Телефондағы тілдесу
Телефондағы тілдесу
374
оқылды
Мобильді телефон: – Шы-рр. Шр... Звонок түсті. Келіні көтерді. Енесі ар жақта: – Күлайна дей­мін! Күләйна әл-әу?...Бұл сен бе?.. Кім екен? Әй, үндесеңдерші, түге?! Дауыстарың естілмей қалды ғой мүлде? Келіні бер жақта: – Апа-оу, апа Сіз бе? Ой, апа, апажаным, сәлем бердік, апа-ау! Апатайым, қалайсыз? Жөтелмей жүрсіз бе? Әнеукүні жіберген дәріні ішіп жатырсыз ба? Бәрі дұрыс па? Жай­шылық па? Енесі ар жақта: – Әл-ау, Күләйна деймін. Немене үндемей қалдың? Әлі ұйқыңды аша алмай тұрсың ба, күнім-ау? Келіні бер жақта:Өзіне-өзі: (Қақпас, таң атпай ұйқыдан оя­тып неғып телефон соқты? Ей богу, бізден бір нәрсе сұрау үшін звондап жатыр). Сосын ар жаққа қарай: – Апа-ау, денсаулығыңыз қалай, жақсы ма? Әл-л-ау... Апа, естіп тұрсыз ба деймін? И, мына бір дырылдап тұр ма, түк естілмей... Енесі ар жақта: Күләйна-ау, Күләйна! Жауап қатсайшы бір. Менің даусым естілді ме? Келіні бер жақтаӨзіне-өзі (ақша сал деп айтайын деп тұр ғой, мына қақпас. Үнемі бізден сұрай­ды да, ана ш-а-л-қ-ы-п отырған қыздарынан бір нәрсе сұрамайды. Құлағы мүлде керең боп қалған ба?! Не ғып үндемей қалды мына қақпас?) – Апа,-ау. Неғып ертемен звондап жатырсыз? Енесі ар жақта: – Әл-ау, мына Астана ма өзі. Әлде басқа қалаға түстім бе? Келіні бер жақта: – Иә, апа Сіз естіп тұрсыз ба? Маған енді ғана естіліп тұр. Міне, жаңа ғана.... Сібәз жаман болып кетті ғой деймін. Сіздер жақтан болар, апа.! Апа, әл-әу? Не дейд, апа-ау, операция дейсіз бе?... Өзіне-өзі: (Бұл кемпір бәрібір өлмейді. Сүйегі мықты. Денсаулығы менен жақсы.Талайды өлтіріп келеді ғой. Менің әкем де өлді, шешем де өлді алпысқа жетпей. Бұл әлі жүр сексеннен асып.) Енесі ар жақта: – Күләйна-ау, Күләйна. Борашқа айт. Маған әперәция жасағалы жатыр деймін.. Келіні бер жақта: – Апа-ай, қорқытпаңызшы бүйтіп бізді. Мүмкін, операция жасатудың қажеті жоқ шығар. Пышақ деген жаман ғой. Көтере алмай қалсаңыз. Апа-ай... мына хабарыңызға уайымдайтын болдық қой. Өзіне-өзі: (Қараш қақпастың өлгісі келмейді. Операциядан қорықпай жасатам деп тұрғанын. Тіпті, жап-жас боп мен қорқам. Мына кемпір бар ғой жүз жасауға бар, өлгісі келмейді қақпас!) – Апа, ол жақта толық тексерілуден өттіңіз бе? Врәштар айта береді. Жүрегіңіз шыдамай қалса...Өзіне-өзі: (Ой, Алла! Алла тіпті қорықпайды. Надо же, а?) – Апа, біз онда сол сіздер жаққа барайық па? Бораш екеуміз. Қасыңызда болуға. Дәрігерлерге беретінін беріп дегендей. Қиын болды ғой бізге де, апатайым-ай.. Өзіне-өзі: (Біраз ақшамызды құртатын болдық. Ол жаққа бару-келу жол бар, мына кемпірдің операция­сына беретініміз бар. Бәрі ақша емес пе? Қақпас-ай, қақпас!) – Апа, енді сізге қай күні жасайды операцияны. Айтыңыз. Біз де билет ала берейік пе? Өзім келемін дейсіз бе? Сонда осы Астанаға келесіз бе? Асқазаныңыз ба, өткен жазда көрсеткен? Не дейді?... Құлағыма дейсіз бе? Не дейсіз?! Сәпсем естімей қалдыңыз ба? Өзіне-өзі: ( О, құдайым! Бұл қақпас кемпірге сексеннен асқанда құлақ не керек екен десейші, а? Еріккен ғой, еріккен.) Енесі ар жақта: – Күләйна, ә, Күләйна! Бірде естіп, бірде естімей қалдым ғой. Үйдегі келіннің де сөзін сөйтем. Жаңа сенің сөзіңді де шала-пұла естіп. Иә, әләу, толық естіген жоқпын деймін. Біреуге қақпастап жатырсың, қақпастап жатырсың. Бәрібір өлмейді дейсің бе? Ар жағыңда біреуге ұрсып жатсың ба. Қап, мына құлақты-ай! Зыңылдай ма, ыңылдай ма мына телефон өзі... Келіні: – Апа-ау, үйдегі кран бар емес пе, содан су ағып жатыр. Ұлыңызға айттым талай соны істе деп. Жұмыс, жұмыс деп бір қолы босамайды ғой. Сосын кранды істетуге өзім шақырт­қанмын сантехникті. Бір қақпас екен ол. Кранның шрупі шіріген басқаны тауып әкел дей ме. Дәл сізбен сөйлесіп жатқанда қосар­ланып ол да. Мен ол шрупын қай­дан білем. Қақпас өзі ішіп алған сантехник пе деймін. Енесі ар жақта: – Әй, Күләйна күнім... Үйіңде күйеуің жоқта басқа еркекпен ұрыспа нетіп кетер. Ұрып кетіп жүрер. Бір періп. Келіні бер жақта: – Өзіне-өзі: Жа­ғың қарысқыр, аузынан шық­қан сөзін қарашы! Атасының басына мен ұрғызармын! Өзім бір перермін кім болса да! Енесі ар жақта: – Қазіргінің қатындары қорықпайды-ей! Күйеуі жоқта еркекті үйге кіргізе ме екен. Кіргізсе ұрыспасайшы енді. Қақпастап жатыр. О, тоба, қайтейін енді-а? Келіні: – Апа-ау! Енді айт­саңызшы қашан, қай пойызбен шығайын деп жатырсыз? Апа-а, Апа деймін?! Зың-зың телефон сымы үзіл­ді. Енесі: – өзінен-өзі ар жақта: Бо­раштың телефонына зван­дайын. «Жұмыстан үйіңе тез қайт» дейін оған. Сен жоқта үйің­де қатының ұрсысып жатыр бір еркекпен дейін. Шапылдап қақпастап жатыр дейін. Үйбай... үйбай-әй.. қайтейін енді. Орыс па екен, қазақ па екен өзі анау келгені.. Құдай-ау, олар оңдыра ма.Ұрысқақ қатындарды. Бір нетеді ғой, бір нетеді оңдырмай. Переді ғой! Соны ана қатын біліп тұр ма десей! Келіні өзінен-өзі бер жақта: – Тезірек кранның шүмегін алып тастап, бұзылған сияқты бір нәрсе жасайын. Тура сантехник келіп, қарап кеткендей. Ана жерге суды ағызайын. Ана қақпас кемпір, менен телефонды үзді. Енді Борашқа звондайды ол. Тіпті, звандап та жатқан шығар. Не айтып жатқанын кім білед?! Ойпырым-ай, ойпырым-ай! Бұл кемпірдің бар ғой, жүріп-тұрғанының бәрі ұрыс-керіс. «Құлағым естімей қалды» деуін қарасай, естіп тұрып. Бәрі өтірік! Осы жолы келсе, бізге тағы тыныш келіп кетпейді. Бораш екеумізді бір бәле қып ұрыстырып кетеді. Көр де тұр!

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ