,5 істі құрап отыр. Се­бебі былтыр жыл бойы бар-жоғы 2-і су­дья жұмыс істедік. Жуырда ғана келісім­шарт негізінде отставкадағы судья қабыл­данды», – дейді Ә. Шахидинов. Қаралған істердің басым бөлігі, яғни 35 пайызы қасақана адам өлтіру болса, 28 пайызы кәмелетке толмағандарға жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері болып тұр. Елімізде 14 жасқа дейінгі балаларға зорлық көрсету бойынша заң қатайғаны белгілі. Алайда соған қарамастан мегаполисте жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттері жылдан-жылға көбейіп келеді. Былтыр жыл бойына осындай әрекетке барғандарға қатысты 20 үкім шыққан. Алдыңғы жылы 1 қылмыскер өмір бойы бас бостан­дығынан айыру жазасына кесілсе, былтыр 4 педофилге химиялық кастрация қол­дан­ған. «Біз педофилдің барлығына мұн­дай жаза қолдана алмаймыз. Сот-меди­цина­лық сараптама қорытындысын не­гізге ала отырып, ауруы бар деп таныл­ғандарға осындай үкім шығарамыз», – дейді Әбсаттар Әбдіхалықұлы. Сот тө­раға­сының айтуынша, бұл мәселенің туын­дауының түрлі себебі бар. Жас қыз­дар­дың әлеуметтік желі арқылы жасы­рын танысуының соңы зорлыққа ұласып жатады. Сонымен қатар мұндай жағ­дайлар өгей әкелердің зорлық жасау деректері де жиі кездесетінін айтып өтті. «Бұл – үлкен трагедия, ата-ана, мектеп бала өміріне жауапты. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар да жұмысын жауапкершілікпен атқаруы тиіс», – дейді судья.
Былтыр шулы болған істердің бірі – Қызылорда облысы Экология депар­таменті басшысының орынбасары­ның пара алу бойынша жасаған қылмысы. 2021 жылдың қыркүйек айында мұнай қалдықтарын өңдеу саласындағы қызме­тіне қолдау көрсеткені үшін алдында келісілген 100 миллион теңгенің 50 мил­лион теңгесі көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған ол Шымкенттегі тергеу изоляторына қамалған. Қылмыс­тық істің тергеп-тексеру шаралары бір жылға жуық созылып, өткен жылдың шілде айында қылмыстық істер жөніндегі мамандан­дырылған ауданаралық соты­ның үкімі­мен департамент басшысының орын­басары 10 жыл 6 айға бас бостан­дығынан айырылды. Ә. Шахидинов­тың төрағалы­мен қаралған бұл іс өңірдегі ең даулы әрі өткен жылғы сыбайластық бойынша ең ұзақ мерзімді жаза. Брифингте алқа билерге қатысты да сөз қозғалды. Бұрын олардың қатары 13 болса, енді 33-ке көбейген. Сот төрағасы алқа билердің заңнан хабары бар, қоғамдық жұмыста тәжірибесі мол, жауапкершілікті сезінетін азаматтар болғаны дұрыс деп санайды. Келер жылдан бастап алқабилер аса ауыр қылмыстарды ғана емес, қылмыстық құқықбұзушылықтың тағы бірнеше бабы бойынша істерге қатыса алады. Мәселен, азаптау, кәмелетке толмағандарды сату, адам ұрлау және тағы басқа істерді алқа­билердің қатысуымен қарау мүмкіндігі тумақ.

Шымкент қаласы