Су қауіпсіздігі мәселесі талқыланды
Су қауіпсіздігі мәселесі талқыланды
379
оқылды
Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отырысы өтті. Онда қатысушылар су қауіпсіздігі мәселесін талқылады. Отырыс барысында сарапшылар су резервтерін басқаруды жақсарту жөнінде ұсыныстарын жасап, пікірлерін де білдірді. Іс-шараға Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қатысты. Отырысты ашқан Сенат Төрағасы су тапшылығы және оның сарқылуы алдағы кезеңдегі жаһандық сын-қатерлердің бірі болатынын атап өтті.
«Сумен қамтамасыз ету мәселесі Орталық Азия, оның ішінде біздің еліміз үшін өте өзекті. Қазақстанның бірқатар өңірінде су тапшылығы айтарлықтай сезіледі. Сондай-ақ ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік кешеннің дамуы да көбіне елдің сумен қамтамасыз етілуімен байланысты», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар Палата Спикері іргелес мемлекеттермен су бөлудің және транс­шекаралық өзендерді бірлесіп пайдаланудың маңызына назар аударды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді шешу үшін Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеуді тапсырды. Қазір қолданыстағы Су кодексі 2003 жылы қабылданған. Содан бері оған 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Бұл құжатта су, ең алдымен, өндіріс факторы ретінде қарастырылады. Ал суды үнемдеу, суды үнемді пайдалануды ынталандыру мәселелері ескерілмеген. Сондықтан қазір Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен депутаттардың алдында жаңа Су кодексін әзірлеу міндеті тұр. Ол құжатта су саясатына қатысты жаңа, заманауи тәсілдер ұсынылуға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова отырысқа қатысушыларға су саласындағы проблемаларға кешенді көзқарасы және бүгінгі жағдайды жан-жақты талдағаны үшін алғысын білдірді. Іс-шараға қатысқан Жас сарапшылар клубының мүшелері де тұжырымдаманың орнықты дамуы мен практикада қолданылуына, әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен экожүйелерді сақтауға, климаттық тәуекелдерді реттеудің халықаралық тәжірибесіне және су қауіпсіздігінің басқа да өзекті мәселелеріне қатысты ойларымен бөлісіп бірқатар ұсынысын айтты.