Respublica партиясының штабы мен орталық аппаратының жетекшісі Олжас Құспеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Ресейде білім алып жатқан қазақстандық студенттер саны артып келе жатқаны туралы алаңдаушылығын білдірді.
«Қазақстан Ресейдегі студенттер саны бойынша жетекші елдердің көшін бастап тұр. Бүгінгі таңда Ресейдің жоғары оқу орындары мен олардың шетелдегі филиалдарында 61 мың қазақстандық білім алып жатыр. Бұл – Ресей Федерациясының Жоғары білім және ғылым министрлігінің ресми деректері. Ұлттық тұрғыдан алғанда, алаңдатарлық цифр. Өзге елде білім алып келіп, оқуын Ресейде жалғастыратындар да бар, өкінішті. Ресейлік жоғары білім бізді жетістікке жеткізбейді», – дейді кандидат.
Жастарымыздың білім іздеп теріскейді бетке алуының бір себебі – онда көптеген студенттеріміз тегін оқиды. Ал Қазақстанда өз жастарымызға одан да жақсырақ жағдай жасауға не кедергі?
Олжас Құспековтың пайымынша, бізде ол үшін барлық ресурс та, күш те бар.
«Мен бір нәрсені анық білемін, кадрларды дайындау жағынан ресейлік жоғары оқу орындарында ештеңе жоқ. Мәселен, олардың әлемді елең еткізген қандай да бір ғылыми жаңалықтарын немесе университеттеріндегі ғылыми орталықтардың ауыз толтырып айтарлық жетістіктерін естідіңіз бе немесе оқыдыңыз ба? Өз басым оларды халықаралық салада көрген де емеспін, білмеймін де», – дейді партия өкілі.
Білім – тиімді күштің, ойлау мен көзқарасты қалыптастырудың бірегей құралы. Егер біз студенттерімізді Батыс немесе Азия елдеріне жібереміз бе, онда дәл қазіргі таңда Еуропа, Америка, Аустралия, Корея университеттеріне баса назар аудару қажет. Сосын олар елге келіп қызмет етуі тиіс. Бұл міндетті болуы керек. Немесе өзімізде оқысын, өз елімізде білім алсын! Сонда ғана елін сүйетін, халқына қызмет ететін буынды сақтап қала аламыз. Бұл – Олжас Құспековтың пікірі.
«Бір қызығы, қазір сайлауға түсіп жатқан Қазақстан халық партиясының – бұрынғы коммунистердің көзқарасы басқаша. Мәселен, «Вести FM» радиосының «Соловьев» бағдарламасының тікелей эфирінде партия лидері Ермұхамет Ертісбаев ТМД Ресей үшін жеткілікті тиімді құрылым екенін айтты. Өйткені, мұндағы басты фактор – ТМД елдері бір-бірінің жоғары білім беру жүйесіндегі дипломдарын таниды. Ал ТМД елдері студенттерінің көпшілігі қайда оқып жүр? Әрине, Ресейде!» – деді кандидат.
Ол бұл ахуалдың өзін қатты алаңдататынын айтады. Оның ойынша, біз не отандық білімге, не қазірден бастап Айви лигасына назар аударуымыз керек.