Қазақтың көрнекті ақыны Қайнекей Жармағанбетовтің «Әр адам – ашылмаған бір роман» деген өлең жолы жадымда жатталып қалып еді. Мұны бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың жары, еріне қызмет етудің адамзат тарихында кездесе бермейтін ерен үлгісін көрсеткен Мария Шоқайдың тағылымды тағдыры еріксіз еске түсіріп отыр.
Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі мен асыл мұрасы кезінде сағыныштан сарғайтқан туған еліне тәуелсіздіктің елең-алаңында ғана оралды. Ұлы тұлға туралы осы кезге дейін бірнеше кітап пен монография жазылып, шығармаларының он екі томдық толық жинағы шықса, ал оның жары Мария Шоқай туралы аз-кем мәлімет енді белгілі бола бастады, бірақ тіпті мардымсыз.
Осы кезге дейін қолымызға түскен орыс тілінде жарық көрген «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетелдік архив құжаттары» атты кітапта «Гурина (туғандағы тегі – Ә.Б.) Мария 1890 жылғы 23 желтоқсанда Вильнюсте дүниеге келген. Әке-шешесі – Яков және Анастасия Карцинкиндер. Одесса операсының әншісі болған» деп жазылған. Төрт жасынан он алтыға дейін Одессада тұрады. 1912 жылы Мәскеу операсының труппасында болады. Өзінен 20 жас үлкен кісіге күйеуге шыққанына қарағанда әке-шешесінен ерте айырылып, кейінгі тағдыры, тұрмыс жағдайы қиындау болған сияқты. Ал өзі ерекше терең түсіне білген, айрықша қастерлеген Мұстафа Шоқаймен 23 жылдан астам бірге тұрған, сондай-ақ жары құпия жағдайда қайтыс болғаннан соң 28 жылғы өмірін өзі жазып кетті.
«Тар жол, тайғақ кешу»
Мария Яковлевна Горина Мұстафа Шоқаймен алғаш рет 1916 жылғы тамыз айында Ташкентте танысты. Мұстафа Петербордан Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мемлекеттік Дума мен Үкіметтің тыңдауына Думаның жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев жетекшілік еткен құрамында фракция мүшесі Ш.Мұхамедияров және кейін қосылған депутат А.Керенскийлер бар делегацияның аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде келген еді.
Делегацияның мақсаты 1916 жылғы патша үкіметінің тылдағы жұмысқа 19-43 жастағыларды алу туралы жарлығына қарсы Түркістан өлкесінің жергілікті халқының көтерілісін қатыгездікпен басқаны туралы арнайы материалдар жинау болды. Тексеру жұмыстарына Ташкент өлкелік прокуратура мүшелері қызу араласты, оның құрамында Мария Горинаның күйеуі де бар еді. Комиссия мүшелерімен бірге Мұстафа Шоқай бұлардың үйлерінде бірнеше рет болып, опера әншісі жас қонаққа арнап, бірнеше ән де шырқады. Сондай-ақ генерал Сахиб-Гирей Еникеевтің балаларымен, Ташкент гимназиясында оқыған кездегі Мұстафаның достарымен бірге қызықты өткізген күндері туралы Мария Горина өзінің «Менің Мұстафам» атты естелігінде астаналық модамен өте әдемі киінген, тәрбиелі, өте ұқыпты жанның қасында жүру аса қызықты көрінетін деген жолдар бар.
Келер 1917 жылдың сәуірінде Ташкентте өткен Түркістан өлкелік мұсылмандарының бірінші құрылтайында орталық кеңес құрылып, Мұстафа Шоқай осы кеңестің төрағасы болып сайланады. Ал 27 қарашада Түркістан мұсылмандарының IV Төтенше құрылтайында Ресей құрамында Түркістан Мұқтариятының әуелі министрі, екі аптадан кейін Премьер-министрі болады. Алайда барлығы 64 күн өмір сүрген Орта Азиядағы жаңа тұрпатты мемлекеттік құрылымды Кеңес үкіметі құлатып, Қоқанды жермен-жексен еткенде Мұстафа бас сауғалап, Ферғана тауларын аралап, талай тағдырды бастан кешіріп, Ташкентке оралады. Өзіне қиын-қыстау кезеңде сүйеніш болатын адам іздеді. Таңдау 1916 жылдан танитын, бірақ арада өткен бірер жылда кездесе қоймаған Мария Яковлевна Горинаға түседі. Мұндай қадамға баруға бұрын табиғатын таныған жанның кейінгі отбасылық жағдайы, он жыл отасқан күйеуімен ажырасып, енді пойызға билет алып, Мәскеудің опералық театрында тұрақты жұмысқа дайындалып жүрген кезі сай келді. Көктемнің шығуына байланысты Мария Яковлевна бұрынғы үйіне жаздық киім алу үшін кешкілік келгенде алдынан үлкен ғимараттың бір бөлігінде үй иесімен келісіп уақытша тұрып жатқан, қасында қорғаушысы бар Мұстафа шығады. Ол Мария Яковлевнаны көргеніне қуанышты екенін, он күннен бері өзін іздеп таба алмай жүргенін айтады. Бұл кездесу Мария Яковлевнаға төбеден жай түскендей болады. Өйткені ол Түркістан үкіметінің құрылғанын, бірақ оны большевиктер құлатып, басшысы Мұстафа Шоқайды және басқа лауазымды қызметкерлер өлтірілді дегенді естіген еді.
Жай-жапсарды толық біліп алған соң Мария Горина өз өтініші бойынша Мұстафаны басқа қонысқа орналастырып, әскери киім кигізіп, оны ешкім танымастай етіп өзгертеді. Күнделікті қатынап, азық-түлік жеткізіп тұрады. Мұның аяғы екі арысты мәңгілік табыстырады. Мұстафаның талап етуімен христиан дініндегі Мария мұсылмандықты қабылдап, сәуірдің 18-і күні екі өзбек жігітінің куәлік етуімен ескі Ташкент қаласының имамы некесін қияды. Сол күннен бастап Мария Яковлевна өзіне Шоқай атын қосып алады.
Енді Мұстафаның өмірін сақтап қалу үшін Ташкенттен кету керек болды. Оның басына большевиктер 1 000 сом бәйге жариялаған еді. Сондықтан ол қаладан тысқары жерге аттап баса алмайды Іздестіру шаралары өте жіті жүріп жатқандықтан, Мария Шоқай жарын ауыр жаралы ретінде Мәскеуге алып кетуді ойластырады. Науқасына байланысты операция жасауға апара жатқандай оның аузы мен мұрнын ауа жұту үшін ашық қалдырып, басын жақсылап таңып, оны оңайлықпен адам танымайтын етіп мамырдың бірі күні стансаға келіп, пойызға отырады. Көп ұзамай жолаушылардың билеттері мен рұқсат қағаздарын тексеру басталады. Мұны көріп, бұлар не істерін білмей қатты абыржиды. Тиісті құжаттар дайын болғанымен, бет-жүзін ашып тексерсе, Мұстафаны танып қоюы мүмкін еді. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, келер купеге өтіп кетеді. Осылайша, бұлар тексеруден құтылады.
Пойыз Ақтөбеге жеткеннен кейін ары қарай жүре алмай, тоқтайды. Орынбор бағытындағы теміржол соғысқа байланысты жабылып қалған еді. Содан бұлар түрлі көлікпен алдымен Орынборға, содан соң Самара арқылы Уфаға, Екатеринбургке барады. Мұстафа Шоқай осындағы үлкен жиынға Әлихан Бөкейханмен бірге қатысады. 1918 жылғы 19 қарашада таратылған Құрылтай мәжілісінен кейін арнайы делегация құрамында Америкаға виза алып, Вильсонға бармақшы да болады. Алайда Челябинскіде қалыптасқан жағдайға байланысты Мұстафа Шоқай мен осы жиынға қатысқан украиндық Вадим Чайкин екеуі бөлек, Кавказға қарай кетуге мәжбүр болады. Бірақ өздерінің бағыты мен қажетті мәліметтер туралы тұрақты хабар беріп отырады да, Мария Шоқай 1918 жылдың 24 желтоқсанында Челябинскіден шығып, «біресе қиыншылыққа толы, біресе зиялы алақандарға тап болып» 1919 жылдың 20 сәуірінде Бакуге жетеді. Бірнеше күннен кейін мамырдың 1-інде Тифлисте пойыздан түскенде, стансада қолында бір шоқ гүлі бар Мұстафа Шоқай күтіп алады. Содан әуелі Тифлистегі Головин көшесіндегі «Ореан» қонақүйінде болып, кейін қаланың Грибоедов көшесіндегі 23-ші үйде тұрады.
Мұстафа Шоқай жергілікті «Вольный горец», «Борьба» газеттерінде жұмыс істейді. Грузия үкіметінің қаржылай жәрдемімен Тифлисте «На рубеже» айлық журналын өз редакторлығымен шығарады. Бірақ журналдың алты саны ғана жарық көреді. Ал Мария Шоқай консерватория жұмыстарымен шұғылданады. Тифлистің музыка мектебіне жазылып, ән сабақтарына қатысады. Бұл мектеп кейін Ұлттық консерваторияға айналады. Осындай мазмұнды күндер 1920 жылдың желтоқсан айына дейін созылады. 1921 жылдың ақпанында Серго Орджоникидзе басқарған Қызыл армия Тифлиске келіп, қаланың быт-шытын шығарып, басшыларын тұтқындай бастайды. Мұстафа мен Мария Шоқай алдымен Батумиге жетіп, кейін Италияның кемесіне мініп Түркияға тартады. 1921 жылдың 22 сәуірінде екеуі Ыстанбұлға жетеді. Араға екі айдай уақыт салып Францияға келіп, орналасады. Бұған себеп сол кездегі Франция үкіметінің заңдары шетелдік пана іздеушілер (эмигранттар) үшін демократиялық тұрғыдан басқа елдерге қарағанда әлдеқайда қолайлы болған көрінеді.
Мұстафа Шоқай енді азаттық үшін күресті қаламның күшімен бастаса, Мария Шоқай өзінің кәсіби мамандығы бойынша өнер саласымен айналысады. Ол өз естеліктерінде: Мальчевскийдің орыс хорына қатысқанын, Эльхамра Олимпиа театр сахнасында ән шырқағанын, ал Доминов театрларының құрамында Италия, Англия елдерінде өнер көрсеткенін еске алады. Алайда көп ұзамай эмигранттар жат жердің қиындықтарына жолығады. Екеуінің табысы күнкөрісіне жетпей, ақшалары таусылып, тұрмыстары қиындайды. Қалталарында көк тиын қалмай, тіпті үйлерінде жұртқа дәм дайындап, күнелтудің қамымен айналысқан жайлары да аз болмайды. Осылай басталған шетелдегі тағдырдың бұдан былайғы 20 жылдан астамының рақаты да мол болды дей алмаймыз. Мұстафа Шоқай елім деп, түркі жұртым деп, солардың болашағы үшін өзінің Алла берген бар қабілетін салып күрессе, Мария Яковлевна жан жарым деп өмір сүрді, бәрінен бұрын оның жайын ойлады. Ері күлсе қуанды, уайымдаса қайғырды.
Мұстафа Шоқай тап болған тағдырдан Мария Шоқайдың өмірін әсте бөліп қарай алмаймыз. Саясатпен тікелей айналыспаса да күйеуін түсінетін, оның барлық іс-әрекетін қолдағанды сүйетін ол: «Мен ешқашан саясатпен айналысқан адам емеспін, білмеймін де. Төңкерістің де не үшін болғанын түсінген емеспін» дейді бір сөзінде. Бірақ жарының қарым-қабілетін таныды, халықшыл қайсар ерекшелігі мен төңірегіндегілерге жел болып тимейтін жібектей мінезінен қуат алды. Сергек те сезімтал жан күйеуінің қас-қабағынан оның ішкі жан дүниесін терең ұғынып, үлкен жүректі адал жары болды.
Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдар докторы