Адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіреді
Адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіреді
401
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төраға­лығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарап, депутаттық сауалдарын жолдады. Отырыс барысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл құжат мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік саяси қызметшілердің жа­уап­кершілігін күшейтуге және сы­бай­лас жемқорлық қылмыстарының алдын алуға бағыт­талған. Сондай-ақ заңда мемлекеттік органдарға келі­сім­шарттық қызметшілерді жұмылдыруға және рота­циялау тетігін жетілдіруге қатысты ережелер де бар. Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжы­майтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Аталған құжаттағы нормалар цифрлық ақпа­ратты көрсете отырып, жария кадастрлық карта бойынша «Электронды Үкіметтің» веб-порталы арқылы жерге тиісті құқықтарды беруді көздейді. Одан бөлек, қалалық елді мекендердегі жер учаскесі мен жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкес­тендіру құжаттарын бір «жылжы­майтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортына» біріктіруді ұсынады. Сенаторлар талқылау нәтижесінде заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Палата отырысында «Қазақстан Респуб­ликасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қарал­ды. Сенат депутаттары жаңа нормаларды кон­цептуалды тұрғыда қолдай отырып, заң жобасына бірқатар түзету енгізді. Нәтижесінде, заң Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен қабылданды. Құжатқа енгізілген түзетулер Мемлекет басшы­сының Жолдауларынан туындайтын тапсырмаларды іске асыруға, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерінің норма­ларын жетіл­діруге арналған. Сенат енгізген 45 түзетудің қатарында азаптағаны үшін жауапкер­шілікті күшейтуге, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін қылмыстық жауапкер­шілікті енгізуге, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбы­лық саласына және тағы басқа мәселелерге қатысты нормалар бар. Сондай-ақ төтенше және толық қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеу шарттары қайта қаралды.
«Президентіміз адам құқықтары және заң үстемдігі бойынша қабылдануы қажет шараларды айқындап берді. Бүгін қабылданған заң адамның қылмыстық сот төрелігі, жазаны атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекет­тердің алдын алу саласындағы құқықтарын күшейтуге арналған. Оның ішінде ауыр сырқатқа шалдыққандардың, кішкентай баласы бар аналардың, алғаш рет сотталған­дар­дың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Алдағы уақытта заң адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар депу­таттық сауалдарын жолдады.