Елімізде күштік құрылымдар қызметкерлерінің жалақысын көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қорғанысқа қатыстының бәрі құпия жүргізіледі. Жалпы сөзбен айтар болсақ, күштік құрылымдардың жалақысын көтеру жайында болып отыр. Оған Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі және басқа да мемлекеттік органдар кіреді», – деді Дәурен Темірбеков Сенатта 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын талқылаудан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Бірақ вице-министр нақты цифр айта алмайтынын жеткізді.
«Мен ақпарат бере алмаймын. Өйткені бұл құпия ақпарат саналады. Себебі қорғаныс шығыстарына қатысты бюджеттің ашық және жабық бөлігі бар. Бұл Қазақстанда ғана емес, жалпы тәжірибе саналады. Барлық уақытта да осылай болып келді және бола да береді. Күштік құрылымдар барлық уақытта жария болмайды. Мәліметтер бюджеттің ашық бөлігінде де жоқ», – деді ол.