Қазақстандағы ең ықпалды әйел кім
Қазақстандағы ең ықпалды әйел кім
11,085
оқылды
Бұған дейін Қазақстан саясатында ең ықпалды әйел ретінде Дариға Назарбаеваның есімі аталып келді. Алайда 2022 жылдың ақпанында Мәжілістегі мандатын өткізген соң Назарбаеваның ел саясатындағы ықпалы да әлсіреді. 8 наурыз қарсаңызда Stan.kz тілшісі саясаттанушылардың пікірін біліп, елдегі ең ықпалды әйелді анықтап көрген еді. Саясаттанушы Замир Қаражанов Дариға Назарбаеваның ықпалы отбасымен байланысты болды деген пікірде. Дегенмен қазір Қазақстандағы ең ықпалды әйелдің есімін нақты атау қиын дейді.
"Ықпалды дегеніміз өз саласында ғана емес, өзге салада шешім қабылдауға әсер ете алатын адамды айтамыз ғой. Сондықтан алдымен "Қазақстан халық банкі" АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованы ықпалды әйелдердің қатарына қосуға болады. Банк саласындағы бұл кісінің беделі өте жоғары әрі елдегі негізгі банкті басқарып отыр. Әйткенмен ол барша Қазақстанға ықпал ете алады деп айту қиын", – дейді ол. Замир Қаражановтың сөзінше, министрліктерді басқарып отырған әйелдердің ықпалы тек өз саласында ғана екенін қосып өтті. Сәйкесінше олар қабылдаған шешімдер ведомство аясында ғана шектеліп қалады. Айта кетейік, бүгінгі таңда Еңбек, Денсаулық сақтау және Экология министрліктерін әйелдер басқарып отыр.
Саясаттанушы қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар жайлы айтып берді. Оның пайымдауынша, белсенділер қоғам сеніміне ие болғанымен, саяси және әлеуметтік деңгейдегі шешімдерге еш әсер ете алмайды.
"Ең алдымен, ықпал ету аумағы туралы ұмытпайық. Шұғыл жағдайда шешім қабылдайтын қоғам белсенділері емес. Оларға қоғам сенеді, атақ-беделі бар. Алайда дипломатиялық тұрғыда еркін шешім қабылдау олардың құзырында емес. Мемлекеттік органда қызмет етпегендіктен ықпалы да әлсіз болады", – деді ол. Премьер-министрдің экс-кеңесшісі, Алматы мәслихат депутаттығына үміткер Гүлбану Пазылхайырова сайлауалды кезеңде Зәуреш Батталованың ықпалы арта түскенін мәлімдеді.
2023 жылға Қазақстан қалаларына арналған ораза кестесі жарияланды
"Зәуреш Батталова бүгінгі таңда тәуелсіз кандидат әйелдердің басын қосты. Меніңше, ол еліміз үшін үлкен жұмыс атқаруда. Себебі әйелдерге кеңес беріп, ел қамы үшін жұмыс істейтін Парламент құруға өз үлесін қосып жатыр деп білемін", – деп түсіндірді Гүлбану Пазылхайырова.
Саясаттанушы Андрей Чеботаревтің пікірінше, қазіргі уақытта Қазақстанда бірнеше ықпалды әйел бар екен. Солардың бірі – Аида Балаева.
"Бірінші президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваны айтар едім. Ол ішкі саясат пен оны құрамына жауап береді. Сондықтан елдегі саяси ықпалы да жоғары деген сөз. Оның үстіне бұл салада бірінші жыл қызмет етіп жүрген жоқ. Бұған дейін Алматы әкімдігінде лауазымды қызмет атқарып, кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін басқарды. Екінші, Конститутциялық сот төрағасы Эльвира Азимова. Бұған дейін ол адам құқығы бойынша уәкіл болды. Конституциялық сотқа қарапайым адамдар арыз түсіріп, ресми үкімге, заң аясында шығарылған шешімге әсер ете алады. Мұның өзі Азимованың ықпалы басым екенін көрсетеді. Сонымен қатар Үміт Шаяхметованы да бұл тізімге қосар едім. "Қазақстан Халық банкі" бүгінгі таңда жетекші қаржы институтына айналды. Ал Шаяхметова осындай үлкен банкті 2009 жылдан бері басқарып отыр. Демек Үміт ханым қазір тек банк саласында ғана емес, кәсіпкерлік ортада да ықпалды деген сөз", – деп түйіндеді Чеботарев.
Ал Ғазиз Абишевтің сөзінше, қазір елдегі саяси жағдай тұрақсыз, сайлаудан кейін түрлі өзгерістер болуы мүмкін дейді. Сәйкесінше мұндай өзгерістер шенділердің саяси ықпалына әсер етеді екен.
"Сайлаудан кейін бірі саяси күшке ие болса, екіншісі ықпалынан мүлде айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан нақты бір адамның есімін атау өте қиын. Дегенмен дәл қазіргі уақытта "Қазақстан Халық банкі" төрағасы Үміт Шаяхметова, Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Наталья Годунова, президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева, президент телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева белгілі деңгейде өте ықпалды әйелдер қатарына қосылды. Бұлардың ішінен нақты бір әйелдің есімін бөліп-жарып атау қиын", – дейді саясаттанушы.