Бес елге ортақ көк айдынның Қазақстан жағалауындағы Ақтау порты бірнеше халықаралық көлік дәлізінің қиылысу нүктесінде орналасып, еліміздің транзиттік әлеуетін жүзеге асырып отыр.
Транскаспий халықаралық көлік бағытының құрылтайшысы және тұрақты қатысушысы болып табылатын бәсекеге қабілетті айбынды порт өткен жылдың парағын жоғары көрсеткіштермен жапқан. 2019 жылы порт айлақтарынан 3 жарым млн тонна жүк тиелген. Оның 2 млн тоннасы мұнай, 800 мың тоннасы астық, 47 мың тоннасы металл болса, қалғаны құрғақ жүктерге тиесілі. Контейнерлерді ауыстырып қайта тиеу бойынша терминалдың инфрақұрылымдық мүмкіндігі жылына 20 футтық 70 мыңнан астам контейнерді құрайды. Ал бір уақытта 6 мыңға дейін контейнерлерді сақтау мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда жүктер көбінесе Иран, Ресей, Әзірбайжан порттары бағытында тасымалдануда.
Ақтау портының даму бағыты мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша қосымша жүк ағынын көбейту жөніндегі жұмыстар журналистерге арналып ұйымдастырылған баспасөз турында таныстырылды. Порт қонақтары айлақтарды аралап, «Түркістан» кемесінің ішіне кіріп капитандарымен сұхбаттасты. «Түркістан» кемесі жаңа фидерлік кеме атауына ие болып, өзіне тиелген контейнерлерді айына 6 рет Баку, Иран бағыты бойынша жеткізіп беріп отыр. Одан әрі қарай Түркия арқылы Еуропаға жөнелтілуде. Бұрын Қытайдан шыққан жүк діттеген жеріне Үнді мұхиты арқылы 45 тәулікте жететін болса ендігі жерде Қазақстан аумағы арқылы жаңа транзиттік тасымал 16 тәулікте жеткізіліп отыр.
Ақтау порты былтыр 2019 жылдың сәуір айында өз тарихындағы жаңа кезеңді бастаған болатын. Ол – фидерлік жүк тасымалын жүзеге асыруы, яғни екі толық құрамды контейнерлік пойыздың жүктерін бір кемеге тиеуді қамтамасыз етті. 2019 жылдың 16 сәуірінде Ақтау теңіз портынан Баку портына контейнерлер тиелген алғашқы қазақстандық «Түркістан» фидерлік кемесі жөнелтілді. Бұл порттағы инфрақұрылым, бірыңғай тасымалдау технологиясы және тиімді тариф саясатының негізінде іске асты. Фидерлік жүк тасымалын арттыру бойынша жасалып жатқан жұмыстарды баяндаған «KTZ Express» АҚ ТХКБ және мультимодальдық тасымалдарды сату департаментінің директоры Абылайхан Есіркеп бүгінгі таңда бұл көлем 3900 контейнерді құраса, жоспарда оны жылына 15 мыңға дейін жеткізу тұр дейді.
«ТХКБ – теңіз порттары арқылы жүктерді бірнеше рет аударып тиеуді талап ететін, айрықша мультимодальдық бағыт. Халықаралық Транскаспий консорциумының үйлестірушісі бола отырып, KTZ Express ТХКБ транзиттік және сыртқы сауда жүктерін тарту жөніндегі жұмыстарды тоқтаусыз жүргізуде»,- деді өз сөзінде А. Есіркеп.
Контейнерлі жүк тасымалы – жалпы теңіз порттарының жүк тасымалдау әлеуетін арттыруға бірден бір оңды әсерін тигізетін басым бағыт. Халықаралық кеңістікте теңіз портының бәсекелестікке қабілеттілігін сипаттайтын критерийлері мен параметрлері бар. Ол жоғары жүк өткізу қабілеттілігі мен қуатты теңіз флоты, сонымен қатар логистикада, кедендік қызметте тиімді қызмет атқаратын қосымша құрылымдар. Ақтау порты заманауи көп мақсатты терминал болғандықтан бұл талаптарға сай келіп отыр. Оның ауыр салмақты жүктерді сақтауға арналған қойма алаңдары , жүктерді өңдеуге арналған әмбебап 3 айлағы, астық түсіруге арналған және РО-РО үлгісіндегі кемелерді өңдеуге арналған бір айлақ, теміржол паром кешені, жыл сайынғы астық өңдеу қуаты 700 мың тоннаны құрайтын астық терминалы, 4 мұнай құю айлағы, мұнай өнімдерін құйып алу, сақтау инфрақұрылымы бар. Яғни, порт басында кез келген жүкті тиеу-түсіру жұмыстарын орындауға қажетті барлық жағдай қарастырылған. Мамандандырылған техникалары ең күрделі тапсырмаларды шешуге мүмкіндік береді.
Айлақ басынан пайдалану салмағы 9 тонна болатын экскаватор тиеуіш, 40 тонналы порталды крандар, 53 тонналы автомобиль шассиінде өзі жүретін жебелі кран, 36дан 84 тоннаға дейін көтеретін пневмо –дөңгелекті икемделгіш крандар, жүк көтеруі 28 тоннаны құрайтын автотиегіштер секілді жүк тиеу түсіру техникаларын көрдік. Мұның барлығы тәуелсіздік алғаннан бері модернизациялау бағдарламасы негізінде іске асқан болатын. Осылайша транзиттік-көліктік үлкен әлеуетке ие Ақтау порты әлемге теңіз қақпасын ашып ел экономикасына серпін беру жолында қызмет етуде.