Джек үйінді астынан 3 адамды құтқарды
Джек үйінді астынан 3 адамды құтқарды
700
оқылды
Кейінгі кезде ит адамның досы ғана емес, адам өмірінің арашасы екеніне көз жетті. Түркиядағы зілзала кезінде қазақстандық құтқарушылардың Джейкоб Вертуоз, Чарли Кинг атты көмекшілерінің есімін жиі естідік. Соның ішінде Джек Газиантепте үйінді астынан үш адамды тапқан. Иесі – құтқарушы-кинолог Ерік Берікұлы. Оның іздестіру-құтқару саласындағы еңбек өтілі – 14 жыл. Қызығы, Джектің иесі иттің де жағдайды жанымен түсінетінін, барынша көмектесетінін айтып берді. – Алдымен Түркиядағы құтқару жұмысына тоқтал­саңыз. Бұған дейін жер сілкінісі болған жерге барып, құтқару жұмысын жүргізуде тәжірибеңіз болды ма? – Иә, 12күн бойы Түркияның Газиантеп қаласында іздестіру-құтқару жұмысын жүргіздік. Өзім – құтқарушы-кинологпын. Бірінші күннен іске кірісіп кеттік. Жағдайды көргенде демалуды да, жолдан келгеніңді де ұмытып кетесің. Шынымды айтсам, үй қирандыларын көргенімде іштей тірі адам жоқ-ау деп топшыладым. Дегенмен бізге бөліп берген аумақты барлауға кірістім. 1-2 сағат көлемінде барлау жүргізіп, үйінді ішін кедергілерден тазарттық. Құтқарушыларға кедергі келтіретін заттарды жолдан алып, қауіп бар-жоғын анықтадық. Байқағаныңыздай, зілзала орнында алдымен кинолог жұмыс істейді. Содан кейін ғана құтқарушылар оқиға орнына кіреді. Осылайша, біртіндеп мәйіттерді шығару жұмысын бастадық. Қайсыбірін айтайын, денесі жартылай сыртқа шығып жатқан, үйінді астында қалған бірталай мәйітті шығарып, жақындарына тапсырдық. Айнала азан-қазан шу. Жылап-сықтаған адам. Барынша мән бермеуге тырыстық. Бізде психологиялық түрде дайындық болғандықтан, алдымыздан не кезігерін ойша бағамдап келгенбіз. Тәжірибеме келсек, осыдан бірнеше жыл бұрын Қар­ғалыны су басқанда сонда барып, іздестіру жұмысын жүргіздік. Көкшетаудан ұшқан ұшақ құлағанда, Алматыдағы бір үй жарылғанда ТЖ қатарында болдым. Екі адамды қар көшкіні арасынан іздегенім бар. Мәселен, 2018 жылы Үлкен Алматы шыңында туристер тобынан бір қыз адасып қалады. Сонда Джек әлгі қызды тауып, бізге белгі берген еді. 2020 жылы Алматыдағы «Шымбұлақ» ауданында ада­сып қалған 1955 жылы туған азаматты құтқаруға көмек­тесті. Жалпы, бұдан бұрын зілзала орнына тікелей барып, жұмыс істеп көрмегенмін. Тек оқу-жаттығу жиынында жер сілкінісі бойынша теориялық, практикалық білім аламыз. Мәселен, Қырғыз Республикасында ТМД елдері арасында зілзала тақырыбында оқу-жаттығу жиыны өткен. Сонда өзара тәжірибе бөліскеніміз бар. – Сіздер қызмет еткен Газиантеп қаласындағы аумақ пен оның жағдайы туралы не айтасыз? – Аталған қалада 7-8 қабатты үйлер құлаған. Мысалы, жартылай жер ішінде кіріп кеткен үйлер бар. Мысалы, төменгі қабаттағы 2-3 қабат жер астына кіріп кеткен, қалған қабаты тұр. Жартылай құлаған ғимараттар да кездесті. Джек үйінді арасынан үш адамды құтқарды. Негізі, бізге көпқабатты құлаған үйдің орнында іздестіру-құтқару жұмысын жүргізуге бұйырды. Аталған орын шыны-әйнектен, киім-кешек пен тұрмыстық заттардан көрінбейді. Қолаңса иіс шығып кеткен. Осыны көріп, асықпай іске кірістік. Аумақты 7-8 бөлікке бөліп, іздестіруге тапсырма бердім. Бөлінген бөліктерді Джекпен бірге мұқият араладық. Тура ортасына келгенде ол шарқ ұрып айнала бастады. Мінезін жақсы білген соң бірдеңе тапқанын сездім. Өйткені оңға қарай төрт метр, солға қарай үш метр айналып жүр. Бір нүктеге келіп иіскелеп, үш рет үрді. Оған сәл демалыс беріп, қасындағы бөлікті іздестіруге кеттік. Бірақ Джек қайта айналып жоғарыдағы орынға барып, мені тартқылай бастады. Сөйтіп, құтқарушыларға қазуға белгі бердім. Биіктігі үш метр, жанына қарай бес-алты метр тереңдікке қазды. Ішінен тірі үш адамды алып шықты. Зер салып қарауға уақытым болмады. Туыстары келіп, алғыс айтқанын білемін. Жұмысыма келсек, қиранды ішін жалғыз өзім барлап шығамын. Жұмыс бастамас бұрын бәріне оқиға орнын босатуын сұраймын. Арқамда сөмкем, жанымда итім болады. Осылайша, үйінді орнының сызбасын жасаймын. Сыртымнан бір адам қарап отырып, нұсқаған жерді белгілейді. Қиранды ішіне ешкім кірмейді, қолыммен белгі беріп, сызып отыруын бақылаймын. Одан кейін құтқарушылар мен автотехника жұмысын бастайды. Олар бірден үйіндіні қаза салмайды. Жолда кездескен темірді, бетон қалдығын тазартады. Керек болса, кеседі. Сөйтіп, өздері жүре алатындай етіп қазып, үйіндінің астында қалмас үшін домкратпен бекітеді. Дауыс еститін құрылғы, апаттық-құтқару, пневматикалық құрылғы, болгарка, темір кесетін құрылғы, 22-27 тонна көтеретін домкраттар бар. Дауыс еститін құрылғының құлаққабы бар. Былай айтқанда, құтқарушының стетоскобы іспетті. Тықырлағанды, сықырлағанды естиді. Мысалы, кинолог бір жерді нұсқаса, алдымен дыбыс еститін құралмен тағы да көз жеткіземіз. – Құтқарушы-кинолог ретінде қызмет еткеніңізге неше жыл болды? – Негізі, құтқарушы-кинолог ретінде жұмыс істе­геніме 14 жыл болды. Тарқатып айтсам, әскерде шека­рада қызмет еттім. Сонда сарбаз-кинолог ретінде бір жыл жұмыс істедім. Арада үзіліс болып, кинологиядағы білімімді қайта шыңдап, түрлі курстан өттім. Сөйтіп, 2010 жылы төтенше жағдайлар қызметіне жұмысқа тұр­дым. Итімді күшік кезінен кинологияға бейімдедім. Алғашқы аттестациядан ойдағыдай өтіп кеттік. Аттес­тацияға келсек, кинологтар жыл сайын кезекті тексеру­ден өтеді. Еліміздің түрлі қаласынан кинологтардан құралған комиссия келеді. Одан бө­лек, түкпір-түкпірден кинолог­тар аттестациядан өтуге келеді. Іссапар мен жол шығынын қызмет орны түгелдей көтеріп алады. Мысалы, биыл Алма­тыда өтсе, келер жылы басқа қаланы таңдап аламыз. Мұны өз арамызда талқылап, дауыс береміз. Аттестация үш кезең­нен тұрады. Бірінші кезеңде иттің ебі мен иесін тың­дауы, мойынсынуы тек­серіледі. Мысалы, құры­лыс тақтасына шы­ғарып, тепе-тең­дік ұстай алатыны, әткеншек арқылы орындалатын жаттығуда ептілік танытып, иесін қаншалықты тыңдай алатыны сынға түседі. Жалпы, бұл кезеңде берілетін 50 ұпайдың 30-ын жинасаң, келесі кезеңге жолдама аласың. Екінші кезең табиғат аясында өтеді. Комиссия мүшелері ертемен орын таңдап, сол жерде сынақ әзірлейді. Әрқайсысына 100-150 метр жол беріледі, жолдың екі жиегі жыңғыл. Ит 20 минут ішінде комиссия жасырып қойған үш адамды іздеп, табуы керек. Егер үш адамның екеуін тапса, келесі кезеңге өтеді. Ал үшінші кезең – техногенді деңгей. Яғни, қиранды не қала шетіндегі иесіз ғимарат ішінде іздестіру жұмысы жүргізіледі. Мұнда да қиранды арасына адамдарды жасырып, 20 минут уақыт береді. Айта кетерлігі, үш адамды жасырса, төртіншісіне киім жасырады. Осы уақыт ішінде екі адамды тапсаң, өткенің. Қиранды айналасын толық қоршап, үйінді арасына тек итті кіргізетіні тағы бар. Егер аталған кезеңнен өте алмай қалса, ит іздестіру жұмысына қатыстырылмайды. – Кез келген иттің құтқарушы бола алмайтынын білеміз. Осы орайда итіңізді қалай бейімдедіңіз? – Итімнің есімі – Джейкоб Виртуоз. Негізі, Джек деп қойғанмын. Әріптесімнің танысының иті күшіктеп, «ішінен таңдап ал» деді. Сегіз күшіктің арасынан Джекті таңдап алдым. Сонда кішігірім зерттеу жүргізіп, екі-үш сағат жұмсағаным бар. Күшіктің ұмтылысына, қорқақ не батыл екеніне мән бересің. Мәселен, тамақ беремін, шөптің үстіне жеп, шашып, қалай иіскеп-іздейтінін бақылаймын. Психологиядағы төрт тип бойынша жіктеп, қараймын. Мысалы, 30 минут бақылаған соң үш күшікті қатардан шығарып тастадым. Артынша санын екеуге қысқарттым. Бес күшіктің арасында сынақ жүргізгенде екеуі суырылып алға шықты. Сонымен, екі күшікке ұзақ қарап отырып, таңдауым Джекке түсті. Сонда ол үш айлық күшік еді. Тұқымы – Бельгия овчаркасы. Бұл тұқымдағы кейбір иттер секірмейді. Бірақ Джекті күшік кезінен секіріп үйреттім. Тіпті, жерден танктің биіктігіне дейін секіретін дәрежеге жетті. Іледегі полигонда істен шыққан тікұшақ, пойыз арасымен, құрылыс тақтасы үстімен жүргізіп, әбден шыңдадым. Өзіммен бірге жүгіреді, жаттығуға қатысады. Ыстық, суыққа қарамай қасымда жүреді. Кемшілігі – бір рет психикасына кері әсер етсеңіз, қайта қалпына келтіру қиын. Мысалы, үрейленсе, есінде қалып қалады. Таудағы жаттығу барысында найзағайдан қорқатынын байқадым. Найзағай жарқ ете қалса, екі құлағын қысады. Дегенмен желден, тағы басқасынан қорқатын иттер болады. Бастысы, қорқынышын жеңуге көмектесіп, шыңдау керек. Кез келген итті бейімдеп, бағыт бере аласыз. Джектің алдында Веста есімді итім болды. Босерон тұқымы, Санкт-Петербордан арнайы ұшақпен алдыртқанмын. Аттестациядан бірде-бір рет мүлт кеткен емес. 9 жастан 10 жасқа қараған шағында жүрегіне күш түсіп, қартайып өлді. Қазір Джек жеті жаста, яғни ары кетсе, 2-3 жыл өмірі қалды. Сондықтан орнын басар күшік іздеп жүрмін. Ерік Берікұлы – Құтқарушы иттерге де зілзала әсер еткенін байқадық. Мексикалық бір ит өліп қалыпты. Сонда құтқарушы иттер де жағдайды сезіне ме? – Иә, мұндайды байқадым. Мысалы, біз оқу-жаттығу жиынында тірі адамды іздейміз. Түркияға барғанда кинологтардың тосылып қалғаны бар. Мәселен, кейде таудан альпинистердің мәйітін алып түскеніміз болмаса, Джектің тәжірибесі жоқ. Өзінше мәйіт іздеп, тауып көрген емес. Газиантепте бірінші күннен бастап іске кірістік. Жер әлсін-әлсін сілкініп тұрды. Жұмысты уақытша тоқтатып, қайта жандан­дырып отырдық. Джектің тәжірибесі жоқ болғаннан оған мәйітті де тануы керегін түсіндірдім. Сөйтіп, ол алғашқы күннен-ақ мәйіт таба бастады. Еңбегін бағалап, мақтадым, сәл-пәл еркелеттім. Осылайша, ол мәйіт іздеуге тез-ақ бейімделді. Одан сайын құлшынды. Бірақ артық мақтаудың да зияны тиеді, есіріп кетеді. Аралықты ұстаған дұрыс. Иттің жағдайды сезетіні тағы бар. Бірде Джекпен зілзала орнын іздеп жатырмыз. Нәтиже жоқ. Ерсілі-қарсылы жүр. Содан дауыс көтеріп, бұйрық бердім. Ол маған жауап ретінде қыңсылап кетті. Өзіме «іздеп жатырмын, мен де жағдайды түсініп тұрмын» дегеніндей әсер етті. Жаным ашып кетті. Үндемедім. Біршама уақыттан соң жерді айналып жүріп, қаза бастады. Қатты қазғаны соншалық, тыныштандыруға тура келді. Артынша құтқарушылар келіп, сол жерден мәйіт қазып алды. Сол сәтте итіме қарасам, көзінен жас ағып тұр. Таңғалғаныммен, өзімді тез жинап алып, Джектің көңілін көтеруге тырыстым. Серуенге шығарып, мақтау айтып, шұжық бердім. Өйткені мұңайып тұрған итті одан әрі басуға болмайды. Бұл іздестіру-құтқару жұмысына да кері әсерін тигізеді. – Қазақстаннан барлығы қанша құтқарушы ит барды? Олардың күтіміне тоқталсаңыз. Тамақтану мен күтіп-баптау жағында қандай да бір ерекшелік бар ма? – Елімізден бельгиялық малинуа овчаркалары Джейкоб, Лига М Сириус және Аксель, лабрадор Чарли Кинг, Гринпис есімді бордер колли, неміс овчаркасы Мирта кинолог-нұсқаушылармен және құтқарушылар отрядтарымен бірге бірнеше күн бойы қираған нысандарда жұмыс істеді. Кинологияның өзі ит және ғылым дегенді білдіреді. Мұнда иттің анатомиясы, физиологиясы, психологиясы мен күтімі кіреді. Иттің 20 минут жұмыс істегені адамның үш сағат жұмысына тең. Сол үшін 20 минуттан жұмыс істеген соң 15-20 минут демалады. Тамақтану бойынша, жазда ыстық болғаннан екі уақыт, қыста қатты суық болса үш уақыт тамақтанады. Су ішеді, жатар орны таза болғаны жөн. Қыста астына сабан төсейміз. Түркияда арнайы торда жатты. Мысалы, тамақта­нып отырғанда қолымда сүйек болса, тұзы аз бол­са, итіме беріп, ерке­летемін. Зооаптекаға барып, витамині мен сүйегін аламын. Норма бойынша, итке тәулігіне 13 грамм тұз, 400 грамм ет, 500-600 грамм көкөніс пен 200 грамм балық етін беруге болады. Мәселен, адам мен иттің ағзасы ұқсас. Адамға егетін кей дәріні итке де егеміз. Олар да тұмау­ратады, не ауру жұқты­рады. Қызуы көтеріледі. Қыста қар жеп, жүгіріп-секіріп жүріп ауырып қалады, жөтеледі. Жазда табиғат аясындағы жаттығу жиынына міндетті түрде Джекті ертіп аламын. Сонда шөп шайнап, қалағанын жейді. Бірақ тау-тасты жер болған соң кене жабысып, жылан шағып алуы мүмкін. Жағдайға байланысты системасын салып, дәрі-дәрмегін береміз. Қысқасын айтқанда, балаға қалай көңіл бөлсек, итке де солай қараймыз. –Түркияға жан-жақтан құтқаршу-кинологтар жиналды. Осы аралықта тәжірибе алмасып, сөйлесіп көрдіңіздер ме? – Бастапқыда Қазақстан мен Түркия құтқарушылары бірігіп жұмыс істедік. Оларда кинолог болған жоқ. Кейіннен арабтар келді. Кинологтарының жұмыс істеу тәсілі басқаша екен. Мәселен, қиранды орнын барлау кезінде Джектің шылбырын шешіп, еркін жіберемін. Себебі сонда жатқан темірге не басқасына сүрініп, жарақаттанып қалуы мүмкін. Ал араб кинологі итін жетектеп алып, тінту жүргізді. Әркімнің тәсілі әртүрлі екенін көз көрді. Расын айтқанда, алғашқы жұмыс күнінде түрік құтқарушылары бізге сеніңкіремеді. Әрине, бұл жағдайда біреуге сенім арту қиын. Джек екеуміз қирандыға кіріп, іздестіріп, артынша ол жерді қазып, бір әйелдің денесін шашынан тартып шығарды. Осыдан кейін түріктер кәсібилігімізге күмәнмен қарауын қойды. Джек демалып отырса да, жанына келіп, «жүр, іздестіреміз» дегендей емеурін танытатынды шығарды. Оларға иттің демалып, тынығуы керегін айттым. Джек демалып отырғанда, өзім жұмыс істеймін. Өйткені жай ғана кинолог емес, құтқарушы-кинологпін. Бізге еліміздегі оқу-жаттығу жиынында үйренген тактикамыз көп көмектесті. Семинар, аттестация, кинологтармен бірге өткізетін тренингтен білгеніміз кәдеге жарады. Мысалы, әр бейсенбі сайын сегіз сағат уақыт бөлеміз. Қала сыртына шығып, қараусыз қалған үйлерге барып, адам жасырып, іздеп жаттығамыз. Кеткен қателікті ескеріп, түзетеміз. Сол сияқты Түркиядағы жағдайды жанымызбен түсіндік. Алғаш рет зілзалада жүріп қызмет етсек те, барымызды салдық. Иіс шығып кетсе де, мәйітті бұзып алмайық деп сақ қимылдадық. Кім болса да туысқанының денесін бұзбай, жер қойнына тапсыруды қалайды. Өзгелер сияқты техниканы жіберіп, қопаруға болатын еді. Бірақ біз командирлер, құтқарушылар, бәріміз тізе қосып, кеңесіп, шешім қабылдадық. Тактика құрып, ауызбіршілік көрсеттік. Жұмыстың бірінші күні бастық көбейіп кететіні тағы бар. Сонда бізден кәсібилік пен табандылық көргесін, екінші күні түрік командирлері қоластындағыларға қазақтарды тыңдауға бұйырды. Осылайша, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығардық. Берілген аймақта техникалық қауіпсіздік барынша сақталып, ешкім ауыр жарақат алған жоқ. – Құтқару барысынша кеткен кемшіліктерді де ескерген боларсыздар? Қай тұста шыңдалу керек екен? – Иә, бұл жағын да ойластырдым. Бірақ мұның итке қатысы жоқ. Мәселен, осындай кезде роботтың көмегі керек сияқты. Төбесінде камерасы бар, кішкентай икемді робот болса. Қиранды арасына оңай кіріп, сол жерді суретке түсірсе деймін. Өйткені үйіндінің арасына кіру құтқарушы үшін қауіпті. Кез келген сәтте қиранды арасында қалуың мүмкін. Ал мұндайда адам өмірін бәйгеге тікпей, робот-барлаушы іске кіріскені жақсы. Құлап қалған күнде де, аунап тұрып кететіндей икемі болса игі. Робот түсірген сурет пен видеоны құтқарушылар қарап, қай жерде не бар екенін оңай білетін еді. Дамыған заманда керек құрал деп ойлаймын. Мысалы, автомат басқаратын әскери ұшақ, дрон бар. Бұл жұмысты барынша жеңілдетеді. Түркиядағы зілзаладан кейін ғалымдар инновациялық жаңалық ойлап табатын болар. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ