Жуырда дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония залында 5 сағат 29 минут бойы үзіліссіз 102 ән орындады.
Қайрат Қабышев, әнші: Дәстүрлі ән лайықты бағалануы үшін тыңдарман қалыптасуы керек
124
оқылды

Әнші осы жетістігі арқылы Global Best Of Records ғаламдық рекордтар ұйымының тізіміне енді. Осы орайда біз дәстүрлі әншімен сұхбаттасқан едік. 

– Қайрат аға, филармония залында көрермен алдында бірнеше сағат бойы тоқтаусыз ән айту туралы идея қайдан пайда болды?

– Бұл ой аяқастынан туған жоқ. Оның тарихы әріде жатыр. 2014 жылы туған жеріме, сол кездегі Шығыс Қа­зақстан облысының Абай ауданына көшіп келдім. Аудан әкімінің шақыр­уымен елге оралып, жаңа үйге орна­лас­тық. Туған жерге келгеніме қуан­дым ба, әлде ел мен жерді сағындым ба, сол кезеңде әнге деген ерекше бір құштар­лық пайда болды. Сол Абай ауданында  «Қаламқас» халық ән би ансамблінде әншілік қызмет атқарып жүргенде таңғы тоғыздан түске дейін ән айтып, түсте үйге келіп тамақтанып аламын да, кешке дейін қайтадан ән саламын. Әріптестерім «Қайрат, тама­ғыңа зиян емес пе?» – деп сұрай­тын. Кейде «Сен­ің айтатын әндеріңді біз де жаттап ал­дық», – деп қалжың­дайтын.

2016 жылы күзде Көкшетауда Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ шығармашылығына арналған үлкен фестиваль өтті. Оны Науан хазірет атын­дағы мешіттің азаматтары ұйым­дас­тырды. Шараның негізгі мақсаты  діни теріс ағымдарға қарсы ұлттық өнер мен руханиятты насихаттау еді. Фес­тиваль күзде өтті. Іс-шара өткен соң ұйымдастырушылар желтоқсан айына ауылдарды аралап концерт беру үшін арнайы шақырды. Содан қыс мезгілінде ауылдарды аралап, халыққа концерт қойдық. Қасымда бірнеше имамдар халыққа туған жердің, ата-ананың қа­дірі туралы жақсы уағыздар айтып, ара­сында мен ән-термелермен жалғас­тырып отырдым. Біз кешке концерт береміз, одан кейін ауыл азаматтары  қонаққа шақырады. Ән тағы жалғасады. Сондай сапарлардың бірінде бір ауыл­дың азаматы «Қайрат аға сағат алтыда келіп ән бастап еді, қазір түнгі төрт болды, әлі демалған жоқ», – деп таңғал­ды. Осылайша таңды атырып ән айтып жүргенде тағы бір жігіт: «Аға, сіз қазақтың әнін таң атқанша айтып жүрсіз. Неге осы­ны рекорд ретінде жасап көрмейсіз?» – деді. Рекорд туралы алғашқы ой сол кезде пайда болды. 2017 жылы  Астанада ЭКСПО көрмесі өтетін тұста таңды атыр­ып ән айтып, рекорд жасасақ деген жос­пар болған. Бірақ оның талаптарын біле­тін, ұйымдастыратын адам табылмады. Елу жасқа толғанымда да осы мәселені қайта көтердік. Тағы да жүзеге аспай қалды.

Осыдан бес жыл бұрын 2021 жылы Семей қаласына көшіп келіп жұбайым Ақмарал екеуіміз Шәкәрім универ­си­тетіне оқытушы болып орналастық. 2024 жылы университеттің 90 жылдығына орай үлкен іс-шара ұйымдастыру қажет­тігі туындады. Факультет басшылары менің бұрыннан рекорд жасау туралы айтып жүргенімді білетін. «Осы мерей­тойда рекорд жасап көрейік», – деді. Ал­дымен халықаралық рекорд ұйым­да­рын іздестірдік. Бір ұйым тоғыз миллион теңгеге жуық қаржы сұра­ды. Университет үшін ол қомақты қаражат еді. Сондықтан алдымен сынақ ретінде концерт бердім. Әндердің тізімін лед экран­ға қойып, халықтың сұраған ән­дерінен 2 сағат 15 минутта 25 ән орында­дым. Телевизия түсірілім жасады. Бірақ рекордты ресми тіркеу мәселесі тағы шешілмей қалды.

2025 жылдың қараша айында Құр­ман­ғазы атындағы консерваторияның ұлттық аспаптар факультетінің 80 жыл­дық мерей­тойына шақырылдым. Ұстаз­ым Жәнібек Кәрменовтің ән айту мәнері бойынша ше­берлік сағатын өткіздім. Сол сапарда фольклортанушы, өнер зерттеу­шісі Берік Жүсіпов: «Қайрат бауырым, баяғы баста­ған ісің не болды? Аяқсыз қалып қойды ғой», – деп сұрады. Мен жағдайды түсін­діріп айтып бердім. Бір айта кететін нәрсе, оның алдында бізде факультет деканы болған Мұхтар Ты­ныш­тықбекұлы осы іс­тің соңына түскен болатын. Өзі еңбек­қор, бастаған шаруа­сын аяқсыз қалдыр­майтын азамат. Сол жүгіріп жүріп Global Best Of Records ұйым­ын тапты. Оның құрамына 109 мемлекеттің өкілдері кіре­тіні айтылды. Талаптарын қарап, құжат­тарымызды сол ұйымға ұсындық. Біз үшін ұйымның атағынан бұрын, қазақтың дәс­түрлі ән өнеріне қатысты нақты бір жетістіктің ресми түрде тіркелуі маңызды болды.

Рекордқа тіркейтін күні, яғни кон­церт­­ке халықаралық Global Best of Records (GBR) ұйымының Азия және Аф­рика дивизионы бойынша рекорд­тарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдай­берген, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, филология ғылымда­ры­ның кандидаты, өнертану доценті, фольк­лортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Жүсіпов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атын­дағы кон­сер­ваторияның профес­соры Еркін Шүкі­манов және Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедра­сы­ның профес­соры Нұржан Жанпейісов сынды елге белгілі өнер адам­дары арнайы сарапшы болып қатысты. Өйткені рекордтың тір­келуі үшін кәсіби мамандардың сарап­та­масы міндетті екен. Ұйымның талабы бойын­ша әр жиырма бес әннен кейін он бес минут демалуға мүмкіндік берілген. Бірақ мен үзіліс жасамадым. Бір жағынан, халық тарап кетіп қала ма деген күдік болды. Екіншіден, залдағы көрерменнің ықы­ласы ерекше еді. Жұрт жақсы тыңдап отырғанда мен неге сахнадан түсіп, тамақ­танып немесе демалып келуім керек деп ойладым. Сөйтіп, тоқтамастан ән айта бердім.

– Сіз бір кеште дәстүрлі әннің бес мек­тебін қамтыдыңыз. Біржан салдың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Әсеттің әндерін орындау бір дәуірден екінші дәуірге, бір мектептен екінші мектепке ауысумен тең. Осындай рухани және орындаушылық ауысу­ларды өзіңіз қалай сезіндіңіз? Әр мектептің мәнеріне көшу қаншалықты қиын болды?

– Қазақтың дәстүрлі өнерін бес ән­шілік мектепке бөліп қарастырып жүрміз. Бірақ бұл жіктеу белгілі бір деңгейде шартты нәрсе. Менің жұбайым Ақмарал да дәстүрлі әнші. Ақтөбенің А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінде ұла­ғат­ты ұстаз Света Мырзабаевадан білім алған. Кейін Астана қаласындағы «Қазақ ұлт­тық музыка академиясында» белгілі жыршы-термеші Эльмира Жаңабер­генованың шәкірті болды. Сондықтан біздің шаңырақта Арқа әні, Батыс әні деп бөліну жоқ. Екеуі де қазақтың әні.

Арқа, Жетісу және Алтай-Тарбағатай әндерінің бір-біріне жақын тұстары бар. Ал Сыр елінің көмекеймен айтатын жыр­шылық дәстүрін сол өңірде туып өскен тегінде бар жыршылар ғана орындаған. Ал мен осы кеште Сыр елінің халық әндерін ғана орындадым. Негізінде қазақ әнінде Арқа мектебі мен Батыстың Мұхит мек­тебі айқын ерекшеленеді. 2017 жылы Атырау қаласында «Ән-дария дүл­дүлдері» атты республикалық байқау өтті. Мен сол байқаудың алғашқысына қатыс­тым. Оның негізгі талабы – бес мектептің әндерін бірдей орындау. Яғни әнші бір ғана өңірдің мұрасымен шектел­мей, қазақтың тұтас ән өнерін игеруге тиіс болатын. Сол байқауда лауреат атан­дым. Сондықтан бес мектептің әндерін бір кеште айту маған соншалықты ауыр бол­ған жоқ. Әндердің көбісі бұрын­нан орын­дап жүрген шығармаларым. Егер концерт­ке аз уақыт қалғанда аяқ астынан үйренген әндер болса, қиынға соғар еді. Ал жылдар бойы айтып жүрген дүниелер болғандық­тан, мектептен мектепке ауысу маған қиындық тудыр­мады.

– Бес сағат жиырма тоғыз минут бойы тоқ­таусыз ән айту, оның үстіне әр шығар­ма­ны өз нақышымен орындау – үлкен жетістік. Қазақ­тың дәстүрлі ән тарихында осыған ұқсас оқиғалар болды ма?

– Менің үзіліссіз айтқаным рекорд­тың ерекшелігін арттырды. Оған сарап­шылар да, тыңдармандар да таңғалды. Өйткені концерттің ішінде дауыстың зор қуатын, кең тынысты қажет ететін асқақ әндер көп болды. Әсіресе Арқа әндері әншіден үлкен дайындықты талап етеді. Дегенмен бұ­рынғы әншілердің табиғи мүмкіндігі біз­ден әлдеқайда мықты болған деп ой­лай­мын. Егер олардың заманында рекорд деген ұғым болғанда, талай әнші мұндай нәтижеден де асып түсер еді.

Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құр­ман­ғалиев, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов сияқты алыптар таңды таңға ұрып ән айтқан. Жәнібек Кәрменов секіл­ді кейінгі ұстаздарымыздың да ұзақ уақыт шаршамай ән салғанын білеміз. Олар рекорд үшін емес, әнге деген құш­тар­лықпен айтатын. Бәлкім, бұрынғы әнші­лердің арасында бес-алты сағат емес, одан да ұзақ ән айтқандары болған шығар. Бірақ ол кезде арнайы уақыт өлшеп, құжат толтырып, рекорд ретінде тіркеу дәстүрі болған жоқ. Қазақтың «таңды таңға ұрып ән салды» деген сөзі жай теңеу емес. Оның ар жағында әнші­нің дауыстық қуаты, репертуарының молдығы және тыңдау­шының өнерге деген ықыласы тұр.

– Бұл рекорд қазақтың дәстүрлі әнін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра­лары қатарында кеңінен танытуға жа­салған қадам ретінде бағаланып отыр. Қа­зақ әнін әлемге танытудың тағы қандай жолдары бар?

– Кез келген өнер иесін халыққа таны­татын, оның еңбегін елге жеткізетін – журналистер. Өнердің маңызын қоғамға дұрыс түсіндіруде ақпарат құрал­дарының орны өте үлкен. Кейбір адамдар бұл рек­ордты қарапайым концерт сияқты қабыл­дауы мүмкін. Ал өнердің табиғатын түсінетін мамандар оның қаншалықты ауыр жұмыс екенін біледі. Әнші Еркін Шүкіманов «Әншілердің бес жылда бере­тін концертін бес сағатта бердің», – деп баға берді. Бұл – дәл айтылған сөз болуы мүмкін. Өйткені жүзден астам әнді жинап, әрқайсысын дайындап, жеке концерттерге бөлсең, бірнеше жылға жетер еді.

Қазақтың дәстүрлі әнін әлемдік дең­гейге шығару үшін, ең алдымен, мықты продюсерлік жұмыс керек. Өнерді ұйым­дастыратын, жарнамалайтын, халықара­лық сахнаға алып шығатын кәсіби ма­ман­дар қажет. Мысалы, Димаш алғаш шыққан кезде оның мүмкіндігін жұрттың бәрі бірдей түсіне қойған жоқ. Қазір ол әлемдік деңгейдегі брендке айналды. Жалпы, музыкада шекара жоқ. Бізде дау­сы әдемі, мүмкіндігі мол әншілер көп. Соларға кәсі­би қолдау көрсетілсе, қазақ­тың дәстүрлі әні де әлемдік сахнаға еркін шыға алады.

Бір нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Италиялықтар өздерінің ұлттық ән өнерін классика деп атайды. Қытай да өзінің ұлт­тық музыкасын классикалық өнер дең­гейінде насихаттайды. Ал біз Еуропа ком­­позиторларының шығарма­ларын орын­дасақ, оны классика дейміз де, Ақан сері мен Біржан салдың әндерін «дәстүрлі ән» деп бөлек қоямыз. Негізінде біздің ұлттық классикамыз – Ақан сері, Біржан сал, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Әсет әндері. Сондықтан бұл әндерді дәстүрлі  деп емес, классикалық әндер деп баға­лайтын уақыт келген сияқты.

– Білуімізше, сіз – даңқты әнші Жәні­бек Кәрменовтің шәкіртісіз. Ұстазыңыздан не үйрендіңіз? Ол кісінің өмірлік өсиеті немесе өнерге қатысты ұстанымдары жадыңызда сақталды ма?

– Жәнібек ағадан бір-ақ жыл оқыдым. 1991 жылы оқуға түстім, ал ол кісі 1992 жылы дүниеден өтіп кетті. Сондықтан Жәкеңнің мектебінен ұзақ тәлім ала ал­мадым. Кейін төрт жыл ұлағатты ұстаз, әнші Бекболат Тілеуханнан оқыдым. Бекең ол кезде шәкірт ала бастаған еді. Мені жеке қабылдап, Жәнібек ағадан үйренген мәнерімнен жаңылдырмай, сол жолды әрі қарай жалғастыруыма көмек­тесті. Сондықтан өзімді Жәнібек Кәр­меновтің соңғы шәкірттерінің бірі, ал Бек­болат ағаның тұңғыш шәкірті санай­мын.

Әрине Жәнібек ағадан көбірек сабақ алсам деген арман іште қалды. Бірақ бір жыл оқысам да, ол кісінің ән айту мәнері, сабақ өткізу тәсілі, өнерге деген адалдығы жадымда өшпестей сақталды. Жәнібек ағамыз сыныпқа кіргенде отыз-қырық минут бойы ән айтатын. Кейде бір шумақ пен бір қайырманың өзін бар болмысы­мен орындайтын. Әнді жай ғана көрсетіп қоймай, терлеп-тепшіп, бүкіл жанын са­лып айтатын. Таспадан тыңдау бір басқа да, әншінің жанды дауыста, дәл алдында отырып орындауы мүлде бөлек әсер береді екен. Оның даусы, тынысы, сөзді жеткізуі біздің құлағымызға сіңіп қалды. Сондай ұстаздың алдында отырып қалай елікте­мейсің? Қалай сол кісідей айтуға талпын­байсың? Қазір өзім де кей­де шәкіртте­рімнің алдында әнді басынан аяғына дейін орындап беремін. Өйткені әннің айтылу тәсілі, сөздің сал­ма­ғы баланың құлағына сіңуі керек. Ұстаздың өзі орын­дап көрсетпесе, шә­кірт­ке бәрін сөзбен түсіндіру қиын.

Ұстазымның маған айтқан соңғы сөздері де есімде. Ауылға жол жүргелі тұр­­ғанымда «Абай атаның, Шәкәрім атаның, Би атаның басына барып шық. Жолың ашылады. Елге сәлем айт», – деген еді. Ол кезде бұл сөздің бар мағы­насын толық түсінбеген де шығармын. Кейін ойласам, ұстазым мені тек әнге емес, туған жерге,  рухани сабақтастыққа жақын болуға үндеген екен.

– Бүгінде өзіңіз де ұстазсыз. Қазіргі шә­­кірт­тердің бұрынғы буыннан қандай айырмашылығын байқайсыз? Өз шәкірт­теріңізге ең көп айтатын сөзіңіз қандай?

– Қазіргі балалардың арасында да өте таланттылары бар. Ізденетін, ұстаздың алдын бос жібермейтін, бір әннің соңы­нан апталап жүретін жастар кездеседі. Бірақ жалқаулық та байқалады. Біздің кезімізде бір семестрде қаншама ән үйренетінбіз. Емтиханда соның ішінен үш әнді ғана айтып берсек те, қалғанының бәрі репер­туарымызда тұратын. Ал қазір емтиханға бір күн қалғанда әннің сөзін жаттап, келесі күні тапсыруға әрекет ете­тін сту­денттер бар екенін естиміз. Кей­де үш әннің өзін толық орындай алмай жүрген жастар кездеседі. Мұндай жағдай үлкен өнер оқу орындарында да бар. Айна­лып келгенде, оның бір себебі – жалқаулық, екінші себебі – телефонға шектен тыс байланып қалу. Қазір жастар­дың назары тез бөлінеді. Бір нәрсеге ұзақ уақыт ден қойып, қайталап, ізденіп  отыру қиындап барады.

Менің жүз әндік концерт беруімнің бір мақсаты – жастарға үлгі көрсету еді. Бес-алты ән айтқаннан кейін тамағым ауырды деп тоқтап қалатындар бар. Әнші үшін дауыс та, тыныс та, төзім де үнемі жат­­тығумен келеді.

«Әуелі әнді жақсы көріңдер» деген сөзді шәкірттеріме көп айтамын. Әнді ұнатпай, оның тарихына үңілмей, сөзін түсінбей тұрып жақсы орындау мүмкін емес. Әнді жаттап алу бар да, оны жүрек­пен жеткізу бар. Екеуі екі бөлек нәрсе. Тағы бір айтатыным – жан-жаққа орын­сыз шашырамау. Әр жанрдан аз-аздан ұстағаннан гөрі, алдымен өзіңнің негізгі өнеріңді терең меңгеру керек. Әрине бас­қа жанрларды тыңдауға, білуге болады. Бірақ дәстүрлі әнге келген адам оның табиғатын толық түсінуге тырысуы қажет.

– Бүгінгі жастар дәстүрлі әнге ерекше қызыға ма? Кейде «дәстүрлі ән заманнан қалып қойды» деген пікір айтылады. Бұл өнерге жаңа тыныс беру үшін оны заманауи өңдеу қажет пе, әлде дәстүрлі ән өзінің бастапқы қалпын сақтауы керек пе?

– Дәстүрлі әнге қызығатын жастар бар. Бірақ олардың қызығушылығын ояту үшін алдындағы ұстазы да мықты болуы керек. Қазіргі шәкірт ұстазының тек қалай ән айтатынына ғана қара­майды. Оның киіміне, жүріс-тұрыс­ына, қоғам­дағы орны­на, осы өнермен отбасын асырап жүр ме, жоқ па – соның бәріне назар аударады. Жастар сөзге емес, нақты өмірге қарайды.

«Дәстүрлі ән заманнан қалып қойды» деген пікірмен келіспеймін. Дәстүрлі ән заманнан қалмайды, оны біз заманнан қалдырып қоюымыз мүм­кін. Егер қоғам өзінің асыл өнеріне мән бермесе, онда сол қоғамның руха­ни жағынан құлдилап бара жатқа­нын көруге болады. Абай мен Шә­кә­рім дәстүрлі әнді тыңдады. Алаш арыс­­­тары да ән мен күйдің қадірін білді. Олар­дың бәрі әнші болған жоқ. Бірақ бәрі де жоғары деңгейдегі тың­дарман еді. Тың­дар­ман дұрыс болма­са, әнші­нің де қадірі болмайды. Сон­дық­тан дәстүрлі ән мен күйді мектеп қа­быр­ғасынан үйрету керек деп ойлай­мын. Әрине домбыра ұстаған баланың бәрі әнші не күйші болмайды. Жүз баланы музыка мектебіне берсең, соның бәрі сахнаға шықпауы мүмкін. Бірі мықты физик, бірі дәрігер, бірі филолог, бірі басшы болады. Бірақ олардың бәрі ұлттық өнерді түсінетін тыңдарман болып қалыптасады. Яғни дәстүрлі ән лайықты бағасын алуы үшін тыңдар­ман қалыптасуы керек.

Кезінде Асылбек Еңсеповтің әкесі ұйым­дастырған жаңа бағыттағы дом­быра жобалары жастардың аспапқа қызығуына әсер етті. Оның жақсы жағы болды. Кейде заманауи өңдеу ұлт­тық аспапқа көпші­ліктің назарын аударуы мүмкін. Бірақ ұлттық мұраның өзегі бұзылмауы қажет. Түпнұсқа нұс­қасы бөлек өмір сүріп, жаңа­ша өңдел­ген нұсқасы бөлек ұсын­ылғаны дұрыс.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар? Тыңдармандарыңызды тағы қалай таң­ғал­дырғыңыз келеді?

– Шетелдегі қазақтарға барып кон­церт беруге дайынмын. Қытай қазақ­тарына, Моңғолия қазақтарына, өзге елдердегі қандастарға қазақтың дәс­түр­лі әнін жеткізгім келеді.

Біз отбасымызбен тұтас концерт беруге мүмкіндігіміз бар. Жұбайым екеу­міз де әншіміз, тұңғышым Ақжігіт қылқобыз аспабын, екінші ұлым Жігер­ домбыра аспабын меңгерген, ал кіш­кентай қызым Айпараның өзі ән айтып, би билейді. Сондықтан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі дегендей, яғни отба­сылық концерттік бағдарлама жасай аламыз. Бірақ әнші өздігінен «Мен әнші едім. Менің концертімді ұйым­дастырыңдар», – деп ешкімге айта алмайды ғой. Алдымызды ашып, ұйым­дастырып, жол көрсететін аза­мат­тар болса, біз ел аралауға дайынбыз. «Тың­дал­маған сөз – жетім» деген бар. Тың­далмаған ән де жетім. Сарапшылар өткен концертте менің еңбегімді жо­ғары бағалады. Ендігі арманым – сол ән­дерді бір залдың ішінде ғана қалдыр­май, елге, ауылға, шетелдегі қазақтарға жеткізу. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Айгүл СЕЙІЛ