Зейнеп Ахметова бүгінгі қазақ тойларындағы салт-дәстүрлерді сынап тастады
Зейнеп Ахметова бүгінгі қазақ тойларындағы салт-дәстүрлерді сынап тастады
1,748
оқылды
Танымал жазушы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова қазіргі қазақ тойларының салт-дәстүрлерін сынға алды. Жазушының айтуынша, қыз ұзату дәстүрінде қалыңдықтың артына гүл лақтыруы, әкесімен қоштасу вальсін билеуі қазақ салтында болмаған.
«Кейінгі кезде қалыңдық ортада тұрып, артына гүл лақтыратын әдет пайда болды. Сол тойда үлкен-кіші түгел жүреді, қыздардың әке-шешелері тұр. Байсырап бара жатқандай улап-шулап, соған таласып-тармасып, не көрінді сонша? Ұят нәрсе. Сол гүлді лақтырғанша, үкісін артындағы қыздарға үлестіріп бергені дұрыс. Енді ол келіншек болады, сәукеле киеді, бір жыл бойы соның желегін салады», – деді ол.
Сонымен бірге жазушы қазіргі дәстүрге айналған жаңа түскен келінді төрге отырғызу да қазақтың ұлттық дәстүріне қайшы екенін айтты.
«Баяғыда келін төрге отыру үшін еңбек сіңіру керек болған. Оларға бала туғаннан кейін ғана ата-енесі үлкен үйдің төріне шығуға рұқсат берген екен. Ал қазір  қарап тұрсаңыздар, төрге апарып қақайтып отырғызып, қарияларды етекке жайғастырып қояды. Жас жұбайлар төрге шығып отырғанша барлығы қарап тұруы керек. Осының өзі біздің ұлттық дәстүрімізге қайшы»,– дейді жазушы.
Желі қолданушылары жазушының сөзімен келісетіндерін жазған.
«Негізі сөзіңіздің жаны бар, бірақ қазіргі жастар бой бере ме?», «Білмеймін, осы салттың бәрі қайдан келгенін? Әйтеуір оған да үйрендік», «Той десе қу басымыз домалайды, бірақ әлгіндей ебедейсіз би, басқасын көргенде, үлкен басымызбен ұялып отырамыз, сондықтан шынымен қойдыру керек осының бәрін», – деп жазды олар.