Ерлан Қарин: Қазақстандықтардың 71,7%-ы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды
Ерлан Қарин: Қазақстандықтардың 71,7%-ы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды
Фото: akorda.kz
554
оқылды
Қазақстандықтардың 71,7%-ы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Телеграм-арнасында хабарлады.
«Бұл сайлаудың алғышарты 2022 жылдың наурыз айында, яғни, Президент өз Жолдауында саяси реформалардың жан-жақты бағдарламасын ұсынғанда қаланған болатын. Бір жылға жетпейтін уақытта партиялар үшін шынайы бәсекелестік орта қалыптасты, азаматтардың Парламент пен мәслихаттарға өзін-өзі ұсынуына жол ашылды», – деп жазды Мемлекеттік кеңесші.
Айтуынша, мұны қолда бар статистика да дәлелдеп отыр.
«Мысалы: 1) Парламент сайлауына барлық жеті саяси партия қатысып жатыр. Оның екеуі партия туралы заңнамаға өзгерістер енгеннен кейін тіркелді. Сондықтан партиялар арасындағы бәсекелестік бұл сайлау кампаниясының негізгі элементі болмақ. 2) Мәжіліс депутаты болуға партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша барлығы 892 азаматтың кандидатурасы ұсынылды (орташа есеппен 1 мандатқа 9 үміткерден келеді)», – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесшінің ойынша, сайлауға қоғам қайраткерлері мен азаматтық белсенділердің көптеп қатысып жатқаны (оның ішінде, әдетте билікті сынап жүрген азаматтар да бар) олардың жүргізіліп жатқан реформаларға сенімі мен қолдауын білдіреді.
«Елімізде соңғы жылдары орын алған барлық өзгерістерді, барлық жаңашылдықтар мен реформаларды жұртшылықтың қызу қолдап отырғанын халық арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер де көрсетіп отыр. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының мәліметінше, қазақстандықтардың 71,7 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды», - деп аяқтады ойын ол.