Арман антына адалдық танытты
Арман антына адалдық танытты
938
оқылды
Шымкентте аптаның алғашқы кү­нінде тапа-тал түсте көшеде қа­ру ұстап, айнала­сына оқ атып жүр­ген адам туралы бейне­жазба та­ра­­­ды. Ша­һардың орталық көше­ле­­­рінің бірінде қара күр­теше киген бойы ұзындау ер азамат қолына қо­сауыз мыл­тық кезеніп, ай­на­­ласындағыларға оқ ата бастады. Бұл сұмдықты көрген тұр­ғындар тез арада бой тасалауға мәжбүр бол­­­ды. Оқиғаға куә болғандар оның қолын­да екі қару болғанын ай­­­тады. Бірін қолына ұстап, екін­шісі­мен атқан. Нақты қарсыласы жоқ болса да, себепсізден себеп­сіз көрін­генге автомат кезеніп жүр­­­ген азаматтың бұл әрекеті көп­ші­лікке есі ауысқан адамның тір­лі­­гіндей әсер етті. Біршама уақыттан соң оқиға орнына жет­кен бірнеше полиция қызметкері пай­да болып, оны жан-жақтан торуылдай бас­тады. Осы сәтте әлгі азамат көшенің бойын­да тұрған полиция көлігіне келіп отыр­ды. Бос көлікке барып отырған қа­ру­лы азаматты полиция қызметкерлері ұстады. Білуімізше, күдікті қолындағы авто­мат­ты қару-жарақ сататын «Арсенал» дү­кенінен алып шыққан екен. Шымкент қа­лалық полиция департаменті баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, 20 ақпан күні түс­кі уақытта Тұран АПБ-на Рысқұлбеков кө­шесінде орналасқан қару-жарақ дүке­ні­не қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға ор­­­нына жедел жеткен тергеу тобы осынау оқи­ғаның куәсі болған. Сатушыға аң­шы­лық мылтық сатып алуға келгенін айтқан азамат артынша оны өзінің қолындағы қаруымен қорқытып, ол жерден «Сайга» маркалы мылтықты бірнеше патронымен қо­са алады. Осы кезде дабыл қоңы­рауы қа­­ғылып, күзет агенттігі қызмет­кер­лері­нің экипажы да жетеді. Қарулы азамат олар­­ға оқ атып, атыс басталған. Сал­да­ры­нан күзет агенттігінің қызметкерінің бірі қолынан жарақат алса, екінші оқ кү­­­зетшінің бронежилетіне тиген. Кейіннен көшеде оқ атқан жанның 1973 жылы туған Өзбекстан Республи­ка­сы­ның азаматы екені анықталды. Ол Шым­кентте жалдамалы пәтерде тұрады екен. Патрульдік поли­цейлер мен «Тұ­ран» АПБ криминалдық полициясының же­дел уәкілдері ұстаған азаматтан шолақ мыл­тық пен дүкен­нен ұрланған «Сайга» кара­бині тәркіленген. Аталған факті бо­йын­ша Қылмыстық Кодекстің бірне­ше бабына сай қыл­мыс­тық іс тіркелді. Кү­дікті уақытша ұстау изоляторына қа­мал­ды.
Шымкент қаласы ПД басшысының орын­басары Арман Бисенбаев аталған де­рекпен үш бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады. «Қарулы азамат то­нау мақсатында аңшылық дүкенге кіре­ді, бірақ дабыл түймесі өшіп қалса да же­ке күзет дер кезінде келген. Біздің бол­жамымызша, ол өзінің барлық қыл­мыстық ниетін толық жүзеге асыра алмай қа­лып, күзетшілермен атысқан», – дейді ол. Ал, көзсіз ерлікке барып, қарулы адам­ды бірінші болып ұстаған Шымкент қаласы ПД Тұран аудандық Криминалды по­лиция бөлімінің жедел уәкілі Арман Әріпжанов ерлігі үшін екі еселенген жалақы алды. Ол атыс кезінде басқа бір қылмыстық іс бойынша жақын маңдағы ғи­ма­раттардың бірінде бейнажазбаны тексеріп отырған. Бір кез­­де оқ атылғанын естіп көшеге атып шы­ғады. «Көшеге жү­гі­ріп шыққа­ным­да сту­­­дент­тер, жастар жүр екен, оларға «тез ара­­да тығылып, шетке шығыңыздар» деп ескерттім. Сол жерде колледж бен 3 жа­тақ­хана орналасқан. Қыл­мыскердің соңы­нан жүгіріп келе жатқанымда ол пат­рульдік полиция көлігінің жолаушы жа­ғынан кіріп отырды. Мен жалма-жан жүр­гізуші жағынан кіргенімде ол аяғын жүргізуші жағына өткізіп жатыр екен. 2-3 секунд кешіккенде қарулы азамат рөлге оты­рып, көлікпен қашып кетер еді. Тез ара­да қолындағы қаруын алып, арғы бет­тен келген әріптестеріме бердім», – дейді Ар­ман Әріпжанов. Елдің тыныштығын қамтамасыз етуді бала күнінен армандаған ол 2015 жылдан бе­рі сапта. Бүгінде Шымкент қаласының жаңа­дан құрылған Тұран аудандық Кри­миналдық полиция бөлімінің жедел уәкілі. Арманның айтуынша, қарулы аза­­мат мұны да атпақ болған. «Бейне­жаз­ба­да байқасаңыздар, ол көшедегі көлік­тер­ге қару кезеніп, тоқтатты. Бірақ еш­қай­сысы тоқтамай қашып кетіп жатты. Со­ған қарағанда, оның көлікпен қашып кету ойы болған. Мен өзіме жүктелген жұмысты ғана атқарып шықтым. Басты мақ­сатым – елдің үрейін ұшырған қару­лы азаматтың қолындағы қаруды алу еді. Еш­қандай қорқыныш болған жоқ», – дейді ол.
Полиция капитаны Қаңтар оқиғасы ке­зінде де елдің тыныштығын қамта­ма­сыз етуге белсене атсалысқан. Шым­кент қа­лалық полиция басқармасы Ішкі істер министрлігіне Арман Әріпжановты Құр­мет грамотасымен марапаттау туралы ұсы­ныс жолдапты.

Шымкент қаласы