Қызылордалықтар жаңбыр жауса, лай батпақ, жел тұрса, шаңы аспанға көтерілетін жолдың азабын тартып отыр. Әсіресе, қаладағы Титов қыстағының тұрғындары көшеде жүріп-тұруы қиындық тудырып тұрғанын айтады. Қызылорда қаласының шет аумағына қоныс тепкен Титов шағын ауданының халқы жол сапасының сын көтермейтін халге жеткенін айтып, шаршаған. Жері лайлы, батпақты бұл аумақтың жолы жаңбыр жауса, аяқ алып жүргісіз күйге түседі. Жыл сайын қала аумағында жол салу, жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілгенімен, Титов халқының талабы белгісіз себептермен ескерусіз қалып келеді. Бүгінде тұрғылықты халық елеусіз қалған аумақтың мәселесін кімге айтарын білмей дал.
«Көп жылдан бері осы аумақта тұрамын. Енді жолымыздың сапасына қандай баға берерімізді білмейміз. Жаңбыр мен қар суынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жазғы уақытта жел тұрса, шаңы көтеріліп, мазамыз қашады. Бұл жерде тұрмыс кешу мүмкін болмай барады. Әсіресе, балаларымыздың сабаққа қатынауы қиындады. Бұл жайында құзырлы орындарға талай мәрте айттық. Бірақ еш нәтиже жоқ. Айнадай жолды түсімізде көріп жүрміз», – дейді жергілікті тұрғын Аслан Жұманов.Тұрғындардың сөзіне сенсек, бұл аумаққа осыдан 10 жылдай бұрын жұқалап, құмтас төселген. Ойдым-ойдым жерлер тегістеліп, жүйелі жұмыстар жүргізілген. Алайда басталған іс белгісіз себептермен аяқсыз қалған. Қазір жолға төселген құмтастар жерге сіңіп, жолдар баяғы таз қалпына қайта түсіпті. Қара жолдың қасіретін тартқан халық сол кезде басталған жұмыстардың қашан жалғасын табарын білмей, бас ауыртып жүр.
«Титов қыстағының шыны зауытына барар жолында 10 көше бар. Осы аумақтағы Титов 6 көшесінде көп жылдан бері тұрамын. Негізінен, біз тұрған аумақта нақты көше атауы жоқ. Сандар реттілігімен ғана аталады. Осы Титов 6 көшесінің жолдары бүгінде мүшкіл күйде. Балаларымыз лай жолды резеңке етікпен кешіп өтеді. Таза жолға шыққан соң, таза етігін киіп, резеңке етігін жол жиегіне қалдырып кетеді. Сабағынан қайтар мезгілде де аяқкиімін ауыстырып киіп, жүруге мәжбүр. Күнделікті мектебіне осылай қатынайды. Өйткені жол жауын жауғанда ми батпаққа айналады», – дейді Герман Титов 6 көшесінің тұрғыны Қайрат Орынбаев.Жол азабынан жүйкесі жұқарған тұрғындар шет аймақтың шетін мәселесі назардан тыс қалып тұрғанына наразы. Әу бастан әкімдік халыққа осы аумақтан үй салуға жер телімін бергенімен, не себепті жол, жарық мәселесін қаперге алмағанын түсіне алар емес. Тұрғындардың айтуынша, бертін келе салынған жаңа көшелерге жарықтандыру, жол салу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілген. Екі ортада аталмыш аумақтың жетімнің күйін кешіп тұрғаны жандарына батады.
«Осы аумақта жаңадан ашылған халыққа қызмет көрсету орталығының артына жаңа үйлер салынып, көше қалыптасқанына көп бола қойған жоқ. Бірақ сол көшеге асфальт төселіп, жарық жүргізіліп, барлық қажетті инфрақұрылым тартылды. Ал біздің көшеде қаншама жылдан бері бұл мәселе өзектілігін жоғалтпай тұр. Осы орайда айта кететін тағы бір жәйт, көшемізден 5 шақырымдай қашықтықта қаланың барлық шайынды суын төгетін орын бар. Осы сасық көлшіктен шыққан күлімсі иіс жаз мезгілінде ауаға тарап, қолқаны қабады. Еркін тыныстау мүмкін болмай қалады. Жергілікті әкімдік тарапынан бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып жатқаны айтылған. Алайда әзірге нәтиже жоқ», – деп мұңын шақты тағы бір тұрғын Есқали Омарғалиев.Осы мәселе төңірегінде Қызылорда қаласы әкімдігіне хабарласып, жай-жапсарын сұрап көрдік.
«Титов тұрғын ауданы бойынша 2023 жылы ұзындығы 1 100 метр болатын Титов 4, 5, 6 көшелерге қиыршық тас төсеу және ұзындығы 220 метр болатын Бірлік көшесіне асфальт төсеу жұмыстарын жоспарланған. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде мердігер мекемемен келісім шарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары наурыз-сәуір айларында басталады», – дейді Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев.Өткен жолы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов елімізде салынып жатқан жолдардың сапасын сынға алып, кемшіліктерді тез арада түзеу қажеттігін де баса айтқан болатын. Бұл өз кезегінде құзырлы орындар тарапынан халықтың ұсыныс-пікіріне құлақ түріп, жауапкершілік жүгін сезінетін сәт келгенін аңғартса керек.
Қызылорда облысы