Кәсіпкер студенттерге стипендия тағайындап, эндаумент қорға қаржы аударды
Кәсіпкер студенттерге стипендия тағайындап, эндаумент қорға қаржы аударды
730
оқылды
ЕҰУ мен «Astana Clinic» ЖШС ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Компания басшысы Борис Чен ENU Endowment Fund қаржы аударды және университет студенттеріне ай сайынғы стипендия тағайындады. Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және «Astana Clinic» ЖШС директоры Борис Чен қол қойды. Тараптар бірлесе ЖОО студенттері мен оқытушыларына сапалы медициналық қызмет көрсету үшін қолайлы жағдайлар жасауды жоспарлап отыр. Кездесу аясында бизнесмен Борис Чен Еуразия ұлттық университетінің белсенді 5 студентіне 50 000 теңге көлемінде  ай сайынғы шәкіртақы тағайындады. Сонымен бірге кәсіпкер әлеуметтік жауапкершілік танытып, ENU Endowment Fund қорына 10 млн теңге көлемінде қаржы аударды. Ректор Ерлан Сыдықов Борис Ченге алғыс білдіріп, оған меценаттардың университет дамуына қосқан үлесіне арналған Даңқ ағашының жапырағын табыс етті.
 «ЕҰУ-да студенттердің арасында сабақтастық сақталуда және жақсы дәстүрлер көбейіп келеді. Біздің кәсіпкерлер мен түлектер ЖОО өміріне белсенді қатысады және адами әлеуетті дамытуға ғана емес, бүкіл елдің болашағына өз үлестерін қосуда. Еуразия ұлттық университетінің негізгі міндеті – студентке бағытталған оқыту. Осыған байланысты біз студенттердің әлеуметтік қамсыздандырылуына, оның ішінде денсаулығына қатты мән береміз. Жаңа студенттік үйдің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның бірінші қабатында емхана орналасады. Серіктестерімізге Университет өміріне қатысқаны және оның өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғысымды білдіремін», – деп атап өтті ЕҰУ ректоры.
«Astana Clinic» ЖШС директоры Борис Чен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңыздылығын атап өтті.
 «Жасыратыны жоқ, ЕҰУ бұл еліміздегі жетекші университеттердің бірі. Ұлттың жетістігі екі негізгі факторға – денсаулық пен білімге байланысты. Біз Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен қызметкерлеріне 6 жыл бойы қызмет көрсетеміз. Бүгін біз білім беру саласына өз үлесімізді қосуды шештік – студенттерге біздің емхананың шәкіртақысын беру арқылы қолдау көрсету және университеттің эндаумент қорына үлес қосу. Біз ЕҰУ білім алушылары мен қызметкерлеріне қызмет көрсететін еуропалық стандарттар бойынша клиниканы жабдықтаймыз», – деп атап өтті кәсіпкер.
ЕҰУ стратегиялық даму бойынша проректоры Думан Айтмағамбетов жоғары білім беру саласындағы әлеуметтік жауапты инвестициялардың және эндаумент қорлардың маңыздылығына тоқталды.
«Эндаумент қордың мақсатты капиталына қол сұғылмайды және оның жинақтау сипаты бар. Одан түскен инвестициялық табыс есебінен ғана жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыру жоспарлануда. ENU Endowment Fund  құрылтайшылары – ЕҰУтүлектері мұқтаж студенттерге гранттар мен стипендиялар тағайындау арқылы қолдау көрсетуді, білім алушылардың ғылыми-инновациялық және кәсіпкерлік қызметіне жәрдемдесуді және талантты жастарға қолғабыс етуді жоспарлап отыр. ENU Endowment Fund қазір қалыптасу кезеңінде. Түлектерді және кәсіпкерлерді әріптестікке шақырамын», – деп атап өтті проректор.
ЕҰУ 2 курс студенті Назерке Ұлан университеттің қоғамдық өміріне белсенді атсалысады. Ол «ENU volunteers» қатарында мұқтаж адамдарға көмектесіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосып келеді.
«Ай сайынғы стипендия тағайындау мен үшін күтпеген жағдай болды. Бұл – ең бақытты сәттердің бірі. Бұл мүмкіндік бәріне бірдей берілмейді. Мен студенттерге қомақты қолдау көрсеткені үшін өз университетіме, эндаумент қорға және кәсіпкерге алғысымды білдіремін. Мен өзім бірінші курстан бастап еріктілікпен белсенді айналысамын. Біз балалар үйлеріне, мереке күндері қарттар үйлеріне барамыз, оларға жақсы көңіл күй сыйлауға тырысамыз. Қазақстанда еріктілер қозғалысының дамуына үлес қосқым келеді», – деп  бөлісті Назерке.
Айта кету керек, ENU Endowment Fund-ты өткен жылдың сәуір айында университет түлектері құрды. Қорға 10 млн теңге көлемінде алғашқы жарнаны ENU Endowment Fund құрылтайшыларының бірі, ЖОО түлегі Дмитрий Инютин салды.