Суррогат анаға сұраныс жоғары
Суррогат анаға сұраныс жоғары
© коллаж: Елдар Қаба
Осыдан бірнеше жыл бұрын «суррогат ана» деген ұғымға қоғам үрке қарайтын. Ал қазір интернетте «құрсағын «жалға» беретіндер» туралы хабарландыру көп. Құрсақ аналар еріккеннен бұл қадамға барып отырған жоқ. Жатырын жалға беретіндердің белгіленген бағасы бар. Жарнамасы жер жаратындардың дені – 18-27 жас ара­лығындағы қыз-келіншектер. Сонда құрсақ ана болу қажеттілік пе, әлде кәсіп көзіне айналды ма? Құрсақ аналар шетел асуда Баласыз отбасына бала туып беруге әзірміз деп интернетке ха­­бар­ландыру бергендердің басым бөлігі – қазақ қыздары. Олар қыз­меттерін 3 миллионнан 10 миллион­ға дейін бағалапты. Бірнешеуіне хабарласып та көр­дік. Айтуларынша, бұл қадамға еріккеннен бармайды. Біреуі бере­шегімді өтеу үшін сурро­гат ана бола­мын десе, екін­шісі үй алуды мақсат етіпті. Лаура есімді келін­шектің пі­кі­рін­ше, шетелде суррогат ана­лар­дың қызметі қым­бат бағаланады. Сон­дық­тан шетелге барып, осы қызмет тү­рін көрсететін қазақ­стандық­тар көп екен.
– Қазақстанда суррогат анаға 2-3 мил­лион теңге ғана береді. Ал шетелдіктер одан көп төлейді. Әрі келісімшартқа отырғаннан кейін тоғыз ай бойы сол тапсырыс берушінің елінде болады. Әсіресе, Мәскеуден сұраныс көп. Маған да Мәскеуден ұсыныс түскен, 12 мың долларға. Мен келіспедім, алдап ке­теді деп қорықтым. Кейін интернеттен қа­ра­сам, шетелде суррогат ананың құқығы жақ­сы қорғалады екен. Босанғаннан кейін ба­ланы бермей қоюыңа да мүмкіндік бар. Ал Қазақстанда олай жасай алмайсың. Се­бебі қолыңда келісімшарт тұр. Баланы бер­ме­сең, сотталып кетесің. Өзге біреуге жария ет­сең, 200 мың теңге айыппұл төлетеді, не бол­маса 30 күнге отырғызады, – дейді ол.
Елімізде әрбір алтыншы отбасы бір пер­зентке зар болып отыр. 14 мыңнан аса ерлі-зайып­тының табиғи жолмен балалы болуға мүм­кіндігі жоқ. Эмбриолог ғалым Салтанат Бай­қошқарованың пікірінше, суррогат ана­ның қызметіне ешкім еріккеннен жүгін­бейді.
– Негізі, суррогат ана қызметіне көбіне ана­лық жатыры операция кезінде алынған не болмаса бала туу өміріне қауіпті болған әйел­дер жүгінеді. Бұл бір еріккеннің ермегі емес. Расында да, медициналық себептермен өз­дері бала көтере алмайтын жағдайларда от­басылар амалдың жоғынан суррогат ана қыз­метіне жүгінеді. Бұл жерде екі жол бар. Бірін­шісі, бала көтере алмай отырған отба­сы­ның өз жақын туысқаны суррогат ана қыз­метін ақысыз атқарып беруі. Екіншісі, ар­­­найы түрде ақылы негізде бөтен әйелмен өзара келісімшартқа отыру арқылы суррогат ана қызметіне жүгіну. Бұл ретте ақы төлеу мә­селесі тапсырыс беруші мен суррогат ана­­ның арасындағы келісімшартқа бай­ла­ныс­ты жүргізіледі. Сыйақы мәселесін өздері айқындайды, – дейді дәрігер.
Иә, біздің елімізде суррогат ана болуға заң­мен тыйым салынбаған. «Неке және от­басы туралы» заңда суррогат ананың қандай ұ­ғым екені, оған қойылатын талаптар мен шарт­тар жан-жақты көрсетілген. Бұл заң­ның «Суррогат ана болу және қосалқы реп­ро­дук­тивтік әдістер мен технологияларды қол­­дану» деп аталатын және алты баптан тұ­ра­тын 9-тарауында тараптардың құқық­тары мен міндеттері толық қамтылған. Онда сур­рогат ананың жасы мен денсаулығы көр­­­­сетілген. «Құрсақ» ана мен тапсырыс беру­ші осы заңнама негізінде келісімшарт жа­сайды.
– Біріншіден, суррогат ана 20-35 жас ара­лығында болуы керек. Екінші, арнайы ме­дициналық ұйымның қорытындысы ке­рек. Ол жерде суррогат ананың денсаулығы, пси­хикалық және репродуктивті ден­сау­лығы сай екенінің қорытындысы көрсетілуі қа­жет. Үшіншіден, суррогат ананың бұған де­йін туған дені сау бір баласы болуы керек, – дейді заңгер Олжас Лекеров.
Эко орталықтардың ақша табу құралына айналған Заң өзі рұқсат беріп тұрған соң құрсақ ана­лардың да саны артқан. Осы уақытқа дейін суррогат ананың құрсағынан 20 мың­нан астам бала дүниеге келіпті. Бірақ құрсақ ана­ның қызметі дін өкілдері мен кейбір ға­лымдардың арасында әлі де дау туғызып келеді. Мамандар балаға құрсақ анасынан ге­нетикалық ақаулардың берілу мүмкіндігін жоқ­қа шығармайды. Сонымен бірге бала­ның психологиялық бейімделуі де мәселе ре­тінде қарастырылады. Егер ол өзін ана­сы­ның емес, басқа әйелдің дүниеге әкелге­нін білсе, бұл оны толғандыруы, психика­сы­на кері әсер етуі мүмкін деп есептейді ма­мандар. Оған қоса, кейбір аналардың то­ғыз ай көтерген «баласын» туғаннан кейін оны биологиялық әке-шешелеріне бергісі келмей қалу оқиғалары да кездескен.
– Мен дәрігер ретінде суррогат ана қыз­ме­тіне қарсымын. Сол үшін эко орталықтан жұ­мыстан шықтым. Себебі сурогат ананы эко орталықтар ақша табу үшін тенденцияға айналдырып жіберді. Балалы болуды ар­ман­даған отбасы қолдарынан келген барлық мүм­­­кіндікті пайдаланады. Эко орталықтар осы­ндай отбасыларға суррогат ана арқылы ба­ла сыйлап, ақша тауып отыр,– дейді аста­на­лық дәрігер Үміт Өтегенова.
Шариғат та құрсақ аналардың қызметін құп көрмейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына келіп түскен көптеген сұ­рақ пен өтінішке байланысты ғұламалар кеңе­сі құрсақ ана болудың шариғи үкімін берді. Онда ислам діні тек бір жағдайда қол­дан ұрықтандыруға рұқсат етеді делінген. Ерлі-зайыптылардың ұрығы табиғи түрде ұрық­тана алмаған жағдайда (тек ерлі-зайып­­тылардікі ғана, басқанікі емес). Бұл жер­де басқа әйел, не ер адамның ұрығын пай­­далануға болмайды. Рұқсат еткен осы жол­­дың өзінде бірнеше шарт бар. Исламда әурет жерін көрсетуге тыйым салынғандық­тан, әйелдің жұмыртқасын алу немесе ұрық­танған зиготаны әйел жатырына қайта салу іс­терін мүмкіндігінше сенімді мұсыл­ман әйел дәрігер, ол болмаған жағдайда кез кел­ген әйел дәрігер атқарады. Бірақ оның жа­нын­­да жақын туыстары міндетті түрде болу­ға тиіс. Одан кейін ұрықтардың ауысып кет­­пеуіне нақты көз жеткізуі керек. Қолдан ұрық­­тандыру күйеуінің көзі тірісінде ғана жа­­салады, егер қайтыс болса, рұқсат етіл­мей­­ді. Шариғат үкімі бойынша осылай. Ал қал­­ған бөтен ердің ұрығы немесе бөтен әйел­ге ұрық салудың барлығы шариғатқа қай­шы әрекеттер болып саналады.
– Ал қолдан ұрықтандырудың қалған бар­лық түрі шариғат бойынша харам. Бұл жолдардың кез келгені зинаның бір түріне жа­тады. Өйткені бұл тәсілдерде сперма мен жұ­мыртқа бірдей ерлі-зайыптыға тиесілі емес яки тиесілі болған күннің өзінде жатыр оларға еш қатысы жоқ бөтен біреудікі. Мұн­дай жолдар ата-тектің шатасуына, көптеген келеңсіз жайттың етек алуына әкеп соғары сөзсіз, – делінген басқарманың хабарлама­сында.
Әлем қалай қарайды? Әлемде суррогат аналыққа қатысты көз­қа­рас та біркелкі емес. Мәселен, Франция, Германия, Аустрия, Норвегия, Швеция, АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай «жал­ған ата-аналыққа» тыйым салынған. Аустралия, Ұлыбритания, Дания, Испания, Ка­нада, Нидерланд секілді елдерде суррогат ана­лықты табыс көзіне айналдыруға рұқсат бер­мейді. Беларусьте суррогат ананың қыз­ме­тін медициналық көрсеткіштер бойынша ба­ла көтеруге физиологиялық мүмкіндігі жоқ әйелдер ғана пайдаланады. Ал Қазақ­стан, Ресей, Украина, Грузия, Оңтүстік Аф­ри­ка Республикасы, АҚШ-тың көптеген шта­тында суррогат ана болу, оның ішінде сол арқылы пайда көру заңмен реттелген. Жал­пы, суррогат ана технологиясының 20 жыл­дан астам тарихы бар. Танымал адамдар да осы әдістің арқасында балалы болған. Осыған дейін Португалия құрамасының та­ны­­мал футболисі Криштиану Роналду сур­рогат ана­ның арқасында егіздің әкесі атанды. «Жұл­дызды соғыс» киносын түсірген ре­жис­сер Джордж Лукас пен әйелі Мелоди Хоб­сон, актриса Элизабет Бэнкс пен күйеуі Макс Хандельман осы әдіс арқылы 2011 жылы ұлды болды. Сондай-ақ 2009 жылы Сара Джессика Паркер мен оның жолдасы Мэттью Бродерик­ке суррогат ана егіз қыз сый­лаған болатын. Алла Пугачева мен Мак­сим Галкин де сур­рогат ананың көмегіне жү­гінген. Ендеше суррогат анаға деген сұраныстың ар­та берері сөзсіз. Дегенмен Батыс елдерінде «Ке­дей елде суррогат аналар көп болады» де­ген түсінік бар. Біздің елімізде де жағдайы­ның жоғынан жатырын «жалға» беретіндер са­ны артып келеді.