«Соттан тыс банкроттық процедураны қолдану» мемлекеттік қызметі eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану және тоқтату туралы өтініш беруге болады. Жаңа қызметті «Ұлттық ақпараттық технологиялар», Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қаржы министрлігі бірлесіп іске асырып отыр.
2023 жылғы 3 наурызда күшіне енген «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға сәйкес, eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында банкроттыққа өтінішті борышкердің өзі ғана бере алады.
Өтініш берер алдында борышкер алдымен мына мәліметтерді тексеру керек:
банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден аспауы тиіс және мерзімі кемінде 12 ай болуы керек;
ортақ меншікті мүлікті қоса алғанда мүліктің меншік құқығында болмауы;
банктің немесе микроқаржы ұйымының шарт талаптарын өзгертуден бас тарту туралы жауабын ұсыну (банктің немесе микроқаржы ұйымының жауабы болмаған жағдайда борышкер өтінішінің көшірмесі немесе өтініштің электрондық форматта жіберілгені туралы растама);
егер қарыз 5 жылдан артық өтелмесе – жоғарыда аталған барлық шарттар ескерілмейді;
АӘК алушылары саналатын борышкерлер 6 ай бойы осы рәсімді қолдану үшін мерзімі өтіп кеткен уақытты есепке алмай өтініш бере алады;
мобильді азаматтар базасында (МАБ) борышкер мен жұбайының телефон нөмірі тіркелгенін тексеру керек. Ұялы нөмірді тіркеу үшін сілтеме бойынша өту керек – my.egov.kz.
«eGov.kz порталында және ХҚКО-да барлық қажетті құжаттарсыз өтініш берудің мәні жоқ. Ең алдымен, екінші деңгейлі банктерден қажетті растауды аласыз. Осыдан кейін ғана жеке тұлғаның банкроттығына өтініш беруге болады», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
EGov.kz порталындағы жаңа қызметті порталдың басты бетінде және «Азаматтарға» – «Кеден және салықтар» – «Экономика және қаржы» бөлімінен табуға болады. Бұл қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасының «Арнайы қызметтер» бөлімінде қолжетімді.
Соттан тыс банкроттыққа өтініш беру үшін:
ҚР-ның жоғарыда аталған заңында көзделген азаматты банкрот деп тану туралы соттан тыс арыз беру шарттарының сақталуын растау;
некеде болу жағдайында жарының ЖСН-ін көрсету;
несиелер бар қаржы институттары туралы мәліметтерді толтыру;
салық органын көрсету және құжаттардың көшірмелерін қосу;
АӘК алушы болса, белгі қою;
егер міндеттемелерді орындау мерзімі 5 жылдан астам болса, белгі қою;
өтінішке бір реттік құпия сөз немесе ЭЦҚ арқылы қол қою;
өтінішті жібергеннен кейін өтініш берушінің жары Жеке кабинетте өтінішті мақұлдайды.
Қызмет нәтижесі 15 жұмыс күні ішінде Жеке кабинетте шешімге сілтеме түрінде пайда болады. Шешімді ҚР ҚМ сайтынан қарауға болады. Соттан тыс банкроттық рәсімі 6 айға дейін созылады.
Сонымен қатар, аталмыш қызмет банкроттық туралы соттан тыс іс жүргізуді тоқтату туралы өтініш беруді қарастырады. Рәсім пайдаланушы туралы ақпарат жарияланған күннен бастап 6 айда қарастырылады.