Елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі омбудсмен институты енгізілмек. Жаңа институт жұмысы қалай ұйымдастырылады, қызметін қалай жүргізеді деген сауалдар бойынша осы заң нормаларын әзірлеген ведомствоға қойып, тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын қоғамдық ұйым сарапшыларының пікіріне құлақ түрдік.
Айта кетерлігі, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі омбудсмен институты нормалар қарастырылған. Аталмыш заң жобасында еліміздегі тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі Омбудсменге қатысты нормалар 2024 жылдың 1 қаңтарынан енгізіледі деп көрсетілген. Алайда комитет бізге бірген жауабында бұл мерзімді «Парламент заң жобасын қараған соң, ондағы нормалар қай уақытта қолдануға енгізілетіні түпкілікті анықтайды» деп көрсетті.Тұтынушы құқығын таптауға жол бермейді Бастысы, Омбудсмен институты үкіметтік емес ұйым болады.
«Омбудсмен тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру міндеттерін шешуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті тағайын дайтын тұлға болады. Ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің міндетті мүшесі болады. Омбудсменді Президент қызметке төрт жыл мерзімге тағайындайды», – деп көрсетілген заң жобасында.Айта кетерлігі, Батыс Еуропада бұл институт толық қалыптасқан. Ал дамушы елдерде түрлі нұсқада біртіндеп дамып келеді. Соңғы жылдары көптеген елде омбудсмен мекемелері құрылып, оған қатысты заң қабылданып, адам құқығын қорғауға қатысты мәселелерге айрықша мән беріліп келеді. Омбудсмен институты – тұрғындардың шенеуніктің әрекетіне немесе адам құқығы бұзылуына қатысты шағымданғанда ақысыз әрі жедел әрекет етуге, шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті әзірлеген заң жобасы бойынша Омбудсменнің міндетіне тұтынушылардың өтініштерін қарау, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы істердің жай-күйі туралы оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстармен жыл сайынғы талдамалық баяндама дайындау және оны БАҚ-та тарату, Президентіне қарауына ұсыну кіреді. Сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға заңды және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өзге де нормативтік-құқықтық актілерді бұзатын шешімдерін тоқтату немесе күшін жою туралы ұсыным береді. Тұтынушылардың құқығын бұзуға кінәлі адамдарды Қазақстан заңдарына сәйкес жауапкершілікке тарту мақсатында мемлекеттік және құқық қорғау органдарына жүгінеді. Сонымен қатар тұтынушылар арасында ақпараттық және ағарту жұмыстарын жүргізіп, олардың құқықтық сауаттылығын жетілдірумен айналысады. Омбудсмен өз қызметінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің, стандарттау жөніндегі құжаттардың және техникалық регламенттердің жобаларын әзірлеуге қатысады. Тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы сот практикасы мәселелері бойынша ұсыныстармен Жоғарғы Сотқа жүгінеді, тұтынушылар тобының (өтінішсіз, фактілер анықталған немесе ақпарат болған кезде) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін талап қою отырып сотқа жүгінеді. Тұтынушыларға консультациялық көмек және өкілдік қызметтер көрсетеді. Омбудсмен лауазымына тағайындалатын адамға мынадай талаптар қойылады. Үміткер Қазақстан Республикасының азаматы болуы және елде соңғы он жыл бойы тұрақты тұруы тиіс. Жасы 35-тен асқан, жоғары білімді, қазақ және орыс тілдерін меңгерген болуы қажет. Жеке немесе заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда кемінде бес жыл тәжірибесі болуы керек. Ведомствоның мәлімдеуінше, Үкіметтің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес заң жобасын Үкіметке қабылдау сәуір айында жүргізіледі. Жаңа құжат Парламентте маусым айында қаралады деп жоспарланған. Еске сала кетсек, былтыр Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті аталмыш заңға түзетулердің 2-пакетін дайындап шыққан еді. Комитеттің берген мәліметіне жүгінсек, бүгінде республикада тұтынушы дауларын сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің тізбесінде 193 қоғамдық бірлестік, өзін-өзі реттейтін ұйым және қоғамдық бірлестік тіркелген. Ең көбі Астанада – 49, Алматы қаласында – 34 ұйым бар. Салық органдарының мәліметіне сенсек, оның 50-ден астамы тұрақты қызмет етіп келеді. Осы тұста елімізде 200-ге жуық тұтынушы құқығын қорғайтын ұйым бар болса, омбудсмен институты осы ұйымдардың қызметін қайталамай ма? деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа комитет өкілі «жоқ, қайталамайды» деп жауап берді.
«Қазір Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша біршама қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Алайда олардың қызметінде біртектілік жоқ. Оған қоса, біреулері тұтынушылардың құқығын қорғау жұмысына белсенді қатысса, кейбірі тиісті деңгейде қатыспайды. Заң жобасында ұсынылған Омбудсмен институты тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қызметін үйлестіру жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталады. Сондықтан оның мәртебесі бизнес омбудсменнен төмен болмауы керек» делінген жауапта.Ведомство омбудсменнің мәртебесі бизнес омбудсмен деңгейінде болуын былай түсіндіреді. Соңғысы кәсіпкерлік қызметтің түрлі аясында бизнес қауымдастықтарымен бірге және олардың жұмыстарын реттеу үшін жұмыс істейді. Яғни, омбудсмен институты біздің қоғам өмірінің түрлі салаларының ажырамас бөлігіне айналған. Осы мақсатта комитет омбудсмен институты бар Швеция, Германия, Польша, Перу және т.б. сияқты елдердің халықаралық тәжірибесін зерттеп шыққан. Осы тәжірибеге сәйкес мемлекет «саналы» әкімшілік реттеуді жүзеге асырып, ал мемлекеттен тыс институттар тұтынушылардың бұзылған құқығын қалпына келтіруге жәрдемдеседі деген тұжырым жасаған. Зерттелген халықаралық тәжірибе реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында қоса берілген. Сондай-ақ, комитеттің 2022 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнамасында респонденттердің көпшілігі тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын омбудсмен институтын құру елдегі тұтынушылардың құқығын қорғау жағдайын жақсартады деп көрсеткен.
«Өз қызметін қамтамасыз ету және өз функцияларын іске асыру үшін Омбудсмен Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасына сәйкес коммерциялық емес ұйым нысанында заңды тұлға құра алады не мұндай заңды тұлға жұмыс істеп тұрған коммерциялық емес ұйымдардың базасында құрылуы мүмкін» деген жауап берілді.Білектімен белдесуде бедел керек Біз пікірін білген «Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің мүшесі Тұрсын Жағыпарова омбудсменді тікелей Президентке бағынатын етуді ұсынды.
«Бұл заңға енгізілетін өзгерістер екі жылдан астам уақыт талқыланды. Мен сарапшы ретінде жұмысшы топтың мүшесімін. Жалпы, омбудсменнің екі түрі бар. Біздің талқылап жатқан жобамыз – үкіметтік емес ұйым жайында. Қоғамдық омбудсмен бизнесте, қаржы қызметі саласында бар. Менің ойымша олардың пайдасы аз, қызметі қоғамдық бірлестіктердің жұмысын қайталайды. Менің ұсынысым бойынша омбудсмен тікелей Президентке бағынатын болуы тиіс. Өйткені еліміздегі әрбір азамат ол тұтынушы, ол дүниеге келгенде акушер қызметін пайдаланады, дүниеден өткенде оған жерлеу қызметі көрсетіледі дегендей ол өмір бойы тұтынушы болып қалады. Елімізде қазіргі әлеуметтік қайшылықтың туындауының басты себебі тұтынушының алған тауарына, бағасына, көрсетілген қызметіне қанағаттанбауынан», – деді Тұрсын Жағыпарова.«Тұтынушылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Ахметжанова бұл институттың құрылуын қолдайтынын жеткізді.
«Тұтынушылардың, бизнес өкілдерінің заңда көрсетілген құқықтары сақталмай жатады. Біздің саладағы әрбір ұйым осы мәселені шешу үшін еңбек етеді. Омбудсмен институты да осындай мақсатпен іске кірісуі керек. Мен көп шетелдіктермен жұмыс істеймін. Соларға «еліміздегі тұтынушылар құқығына қатысты заң сапалы әзірленген. Алайда оның орындалуына жауапты ведомстволардың салғырттау» деп айтамын. Сондықтан тұтынушылар құқығын қорғауға жауапты омбудсменнің көзқарасы осы бағытта болуы тиіс. Алайда «осы ұйымды басқаратын орынтаққа бір кісі отырғызылып, жалақы алып жүре бере ме?» деген күдік бар. Сондықтан жаңа институт шын ниетпен тұтынушылар құқығын қорғауды қолға алуы қажет деп санаймын», – дейді ол.Тұрсын Жағыпарова да «омбудсмен деп бір азаматты қызметке тағайындай салу салаға өзгеріс әкелмейді» деген күдігі басым екенін жеткізді.
«Негізі омбудсмен Президент пен халықтың ортасында алтын көпір болуы тиіс. Омбудсмен үкіметтік ұйым деңгейінде болмаса өзі айналысатын мәселені шешуге ықпал ететін құзыреті болмайды. Сондықтан ол институт Президентке бағынатын Бала құқықтары жөніндегі уәкіл секілді уәкілетті орган болса деген ұсынысымыз бар. Омбудсмен қызметіне жалған статистика жинаумен айналыспайтын, халықтың мәселесін көтеретін әрі осы салада нақты тәжірибесі бар азамат келуі керек. Үміткерді тұтынушылар құқығын қорғау саласында 20-30 жыл еңбек етіп келе жатқан мамандар ақылдаса отырып ұсынуы тиіс. Өйткені бізге қоғамдық бірлестіктердің функциясын қайталайтын тағы бір ұйым қажет емес. Мемлекет те, адам да заңға бағынады. Омбудсмен нақты тұтынушыға керек заңдар әзірлеуге септеседі. Халықтың пікірін жинап, зерделеп үкіметпен талқылап, оны Президентке жеткізуі керек», деп тұжырым жасады ол.Ал, Баян Ахметжанова жаңа институт енгізген соң, омбудсмен қызметіне мониторинг жүргізуді енгізуді ұсынып отыр. Саладағы беделді азаматтар омбудсмен жұмысы тұтынушылар ойынан шыққан не шықпағанына баға береді. Қоғамдық бірлестік төрайымы монополияға қарсы мекеменің бағаны реттеудегі жұмысына көңілі толмайтынын атап өтті. Қазір жалақысы төмен адамдарды азық-түлік пен дәрі-дәрмектің бағасының жоғары болуы алаңдатып отырғанын атап өтті. Тұрсын Жағыпарованың айтуынша, елімізде 20-ға жуық мемлекеттік орган бар. Соның он шақтысының атқаратын функциясында тұтынушы құқығын қорғау міндеттелген.
«Алайда олардың барлығының жұмысын үйлестіретін бір орган жоқ. Мысалы ретінде айта кетсек, Ресейде осындай «Роспотретнадзор» деген ұйым бар», – дейді ол.Сөз соңында айтарымыз, жаңа институттың жұмысы ілгерілейді деп сенім артып отырғандар қатары көп екенін көз жеткіздік. Мамандар омбудсмен тұтынушылар мәселесін шешуге, осы саладағы қордаланып қалған түйткілді реттеуге атсалысса деген пікірде. Өйткені сапалы сервис пен сапалы тауар тұтынушының ғана пайдасы емес, ол ұлттық экономикалық өсімнің белгісі әрі туристер мен экспортталатын отандық тауар тұтынушысының сенім кепілі.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ