– Бір кездері «Бауыржан шоу» арқылы көрерменнің жүрегіне жол тапқан Нұрбек Мадиевті іздеушілер көп. Қазір қайда жүрсіз? – Көрермендердің мені жоғалтып алғанын жиі естіп жүрмін. Көрермені іздейтін актер болудың өзі бір бақыт. Сондықтан мені іздейтін көрермен қауымға мың алғыс айтқым келеді. Тіпті, араларында «Нұрбек мансабын жалғастыру үшін Ресейге кетіп қалыпты» деп ойлап жүргендері де бар екен. Бірақ мен ешқайда кеткен жоқпын. «Бауыржан – шоудан» жинаған мол тәжірибемді Атырау мәдениетін дамытуға жұмсап жатқан жайым бар. Қазіргі уақытта өзімнің туып-өскен өлкем Атыраудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония жанынан ашылған «Ара–Атырау» сатиралық театрында көркемдік жетекші болып қызмет етіп жүрмін. – Дегенмен қайнаған өнердің ортасынан қол үзіп, «Бауыржан – шоуды» тастап кетуіңізге не себеп болды? – «Бауыржан – шоу» мен үшін үлкен мектеп болды. Қазақ сатирасының шеберханасы десек те болады. Үлкен театрда жүріп, өнердің қасиетін ерекше түсіндім, шығармашыл орта жан дүниеме керек құндылықтарды бойыма сіңірді. Бірақ өнерден де үлкен дүние бар. Нұрбек Мадиев деген есімімді жасауыма бірден-бір себепкер болған ата-анам ғой. Сол кісілердің алдындағы перзенттік борышымды өтеу үшін туған жеріме оралдым. Ата-анама қызмет қылып, қартайған шағында жандарында болғым келді. Алматыдан бір күнде жиналып, қайтып кетуіме үлкен кісілердің сырқаттанып қалуы себеп болды. Оның үстіне, жасым да келді. Адам жасы ұлғайған сайын туған жерін көп аңсайды екен. – Шығармашылықтан алыстамағаныңызды білдік. Дегенмен театр ашу да оңай іс емес қой. Өзіңіз жетекшілік етіп отырған театр туралы айта отырсаңыз... – Атыраудың мәдени өмірінде алғаш рет сатиралық театрдың ашылуы ерекше оқиға болды. Өйткені «Ара–Атыраудың» ашылуы елдегі экономикалық қиындықтар кезеңімен тұспа-тұс келді. Бірақ «Ара – Атырау» өнердің өлмейтінінің бір дәлелі деп те ойлаймын. Себебі қандай жағдай болса да, халық өнерді іздеп, сағынып тұр. Еңбек жолым басталған «Бауыржан – шоу» театрын алайық. Бұл театр тәуелсіздіктің елең-алаңында ашылды. Талай адам ала дорбасын арқалап, жабайы базарларды кезіп кеткен сол қиын кезеңге қарамастан, «Бауыржан – шоу» кері кетпеді. Керісінше, керемет дамып, халықтың ықыласына бөленді. «Ара – Атырау» бүгінде еліміздегі ірі театрларымен иық тірестіре алатындай деңгейге жетті. Атыраудың талантты қыз-жігіттерінен құралған театр көптеген конкурс-фестивальда топ жарып жүр. Жаңа жылдың қарсаңында Қостанай қаласында «Мірдің оғы» атты ІІІ республикалық байқау-фестивалінен ІІІ орын алдық. Астана қаласында өткен «Бауыржан фест» конкурсында топ жардық. «Айтқыштар Ақтөбе» конкурсында гран при иелендік. Мұның барлығы өнерге деген құштарлықтан туындап жатқан жеңістер деп ойлаймын. – Театрдан басқа тағы қандай жобалармен айналысып жүрсіз? – Театрдан бөлек, өзімді кино саласында байқап жүрмін. Жуырда ғана үш киноға түстім. Оның екеуі телесериал, біреуі көркем фильм. «Бастық боламын», «Өсекшілер» атты сериалдарға түстім. «Бастық боламын» сериалында электриктің, «Өсекшілер» сериалында трактористтің рөлін сомдадым. Сонымен қатар «Операция Набат» көркем фильмінде генералды ойнап шықтым. Өмірден алынған оқиғаға негізделген фильм ерекше сюжетімен баурап алады. – Қазір бұрынғыдай емес, Қазақстанда кино да, киноны түсірушілер де көбейді. Әсіресе, aitube, youtube сияқты платформаларда веб-сериал түсіріп-ақ көрермен көзайымына айналғандар жетіп жатыр. Жалпы, қазақ киносының қазіргі даму деңгейі туралы не айтар едіңіз? – Мен кинорежиссер немесе кино сыншысы емеспін. Дегенмен киноға түсіп, бұл саланы іштен көрген маман ретінде қазіргі түсіріліп жатқан кинолар көңілімнен шығады. Өздеріңіз сияқты, менде отандық киноны көруге асығып тұрамын. Бірақ қазір бізге ұлттық бағыттағы фильмдер жетіспей жатыр. Сондықтан кезіндегі Шәкен Айманов студиясы түсірген патриоттық бағыттағы киноларды әлі күнге дейін қайталап көріп жүрмін. Жаһандану дәуірі деп алаулатқанымызбен, біз өзіміздің қазақ екенімізді, шыққан тегімізді ұмытпауымыз керек. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет, обал, сауап, ата-анаға құрмет, бала алдындағы жауапкершілік деген сияқты дүниелерді, қазақтың болмысын, ұлттық тәрбиесін насихаттайтын кинолар көбірек түсіріп, дәріптейтін болсақ, қазаққа тән ерекшелігімізді сақтап қалуға тамшыдай да болса үлес қоса аламыз деп ойлаймын. Әйтпесе, жеңіл-желпі, әзіл-қалжыңға, баянсыз махаббаттан құрылған кинолардан аса бір құндылық көріне бермейді. Атақты сатирик, жазушы Сейіт Кенжеахметұлының «Күлдіре білу – өнер, Күле білу – өмір, Күлкі болу – өлім» деген қанатты сөзі бар екен. Әлгінде айтылған арзан күлкіге құрылған дүниелерді көріп отырып, кейде ойланып қаламыз. Мұндай дүниелердің трендке айналып бара жатқаны да шындық. Бірақ бағамдай білген адамға сатира киелі өнер. Әзіл өмірді ұзартатын, көңілдің ажарын ашатын керемет терапия. Сондықтан біз айтар ойымыз, астарлы әзіліміз таусылмауы үшін еңбек ете береміз.
Атырау облысы