Шекарада қаңтарылған көлік көп
Шекарада қаңтарылған көлік көп
469
оқылды
Қазақстандық жүк тасымалдаушылар екі күннен бері Беларусь пен Польша шекара­сында тұр. Польша еуропалық көліктерден басқа барлық жүк көлігі үшін жалғыз өткізу пунктін жапқаны белгілі болды.
«Польшаға шекара жабылды. Біздің көлікті кіргізбеді, кері қайтарды. Мен шекарада екі күннен бері өзге жүк көліктерімен бірге қозғалмай тұрмын. Бірақ бұл жерде тек Еуроодақ көліктерін өткізіп жатқан сияқты», – дейді қазақстандық жүргізуші Александр Тихонов.
Польша үкіметі Кукурыки (PL) – Козловичи (BY) шекаралық өткелінде жүк тасымалына шектеу қою туралы шешім қабылдаған.
«Шектеулер Тереспольдегі шекара өткеліндегі жолаушылар тасымалына қолданылмайды. Жүк көліктерін ресімдеу бойынша шектеулер Еуро­палық одаққа мүше мемлекеттерде, Еуропалық еркін сауда қауымдастығында (ЕАТ) – Еуропалық экономикалық аймақ туралы келісім тараптарында және Швейцария Конфедерациясында тіркелген көлік құралдарына қолданылмайды», – делінген хабарламада.
Жоғарыда көрсетілгеннен басқа аймақтарда тіркелген көліктер Кукурыкиде шекарадан өте алмайтыны айтылды. Қозғалысты тоқтата тұру 21 ақпаннан бастап сағат 19.00-ден кейін арнайы бұйрық берілгенге дейін қолданылады. Жалпы, Польша-Беларусь шекарасында алты бақылау-өткізу бекеті бар. Оның төртеуі Варшаваның бастамасымен жұмыс істемейді. Енді бесінші тармақ та шектеулерге ұшырады. Нәтижесінде, бір ғана Тересполь-Брест нүктесі ашық, бірақ ол тек автомобильдер мен жолаушылар көлігі үшін пайдаланылады. Қазақстандық көлік-логистикалық компания­лар Қазақстан Үкіметінен бұл мәселені шешуге көмектесуді сұрады, себебі бұл шектеу Еуропаға жүк жеткізуді қиындатады.