Қаламның да, қоянның да бабын біледі
Қаламның да, қоянның да бабын біледі
1,212
оқылды
Берекелі Балқаш өңірінде еңбекқорлығы өзгеге үлгі боларлық азаматтар баршылық. Сонда да бол­са орталықтан шалғайда орналасқан аймақта екі қолға бір күрек табу оңай емес. Әсіресе, көп­балалы отба­сыларға қосымша табыс көзін табу қиын. Бұл орайда шалғай ауданда журналистігімен елге танылып, фотосу­рет­ші ретінде дараланған жер­гі­лікті аза­мат Бақтығали Дәуітбаевтың кә­сібіне кісі қызығады. Бақтығали аудан орталығы Бақанас ауылымен іргелес қо­ныс­танған Ақдала ауылында тұрады. Көп жылдан бері ау­дандық «Бал­қаш өңірі» газетінде журналист әрі фототілші болып қызмет істейді. Журналистер одағының мүшесі. Қаламынан туған, объек­тивіне ілінген дү­ниелері Алматы облыстық «Ала­тау арайы», Жетісу облыстық «Жетісу» газеттеріне тұрақты жарияланып тұрады. Сонымен бірге ол – үйінде қоян бағып, істің көзін тапқан азамат. Оның бұл кәсібін көпшілік алғашында дұрыс қабылдай қоймаған. Бірақ уақыт өте қоян баққан журналист ісімен үлгі көрсетіп келеді. Бақтығали әу баста қазаққа таңсық кәсіптен нәсіп табамын және оны табыс көзіне айнал­дырамын деп ойламаса керек. Бәрі жиен қарындасының то-йындағы сыйлықтан бас­­та­лыпты. Сол тойда ағайын-туған, дос-жаран, ауылдастар арасында өткізілген ойынға қатысып, кіш­кентай көжек ұтып алған. Алғашында оны қайда қоярын білмей сасқалақтағаны да рас. Ақыры, үйіне әкелгеннен кейін, балаларының қолқалауы­мен сүйкімді көжекті өсіруге бел буған. Көп күтімді қажет етпей­тін, азығы мен суын уақытында берсең, жатын орнын таза ұс­тап, тыныштығын бұзба­саң, өсе беретін қоянның жылына үш рет көжек­тейтінін де осы шаруамен айналысқанда білді. Сөй­тіп, қызығушылығы артып, қоянды өсіруге шындап ден қойған. Былай да өсімтал жануардың етті тұқымдарын өсіру мақсатында түрлі тәжіри­белер де жасайды. Қолындағы қояндарды «фландер», «вели­кан» тұқымдарымен будандасты­рады. Мұнда да біраз нәтижеге қол жеткізген. «Великан» тұқым­ды қоянның тоғыз айлық көжегі 3 келі ет береді екен. Ал бұрын кө­жектеген аналық қоянды асы­рауға алғысы келетіндер оның бір басына 25 мың теңгеге дейін төлейтін көрінеді. Бақтығали қоянның жақсы тұқымдары жайындағы деректерге де құла­ғын түре жүреді. Қажет болса арнайы барып, сатып алудан да жалықпайды. Онысын өзі бап-тап отырған қоян­дарға қосады. Будан­дас­тырады, асылданды-рады. Қоян шаруашылығы жө-ніндегі ғы­лыми еңбектерді жиі ақтарады.
«Біраз бұрын Есік қаласына арнайы барып, 18 мың теңгеге бір қоян сатып әкелдім. Қоян­дарға қызығып, Оралдан, Аты­раудан, Қостанайдан хабарласа­тындар бар. Кейде тұқымына қарай, бір қоянның бағасы 60 мың теңгеге дейін барады. Өкі­нішке қарай, бізде қоянның еті­не сұраныс бар да, терісін еш­кім керек қылмайды. Көр­шілес жатқан Қырғыз Рес­публикасында кәсіпкерлер қоян терісін екі мың теңгеден алып, тон тігу арқылы қыруар табыс тауып отыр екен. Болашақта біз­дің елде де осыны жолға қойса, қоян шаруашылығымен айна­лы­сатындардың қатары қалың­дай түспек», – дейді кейіпкеріміз.
Отбасымен қоян өсіруді кә­сіп қылған журналист, фото­су­ретші Бақтығалидың ауласын­дағы қоян саны мыңнан асқан кез де болыпты. Бірақ мұншама жануарды асырау оңай емес екен. Дене тұрқы шағын, көп күтімді қажет етпейтіндігіне қарамастан, мың қоянға азық тауып беру оңайға соқпаған. Жемшөбінің бағасы жыл сайын қымбаттап, қаржы тапшылығы қыса бастаған соң қоянның санын 100 басқа дейін азайтуға тура келіпті. Әріптесіміз олар­дың қыр-сырын жақсы біледі. Күтімі мен бабын таба алған. Түз қоянындай емес, үй қояны адамнан қорықпайды. Бірақ назар аудартатын өзіндік ерекшеліктері дебар. қоян Бақтығалидың айтуынша, қоян – өте сезімтал жануар. Аулаға, үйге бөтен адам келсе сақтанып, қауіп төнген жағдайда мүмкіндігінше айбат та шегеді екен. Сипағанды, еркелеткенді жақсы көреді. Күн сайын көріп жүрген жанға тез үйіренеді. Тағы бір ерекшелігі – өте қызғаншақ. Көжектерін қызғыштай қорып, сырт көзге көрсетпеуге тыры­са­ды. Көжектеп жатқанында олар­ды адамдардың көріп қал­ғанын сезсе, өлтіріп тастауы да мүмкін. Сосын қоянды құлағы­нан ұстап, тартқылауға болмай­тынын айту­дан жалықпайды. Өйт­кені осы­лай көтергенде құй­қасындағы қан тамырлары үзіліп, зақымда­нады. Әрі қоян­дар төбелескіш келеді. Бір күр­кедегі аталықтар­дың өзара сыйы­суы қиын екен. Бірін бірі тыр­нап, терісін жыр­тып, жара­қаттап тастайды.
«Қоян асырасаң, жолың бол­майды» деп жатады кейбіреулер. Мен оған сенбеймін. Барлығын басымнан өткеріп, куә болып келемін ғой. Қоян асырап жүр­ген он жылда тек пайдасы бол­маса, ешқандай зиянын көр­медім», – дейді әріптесіміз.
Бақтығали Дәуітбаевтың жеті баласы бар. Қазір барлығы шаруашылықта әкесіне қол­ғабыс етіп жүр. Сабақтарын да жақсы оқиды. Кішкентай­ла­рынан еңбекке, білімді болуға тәрбиеленген балалардың бәрі шаруаға бейім. Тіпті, кенжесі Мадияр да қазір шаруаға жарап қалған.
«Сабақтан бос уақытымда қояндарға тамақ беремін. Жат­қан жерлерін тазалаймын. Күркедегі әр қоянның өз аты бар. Қоңыр қоянды «Елік», ақ қоянды «Ақ бұрша» дейміз. «Ақ бантик», «Сұлу қыз» деген қоян­дарымыз да бар. Әрқайсысының өзіндік мінезі, ерекшелігі бола­ды. Соған сай бабын тауып, дұрыс өсіруге тырысамыз», – дейді Мадияр Бақтығалиұлы.
қалам Осылайша, Бақтығали тойда сыйға тартылған қара ала кө­жек­тен басталған қоян өсіру биз­несімен де басқалардан ерекше­леніп, айналасына үлгі көрсетіп отыр. Оның болжауынша, елі­мізде қоян шаруашылығын да­мытып, табыс көзіне айнал­ды­рудан ешкім ұтылмайды. Тек мемлекет тарапынан қолдау мен адамның өзінің жеке ниеті болса жеткілікті.
«Барлығы сол қара ала кө­жек­тен басталды. Алғашқы жыл­дары балалар қолқанат болып, барлығын өзіміз атқардық. 2016 жылы Ауыл шаруашылығын қол­дау қорының «Даму» бағдар­ламасы бойынша 4 пайызбен 1,8 миллион теңге несие алдым. Оған қояндарға арнап қора соқ­тым, басқа да керек-жарақтарды түгендедім. Төрт жылда не­сиеден толық құ­тыл­дым. Жаман болған жоқ. 2019 жылы қоянның саны мың­нан асып кетті. Бұл уақытта ба­ла­лардың алды өсіп, студент ата­нып, өз тірліктерімен кете бас­тады. Көп қоянды бағу қиын­дық туғызды. Жемшөбі мен басқа да керек-жарағының баға­сы да аспандап кетті. Он бес қоян бір қойдың шөбін жейді. Мың қоянға кем дегенде 65-70 қой асырауға жететіндей жем­шөп дайындау керек. Соның бә­рін ескере келе, санын азай­тып, шамамызға қарай жүз ғана қоян ұстап отырмыз», – дейді.
Қоян шаруашылығында та­быс мол. Алты айлық он көжек­тің ба­ғасы бір тоқтының құнына тең. Ол жақында 10 қоянды 105 мың теңгеге сатыпты. Мамандар қоян­ның еті қан қысымы мен қант диабеті ауруына шалдық­қан­дарға ем екенін алға тартады. Қазір қоян етінің келісі 2 500-3 000 теңге аралығында саты­ла­ды. Өкініштісі, оның терісін кә­деге асыру мәсе­лесі кенже қа­­лып келеді. Тіпті, кезінде қоян­­ның жүнін де пайдаға асырғандар болған екен.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы