Ұлттық арнаның арқалаған жүгі ауыр – Ләззат Танысбай
Ұлттық арнаның арқалаған жүгі ауыр – Ләззат Танысбай
1,356
оқылды
Биыл елдегі ең айтулы мерейтойлардың бірі – Қазақ телевизиясының 65 жылдығы. Өткен ғасырдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан бұл сала бүгіндері біршама ілгері басты. Қазақ журналистикасының мектебі қалыптасып, онда талай ұлы тұлғалардың қолтаңбасы қалды. Осы мерейтой қарсаңында біз «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың сұхбатын оқырманға ұсынамыз. – Ел телевизиясының баста­уы – Qazaqstan арнасына 65 жыл толып отыр. Ең алдымен, қараша­ңырақ ұжымын газетіміздің атынан осы мерейтоймен құттықтаймыз! Арна тарихында талай тұлғалар қызмет етті. Биылғы мерейтойда сол те­левизия ардагерлерінің қа­тысуымен үлкен шара өткіздіңіздер. Осы жөнінде бөліссеңіз. – Рахмет! Еліміздегі ең беделді басылымдардың бірі Аiqyn газетіне де осы белеске жетуге тілектестік білдіреміз. Иә, 65 жылдықта ұлт­тық арнаның бастауында тұрған ардагерлеріміздің басын қосып, аға буын алдындағы көп мінде­тіміздің бірін өтегендей күй кешіп жатырмыз. Алматыдан 20-дан астам ардагерді арнайы алдырып, Астанадағы 20 ардагеріміз бар, бір кезеңдерде қызмет еткен аға буынның басын қосып, шара­мыз­дың негізгі қонағы еттік. Олардың арасында Қазақ телевизиясының қалыптасу жылдарында қызмет еткен ардагерлер – диктор Ласкер Сейітов пен Мәриям Айымбетова, журналистер Төлеубай Қаймол­динов, Қажы Қорғанұлы, Құсман Игісінов, Фатима Бегенбаева, режиссер Қарлығаш Мұртазина, дыбыс режиссерлері Қайрат Той­шыбеков, Рысты Сәкенова, теле­жүргізуші Баян Секербаева, ре­жиссер Күлнаш Қошанова бар. «Қазақстан» телерадиокорпо­ра­циясына Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында төрағалық еткен Әшірбек Көпішев ағамыз да осы шараның куәгері болды. Арда­герлер орталық кеңседегі сту­дия­ларды аралап, телевизиядағы тех­нологиялық өзгерістерге, жалпы, отандық телевизияның бүгінгі жетістіктеріне қуанып, әрдайым тілектес екенін жеткізді. Телеар­надағы жастармен кездесіп, тә­жірибелерін бөлісіп, ақыл-кеңес­терін берді. Біз үшін де бұл зор құр­мет және қолдау. Жалпы, 65 жыл­дық мерейтой телевизияда­ғы дәстүр сабақтастығының кө­рінісі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз құт­тық­тауында отандық телеарнаның дамуына еңбек сіңірген ардагер­лерге ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ардагерлерімізге «Еңбек ардагері» және «Қазақ телевизиясына 65 жыл» мерекелік медальдарын та­быстады. Мерейтойға орай Корпо­рация бастамасымен телевизия тарихынан сыр шертетін фото­жинақ жарыққа шықты. Осы­лайша, 65 жылдық тарихымызды бір түгендеп алдық. Жинақ елі­міздегі оқу орындары мен кітапха­налар қорына да берілетін болады. Өзіңіз білесіз, телевизия тари­хында талай майталман тұлғалар қызмет етті. Бүгінде арамызда жоқ Қанапия Мұстафин, Құрманбек Сағындықов, Совет Масғұтов, Кен­жеболат Шалабаев, Камал Смайылов іргесін қалаған қазақ телевизиясындағы тәуелсіздік дәуірін Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза сияқты телевизия қай­раткерлері жалғады. Осы мерей­тойға орай биыл телевизияның 1970-1980 жылдардағы даму, өркендеу кезеңін сипаттап, сол жылдарда қызмет еткен тұлға­лар­дың бейнесін ашуға, олардың ұлт мәдениетіне, қазақ телеөнерінің дамуына сіңірген еңбегін көрсетуге бағытталған «Дидар» атты теле­сериал түсіруді бастадық. Бұл да телевизия қайраткерлері ал­дын­дағы бір парызымыз десек бола­ды. Сериалға арқау етудегі мақса­тымыз – көрерменге, әсіресе ке­йінгі буынға телевизияның тұтас дәуірлер жүгін арқалап келе жат­қанын, қоғамның, мәдениеттің ажырамас бөлшегі екенін көрсету. – Жалпы, Qazaqstan теле­арнасының тарихында елеулі оқи­ғалар көп болды. Соның бірі – 2011 жылдан бастап тек мемлекеттік тіл – қазақ тілінде хабар тарататын болғаны. Бұрын телеарнаның рей­тинг жайын ойлайтындар бұл қадамға «аудитория азаюы мүмкін» деп күмәнмен қарағаны жасырын емес. Расында, содан бері телеарна көрерменнің көбін жоғалтты ма? – Дәл қазір Qazaqstan теле­арнасы рейтингте барлық теле­арналар арасында алғашқы үш­тікке кіреді. Елдің көбі үйде оты­ратын демалыс күндері рейтинг басындамыз. Бұл – қазақтілді сапалы контентке деген сұра­ныстың жоғары екенінің көрінісі. Бұл жетістік әрине, шығарма­шылық ұжымымыздың үнемі ізденісте жүріп, көрерменнің сұра­нысына сай икемделе білуінің нәтижесі. Нәтижені жақсарту жо­лындағы қадамдарымыз бір сәт­ке де тоқтамайды. Qazaqstan арна­сы тәулігіне 20 сағат хабар таратса, оның 10 сағатында тікелей эфирде шығады. Күн сайынғы Aqparat жаңалықтар шығарылымы қазір өзге арналардағы жаңалықтар бағдарламалары ішінде 3-ші орында. Яғни, бұл аудитория се­німінің көрсеткіші деуге болады. Сол сияқты Apta апталық сарап­тамалық бағдарламасы да өзге арналардағы осы бағыттағы жо­балар арасында алғашқы орында. ұлттық арна Осы ретте айтып өтсек, өткен жылдың жаңа тренді – біздің отандық сериалдар қазір рейтинг бойынша шетелдік телехи­кая­лардың көрсеткішінен асты. Бұл елімізде бірнеше жыл бұрын бас­талған сериалдар индустриясының сапа жағынан шетелдік сериал­дармен теңескенін көрсетеді және еліміздің телехикаялар индус­триясының болашағы зор екенін айқындайды. Ұзақ жылдар сериал нарығындағы қиындықтарға шы­дап келген сценаристер, режис­серлер мен продюсерлердің еңбегі айрықша. «Қазақстан» телера­диокорпорациясы бұл бағытта, яғни сериал, оның ішінде тарихи телехикаялар өндіруге машық­танған ұжымдардың қалыптасуына зор ықпал етуде. Аудитория сұра­нысынан туындаған тағы бір жаңа үрдіс – сериалдардың бірнеше маусымының қатар түсірілуі. Бұл ретте жоғары рейтинг жинаған «Ақжауын», «Ауыл мұғалімі», «Күйеу бала», «Сезім толқыны», «Ба­қыттың кілті» телехикаяларын атап өтуге болады. – «Қазақстан» телерадио­кор­порациясы 4 республикалық те­леарна, 15 аймақтық арна, 4 радио мен бірнеше интернет порталды біріктіріп отыр. Осынша ауқымды медиақұрылымның жұмысын қалай бір ізге түсіріп, жүйелеп отыр­сыздар? – Біз ақпараттық майданның қызып тұрған дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Осы ретте мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізудегі «Қазақстан» телерадиокор­пора­циясының арқалап отырған жүгі ауыр. Корпорацияға қарасты те­леарналар мен радиолардың қыз­меткерлері мұны жете түсінеді, үлкен ұжымның әр мүшесі өзінің міндетін асқан жауапкершілікпен орындайды. Бүгінде Корпорацияда нарықтағы ең үздік мамандар жұ­мыс істейді. Біз мықты мамандарды бір шаңырақ астына біріктіру мақсатын қойып, оны орындадық деп айта аламыз. Ең мықты жур­налист, тележүргізушілерден бас­тап, оператор, бейнеинженерлер, жарық қоюшылар мен медиа­менеджерлерге дейін Корпора­ция­ға тартуға тырыстық. Қазір соның жемісін көріп отырмыз. «Қа­зақ­стан» телерадиокорпорациясы бүгінде сериал өндірісі, анимация, дубляж, спорттық трансляциялар, телемарафон сияқты телеви­зия­ның кез келген бағыты бойынша көшбасшы екенін мақтанышпен айта аламыз. Корпорацияның әлемдік ірі франшизалардың қазақстандық нұсқасын сәтті жүзеге асыру да жылдар бойғы тәжірибенің жемісі. Мұндай жо­балардың бірі – қазақстандық талантты бүлдіршіндерді бір сахнаға жинаған «Qazaqstan дауысы» балалар жобасы. Өткен телемаусымда 6 мың баланың басын қосқан жоба биыл көктемгі маусымда қайтадан эфирге шы­ғады. Бірнеше маусымы түсірілген «Qazaqstan дауысы» жобасы ке­зінде нидерландылық мамандар біздің жобаның Ресей, түрік ар­налары өндірген жобадан әлде­қайда алда екенін мойындады, яғни бұл – отандық телевизияның жеңісі. Дәл осы сияқты ірі теле­өндіріс арқылы нарықта өзге ел­дермен бәсекелесе алатын, біздің телевизияның бұдан әрі де да­муына қызмет ете алатын білікті кадрлар, мамандар шоғыры қа­лыптасты. Біз үшін ең үлкен мақ­таныш – осы. Телевидение бұл қашан да командалық жұмыс. Әрбір қызметкер алып машинаның бөлігі секілді. Бір-бірін толық­тырып отырады. Ауқымды медиа­құрылымның жұмысын бір ізге түсіріп, жүйелеп отыруда ауыз­біршіліктің алар орны айрықша екенін баса айтар едім. Басты мақсатымыз – Корпорация құра­мына енетін әрбір теле және ра­диоарнаны медианарықтағы бәсекеге қабілетті БАҚ ретінде қалыптастыру. – Соңғы жылдары телеарна қазақ тарихындағы тұлғалар жай­лы фильмдерді көптеп түсіре бастады. Көрерменді сол фильмдерге тұл­ғалардың қалай таңдалатыны, нендей талап қоятыны қатты қы­зықтырады. Осы жөнінде баяндап берсеңіз және алдағы уақытта қандай фильм түсіруді жоспарлап жүрсіздер? – Тарихи бағыттағы сериалға қадам жасау оңай іс емесі түсінікті. Негізгі қиындықтарды атап өтсек, біріншіден, елімізде тарихи теле­сериалдарды түсіруге машықтанған ұжымдардың аздығы. Бұл ретте «Қазақстан» телерадио­кор­по­ра­циясы тек тапсырыс беруші емес. Тарихи тақырып ұсыну, актерлерді бекіту, сценарний мазмұны, тү­сірілім орындарын таңдау сияқты шығармашылық процестерді то­лық бақылайды. Телехикаялар өндірісіндегі тағы бір қиындық, сол кезеңдердің аурасын, күйін дәл суреттейтін ғимараттардың, жаб­дықтар мен киімдердің тапшы­лығы. Кейде барлығын қолдан жасап, қайта тұрғызуға тура келеді. Бұл жұмсалатын шығынды 2-3 есе көбейтеді. Аудитория тарапынан телехикаяны деректі фиьмдердегі сияқты дәлдікті, актерлердің айна-қатесіз ұқсастығын талап ету де бар. Кейде тарихи тұлғалардың өміріндегі көлеңкелі, нақты емес тұстарды айналып өтуге тура ке­леді, себебі әрбір тарихшының немесе ұрпақтарының әртүрлі оқи­ғаға өзіндік бағасы мен көз­қарасы бар. Телесериалға негізі шы­ғармашылық еркіндік тұрғы­сынан қарамасақ, алға баспай­тынымыз анық. Жалпы, отандық телевизиядағы тарихи сериал­дардың алғашқысы «Тар заман» болса, одан бергіде Корпорация «Орбұлақ шайқасы», «Сарай сы­ры», «Абай», «Әл-Фараби», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Тәшенев. Тайталас», «Дина. Күй құдірет», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін», «Мағжан. Мен жастарға сенемін», «Міржақып. Оян, қазақ!» сияқты бірнеше телехикая түсірді. Дені сәтті шықты деуге болады. Телесериалдарға тұлғаны таңдауда бірінші ұлтқа сіңірген еңбегі, тарихтағы орны ескеріледі. Сон­дай-ақ кейіпкер туралы дерек­тердің көптігі, яғни мәлімет қоры маңызды. Біздің негізгі мақсаты­мыз – өз тұлғаларымыздың тағдыр жолын, күрескерлігін көрсете отырып, бүгінгі жас буынға ұлт басынан өткерген қилы заман­дардан хабар беру, тарихты теле­эфир арқылы дәріптеу. Осы ретте айтып өтсем, жақында күллі түркі халқына ортақ Қорқыт ата тұлға­сына арналған төрт бөлімді те­ле­хикаямыз эфирге шығады. Бұл – Корпорацияның өзге елдермен бірлесе түсірген алғашқы тарихи жобасы. Сериалға Өзбекстан және Қырғыз Республикасы тарапы атсалысты. – Корпорация жаңалық тара­тудан бөлек өнерге, мәдениетке һәм ұрпақ тәрбиесіне, әрісі спортқа да ерекше көңіл бөлді. Сол себепті Abai.tv, Balapan, Qazsport телеар­налары құрылды. Қазір өз ауди­ториясын қалыптастырып үлгерді. Дегенмен үздіксіз даму еңбекті қажет ететіні белгілі. Сондықтан келер уақытта бұл арналарды қан­дай өзгерістер күтіп тұр? – Корпорацияның соңғы 2,5 жылдағы қолға алынған ең үлкен жобасы – Abai.tv арнасы дер едім. Телеарна осы уақыт аралығында толықтай қалыптасу кезеңінен өтті. Қазір телеарна өз бағыты бойынша барлық өнер ордала­рымен, мамандармен байланыс орнатуды қолға ала бастады. Кон­церт, спектакль, би қойылымдары мен өзге де мәдени шараларды кәсіби түрде түсірудің тәсілдерін меңгеруде. Режиссерлар түсірілім алдында пьеса, партитураларды оқып, зерттейді. Бұл біздің маман­дарымыздың да кәсіби тұрғыдан өсуіне септігін тигізуде. Екіншіден, еліміздің ең мықты мамандары жиналатын Abai. tv-ның «Сана» интеллектуалды алаңында сарап­шылар әр тақырыпты терең тал­дап, маңызды мәселелерге мән береді. Сөйтіп, телеарна аналити­калық журналистиканың күш алып келе жатқанын көрсетіп отыр. Одан өзге, арна ашылған жылдары шыққан «Сарасөз», «Үр­кер», «Бірегей» сияқты жобалары бүгінде көрермен сұранысына ие. Қазір телеарна бағдарламаларын формасы мен сапасы жағынан жетілдіру үстінде. Жаңа маусым­ның жаңалығы – белгілі тележүр­гізуші Назира Бердалының жүр­гізуімен «Алтын сақа» интеллек­туал­дық бағдарламасын жаңа фор­матта түсіру жоспарланып отыр. Қымбат Досжанның «Сыр­лы әуен» авторлық жобасы ұсы­нылмақ. Бұл жобада классикалық шығармалардың дүниеге келу тарихы баяндалады. Сонымен қоса, Зира Наурызбаеваның өзін­дік зерттеулеріне негізделген этно­графиялық бағыттағы «Ұршық» жобасы эфирге шығады. Қазақ телевизиясына 65 жыл Ал Balapan көрерменге контент ұсынатын телеарна ғана емес, ата-ана, мектеп, қоғам үшін бала тәр­биесіндегі көмекші ұйым ретінде де қызмет етіп келеді. Жалпы ада­ми құндылықтардан бастап, отан­шылдық сезімді, ғылыми тақы­рыптарды, ғаламдық маңызы бар мәселелерді өскелең буынға тү­сіндіру және олардың таным көк­жиегін қалыптастыру, дүние­та­нымын кеңейтуге үлес қосу – ба­лалар арнасының міндеттеріне кіреді. Кейінгі онжылдықта дү­ниеге келген ұрпақтың ана тілінде анық сөйлеп, ойын көркем жеткізе алуына Balapan-ның ықпалы зор екенін айта кету керек. Сондықтан арна нәтижелі жұмыс істеп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Бұған телеарнаның рейтинг көрсеткіш­тері де дәлел бола алады. TNS Central Asia компаниясының зерттеуі бойынша, Balapan 2020 жылдан бері республикалық топ 7 телеарна тізімінде. Спорттық арнамыз Qazsport телеарнасының ашылғанына биыл 10 жыл болады. Телеарна қазір отандық жарыс­тардың трансляциясын көбейтті. Шетелдік трансляцияларға ке­летін болсақ, әлемдік деңгейдегі додалар мен қазақстандық спорт­шылардың қатысуымен өтетін сайыстарға көңіл бөлінеді. Со­нымен қатар бұқаралық спорт, балалар спортын насихаттау басты назарда. Осы 10 жыл ішіндегі не­гізгі жетістік ком­ментаторлардың кәсіби деңгейінің бір ізге түсуі деп айтуға болады. Спорттық арна ретінде Qazsport бұл бағытта тіл мамандарымен жүйелі жұмыс­тар жүргізді. Соның нәтижесінде спорт жанкүйерлері тарапынан айтылатын сын азайды. – Көпшілік арасында «теледи­дар қарайтындар аз, дәуірі өтті» дегендей пікір қалыптасып жатқаны жасырын емес. Қажетті ақпарат алуда әлеуметтік желілердің ықпалы басым екені тағы рас. Мәселен, соңғы 2-3 жылда телеарналардың түгелі дерлік әлеуметтік желідегі парақшаларын белсенді жүргізуге көшті. Сонда шынымен телеарна­лардың дәуірі өтіп бара жатыр ой­лауымызға негіз бар ма? – Бұл оймен келіспеймін. Шын мәнінде, уақыт өткен сайын тек ақпаратты аудиторияға жеткізу әдістері өзгереді. Әлеуметтік же­лінің ыңғайлы платформа екені рас. Бірақ оны дәстүрлі БАҚ-пен салыстыру немесе бәсекелес ре­тінде қарастыру қисынсыз деп бі­лемін. Әлеуметтік желіде отырған аудитория да негізінен телеарналар өндірген өнімді тұтынып отыр деп сеніммен айтуға болады. Genesis-тың соңғы статистикасы бойынша, қазіргі күні Youtube-тың қазақ­стандық сегментіндегі 13 миллион пайдаланушының 12 миллионы TV каналдардың жобаларын көреді екен және ең көп аудиториясы бар каналдар телеарналарға тиесілі. Олардың қатарында әріптестеріміз «7 арна», «Хабар», «КТК» телар­наларының да YouTube желісіндегі жазылушылар санын айтуға бо­лады. Қазір біздің Корпорация интернет кеңістігіндегі пайда­ла­нушылар саны бойынша көшбас­шы. Тек әлеуметтік желідегі парақ­шаларымыздың оқырмандар са­ны 8,5 миллионға жетті. Яғни, бұл 8,5 милллион аудитория теларна мамандарының өндірген өнімін тұтынып отыр. Одан кейін, тағы бір ресми дерек бар, көпшілік басқа БАҚ-қа қарағанда телеарна жаңалықтарына сенім білдіреді. Осы тұста айтып өтетін тағы бір мәселе – жарнама тақырыбы. Әлбетте, нарық заманында жарна­масыз болмайды. Онсыз көрер­менге ұсынатын қызықты жоба­лардың барлығына бірдей қаражат табуымыз қиын болар еді. Жарнама нарығының басым бөлігі теле­ар­наларда. Орта Азия жарнама қа­уымдастығының мәліметінше, өткен жылдың соңғы үш айында ғана қазақстандық телеарна­лар­дағы жарнама көлемі 5 пайызға өсіп, жалпы көлемі 35 миллиард тең­геден асқан. Ал оның басым бөлігі телевизия саласына тиесілі. Яғни, бұл аудитория әлі де теле­арналар алдында отырғанын біл­діреді. «Телеарналар дәуірі өтіп ба­рады» деген пікір бұған дейін де айтылып келді, бірақ қазір кері­сінше, уақыт өткен сайын оның рөлінің, маңызының артқанын аң­ғарып отырмыз. Телевизия ма­маны ретінде біз оның болашағына сенеміз. – Әңгімеңізге рахмет!