ХХ ғасырда Қазақстандағы өзен-көлдерге жоспарлы және жоспарсыз түрде өте көп балықты бейімдеу, жерсіндіру жүргізілді. Арада 60-80 жыл өткенде бұл балық түрлері жергілікті экожүйеге толық сіңісті деп саналады. Алайда олар кейбір жергілікті балық түрін ортадан ығыстырып, жойып жіберді. Мамандар экологиялық салдардың бар екенін жасырмайды, алайда олар елімізде кәсіптік балық саны көбейіп, ауланатын түрдің артқанын алға тартады. Кеңес Одағы тұсындағы жоспарлы жерсіндіру шалағайлықпен жүргізілген. Кәсіптік балықтар арасында жеуге жарамайтын, құнсыз саналатын, тіпті жергілікті балыққа қауіп төндіретін жыртқыш түрлері де араласып кеткен. Экожүйе осы соққыдан көп уақыт өтсе де, әлі есін жиған жоқ.
Тәуелсіздік жылдары балықты жоспарлы жерсіндіру немесе бейімдеу жүргізілмеді. Алайда жатжерлік балықтар елдегі су қоймаларына әлі де келіп жатыр. Ихтиофаунаны мониторингтеу барысында соңғы 20 жылда елімізде жоқ қара табан балық, пелядь, тиляпия, медака, вьюн, горчак секілді балықтар тіркелген. Мұның көбі шекаралық өзендер арқылы келген инвазивті түрлер.
Оған Қазақстан 2000 жылы мақұлдаған «Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы» Хельсинки конвенциясы да кедергі келтіре алмай жатыр. Өйткені құжатты көршілес Орталық Азия елдері мақұлдамаған. Мысалы, Іле өзеніне қытай кекіре балығы, қытай шырма балығы, жапон медакасы ҚХР тоған шаруашылығынан келіп түскен. Сондықтан мамандар Қытаймен бөтен түрлердің таралып кетуінің алдын алу және бақылау жөнінде екіжақты келісім жасауды ұсынады. Осыған қосымша шекарааралық өзен-көлдердегі балық қорын бірлесіп реттеу және пайдалану туралы екіжақты келісім әзірлеу және оны мақұлдау қажет екен.
Біз сөзге тартқан биология ғылымдарының кандидаты Гүлназ Баринованың айтуынша, Қазақстандағы 156 балық түрінің үшеуі инвазиялық жолмен таралған. Мамандар ихтиофаунаның ішінде 26 бөгде түр бар деп есептейді. Олардың көбі жоспарлы түрде, балық өнімділігін арттыру саясатымен Кеңес Одағы кезінде жергілікті табиғатқа қолдан бейімделіп, жерсіндірілген. Бастапқыда еліміздің басқа аймақтарында тіршілік ететін кәсіптік маңызы бар көксерке, жайын, бекіре балықтары таратылды.
Одан кейін солтүстік өңірлерге ақсаха, еуропалық көкшұбар, пелядь балығы әкелінді. Аралға Балтық майшабағы, Сырдария мен Балқаш бассейндеріне – ақ амур, ақ дөңмаңдай, амур бұзаубасы жерсіндірілді. Осылардың шабағының арасында Амур жалған теңге балығы, атерина, көпқабыршақты анабарилиус, үш ерінді балық та араласып кеткен. Оны кездейсоқ таралды деп жүр. Жыланбас, қырлықұрсақ балық, теңбілкекіре, Амур шабағы, қытай элеотрисі Өзбекстанға осылай таралып, кейін Сырдариямен бізге келіп жетті.
Шығыс Қазақстан су қоймаларына кәсіптік ихтиофаунаны мақсатты түрде қалыптастыру үшін сазан, тыран, көксерке және рипус, байқал омулы, пе-лядь, чир, муксун, тұқы, ханбалық, ақ амур, дөңмаңдайлар жерсіндірілген.
Балқаш–Алакөл бассейніне өте көп балық жерсіндірілген
Балқаш–Алакөл бассейніндегі ауланатын балықтың көбі мақсатты түрде жерсіндірілген. Сондықтан біз оған жеке тоқталып отырмыз. Балқаш көліндегі балық түрінің 50 пайыздан астамы жоспарсыз келген қоныстанушылар.
Гүлназ Баринованың айтуынша, Балқаш көлінде бастапқыда 5 балық қана болған. Бұл – Балқаш алабұғасы, өзен салпы еріні, талма, Балқаш және Іле шармайы.
«Осыншама ірі көлде бес балық түрі деген өте аз. Жерсіндіру арқылы қазір Балқашта 25-тен астам балық түрі бар. Абориген, эндемик түрлері жойыла бастаса да, кәсіптік түрде ауланатын балық түрі көбейді. Қазақстанда ауланатын балықтың 25 пайызы Іле–Балқаш су алабынан алынады. Қапшағай, Іле, Балқаштан сазан, ақмарқа, жайын, көксерке, алабұға, мөңке, табан, тыран кәсіптік балықтар ауланады», – дейді ол.
Алайда сырттан әкелінген ірі жыртқыш балықтар ұсақ абориген балықтарды жеп тауысты немесе көлден ығыстырып шығарды. Жетісу және кәдімгі гольян, талма балық, бір түсті талма балық сиреп кеткендіктен, Қызыл кітапқа алынды. Сонымен қатар Іле қарабалығы, Балқаш алабұғасы, шармай да жойылып бара жатқан түр ретінде Қызыл кітапқа енгізілген.
«Бұлардың сиреп кетуі жерсіндіру жұмысының салдарынан. Әкелінген балықтар эндемиктердің қорегіне бәсекелес болды, тұқымын өсірмей, шабағын жеп қойды», – дейді Гүлназ Баринова.
Балқаш алабұғасы – Балқаш–Алакөл су бассейнінің эндемигі. Тұрқы шағын салмағы 1,5 келіден аспайды. 1961 жылға дейін Балқашта жылына 2 300 тонна алабұға ауланып келген. Қазір саны күрт азайып, еліміздің ғана емес, халықаралық Қызыл кітапқа енгізілді. Мамандар алабұғаның азаюын тұрқы ірі көксерке, жайын, ақмарқа секілді жыртқыш балықтарды жерсіндіруден көреді. Сондай-ақ судың гидрологиялық құрамының өзгеруі де жағдайды нашарлатып жіберген.
«1940 жылдары өнімділікті көбейту үшін Қазақстанның басқа су қоймаларынан табан, көксерке, қарагөз (вобла) әкеліп бейімделді. Ихтиофауна көбейіп, балық аулау көлемі артты. Шаруашылық жағынан пайдалы болды. Алайда абориген жергілікті балықтың жағдайы қиындап кетті. Жерсіндірілген балықтар ішінде жоспардан тыс тарап кеткен балық түрлері де бар. Қиыр Шығыстан ақ амур, дөңмаңдай әкелінді. Олар кәсіптік емес, құнсыз балықтар. Олар да жерсінді, көбейді. Экожүйеге енді, қазір қорек тізбегіне қосылды», – дейді Зоология институтының Биоценология және аңшытанушылық зертханасының аға ғылыми қызметкері Александр Линник.
Жыртқыш жыланбас балықтан сақтану қажет
Еліміздегі инвазиялық түрге жататын, жергілікті экожүйеге қауіп төндіретін балықтың бірі ол – жыланбас. Өткен ғасырдың 50-60-жылдары Амур су қоймасынан Арал–Сырдария бассейніне кәсіптік балықтарды жерсіндіру кезінде кездейсоқ бізге келіп, еліміздің көп бөлігіне таралып кеткен. Тағы бір таралу тармағы – Қытайдан балық өсіру шаруашылықтарынан Іле өзеніне түсіп, Іле–Балқаш су алабына жетті. Қапшағай су қоймасында пайда болып, Балқаш көлінде көбейді. Ол уылдырықты көп салмайды, алайда оны күзетеді, қорғайды. Жыланбастың ерекше қасиеті ауамен тыныс алады. Жанкешті. Су тартылып, не құрғап қалса, ол балшық астында су келгенше ұзақ жата алады. Тіпті, құрлыққа шығып, келесі су қоймасына құрғақ жермен жете алады. Өте қомағай. Балық, шабақ, құс, су тышқаны, ондатр, бақаны жей береді. Ихтиолог Александр Линниктің пікірінше, жыланбастың шаруашылық тұрғысынан пайдасы жоқ емес. Өйткені ол ауланатын кәсіптік түрге айналған.
Соңғы кездері әуесқой балықшылар жыланбасты солтүстік өңірде «Есіл, Нұра өзендерінен кезіктірдік» деп отыр. Гүлназ Баринова осы өзендерге таралуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Есіл өзеніне жыланбас Нұра каналы таралуы мүмкін. Өйткені арнаның Балқашпен түйісетін тұсы бар. Қорғалжын қорығындағы көлдерді де осы балық кездесті деген мәлімет бар», – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, жергілікті балық түрлеріне қауіп төндіретін жыланбас Америкаға үлкен проблемаға айналған. «Бізде оны кәсіптік балық ретінде аулауға лимит қойылып отыр», – деп қынжылды Гүлназ Баринова.
Алайда Александр Линниктің айтуынша, жыл соңына қарай өткен ведомствоаралық комиссия жиынында осы кемшіліктің орны толтырылған.
«Жыланбас балығы «Жануарлардың халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларын аурудан алдын ала қорғау, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмау, ауыл шаруашылығы қызметіне айтарлықтай зиян келтіру қаупінің алдын алу мақсатында саны реттелуге тиіс түрлерінің тізбесіне» енгізілген», – дейді ихтиолог.
Сондай-ақ қазір ғалымдар жыртқыш балықтың санын реттеуді ойластырып жатыр. Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Ихтиология зертханасы меңгерушісі Ербол Сансызбаевтың айтуынша, қазір 47,5 тонна жыланбас балығын аулауға лимит берілген.
«Жаңылмасам, оны аулауға 2013 жылдан аздап лимит белгіленіп келді. Алайда бұл дұрыс емес еді. Өйткені оны толық аулап, санын барынша азайту керек. Бұл түр ел аумағында өте жылдам таралып барады. Біздің орталық осы шектеулерді алып, барынша еркін қимылға рұқсат беру мақсатында жұмыс істеп жатыр. Жыланбас су қоймасында шамамен 100 тонна деп есептесек, соның барлығын аулауға лимит берілмек. Бұл да – күрестің бір түрі. Қазір ведомствоаралық комиссия отырысында кішкентай шабағына дейін аулау жөнінде ұсыным бердік», – дейді маман. Сонымен қатар орталық Балық комитетіне жыланбасты аулағанда Салық кодексіндегі ақы төлеу жөніндегі тұсын да алып тастау жөнінде ұсыным берген. Яғни, балықшылар кәсіптік балықтың осы түрін шектеусіз, тегін аулап азайтуына мүмкіндік беру ұсынылып отыр.
Осы тұста Александр Линник солтүстік өңірлердегі өзен-көлдерге бейімделу мүмкіндігі жоғары, тағы бір қауіпті балықтың түрі көбейіп келе жатқанын алға тартты. Бұл – ротан балығы. Қиыр Шығыста Амур өзенінде тіршілік етеді.
«Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінде, Павлодарда Ертісте таралып кетті. Бұл агрессивті жыртқыш түрі. Бәрін жей береді. Жанкешті. Жоғарыда айтылған, жыланбас балық солтүстік су қоймаларына таралса, қаупі артады деп ойлаймыз. Алайда ол кәсіптік балық, жеуге жарамды, аулауға болады, шаруашылық жағынан пайдалы. Ал ротан тұрқы шағын, жеуге жарамайтын, құнсыз балық саналады. Ол таралып, саны көбейсе, жергілікті ихтиофауна үлкен залал келтіруі ықтимал» деген қаупі барын атап өтті ғалым.
Балық шаруашылығы мен балықтандыруда сақтық керек
Қазір елімізде балық шаруашылығын дамытуға мемлекет мән беріп отыр. Балық өнімдерін көбейтіп, ішкі сұранысты қанағаттандыру көзделген. Тоғандарда кәсіптік, тауарлық балық өсіру қолға алынып жатыр. Осы тұста Қытайдан келетін балықтың жат түрлері осы тоғанда өсіріліп, су қоймаларына түсіп кеткен балықтар екені еске түседі. Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Ихтиология зертханасының меңгерушісі Ербол Сансызбаев балық шаруашылығы қарқын алғанда қолда өсірілетін жатжерлік балықтардың өзен-көлдерге таралып, бейімделу ықтималдығы барын жоққа шығармады.
«Елімізде әлі де болса да балық өсіру аквамәдениеті жолға қойылмаған. Алматы облысы маңында балық шаруашылығы көп. Тоғандағы балықтар өзендерге кетіп қалып жатыр. Мысалы, қазір өзендерде пелядь кездеседі. Әзірге олар залал тигізіп жатқан жоқ. Бірақ мұндай қауіп бар. Өйткені балық шаруашылығы көбейе түскен сайын осындай ықтимал қауіпті жоққа шығара алмаймыз», – дейді Ербол Сансызбаев.
Осы тұста тағы бір ескере кетер жайт ол – өзен-көлдерді балықтандыру кезінде басқа түрдің табиғи ортаға «кездейсоқ» жіберілуі. Гүлназ Баринова бұл қауіптің мүмкіндігі төмен екенін, жалға алынған көлдерді балықтандырудың талаптары заңнамада барынша ескерілгенін атап өтті.
«Көлді жалға алар кезде онда биологиялық негіздеме жүргізіледі. Онда қандай балық түрі, өсімдік түрі бары анықталады. Ихтиолог, гидробиолог балықтың қорек түрлерін зерттейді. Жалпы биомасса есептеледі. Сол зерттеуге сай көлге кәсіптік маңызы бар балықтар жіберіледі. Ол түрдің жергілікті балықтарға зияны бар ма, жоқ па екені ескеріледі. Көп мөлшерде балықтандыру жүргізілсе, жергілікті балықтар популяциясына қауіп төндіріп, жойып жіберуі мүмкін», – дейді ол.
Александр Линник басқа елдерден әкелінген кәсіптік балықтың табиғатқа таралып кетуі әбден мүмкін екенін атап өтті.
«Тоғанда көбіне тұқы немесе ақ амур өсіріледі. Алайда осы су қоймасын басқа құнсыз, жыртқыш балықтардан тазарту қиын. Шабақтары араласып кетуі ықтимал. Сондықтан осындай шараларды өткізген кезде барынша мұқият болу керек», – дейді ғалым.
Оның айтуынша, бөтен түрлерді әуесқойлар әдейі таратуы мүмкін. Мысалы, әуесқой балықшылар Балқаш бассейнінде шортан аулауды армандайды. «Яғни, ең жақын су қоймасынан шорағай әкеліп жібере саламын десем, оған тыйым салуға, қадағалау жүргізуге мүмкіндік аз».
Қорды көбейту ғылыми зерттеуден басталса...
Қазір еліміздегі өзен-көлдерде балық қоры азайып барады. Александр Линниктің айтуынша, оған еліміздегі ихтофаунаның басты проблемалары себепші болып отыр. Оның пікірінше, бұл саладағы ең бірінші мәселе – еліміздегі барлық су қоймасында су деңгейінің төмендеп кетуі. Бұл тұста жаһандық климаттың өзгеруінің де салдары бар. Оған қоса, көрші мемлекеттерде су пайдалану деңгейінің артуы да оған ықпал етіп отыр. Айталық, Ертіс, Балқаш, Каспий секілді негізгі ірі су айдындары шекарааралық су қоймаларына жатады.
«Екінші мәселе – су қоймаларының түрлі затпен ластануы. Бұл – экологиялық мәселе. Еліміздегі ірі су қоймаларына су көршілес елдерден ағып келеді. Тек Қытайдан басталатын Қара Ертіс бізде Ертіске жалғасып Ресейге ағып барады. Ол бастау алатын Қытайда тау-кен өндіру орны көп, солардан ластанады, одан кейін бізде де суды ластайтын түрлі өндіріс бар. Сырдария бассейнінің ластануы Өзбекстанға және өзен ағып өтетін еліміздің аумағындағы түрлі өндіріс-өнеркәсіп орнына байланысты. Бұдан басқа, Қапшағай су қоймасын ластайтын өзендердің көбі Алматыдан ағып келеді», – дейді Александр Линник.
Ихтиофаунаның зерттелуіндегі маңызды мәселенің бірі – маман даярлау жайы. Қазір елімізде фундаменталды ихтиофауна зерттеушісі, өнеркәсіптік ихтиолог маманды жоғары оқу орындары әзірлемейді. Тек балық шаруашылығы, тауар балығын өсіруге бағытталған ауыл шаруашылығы мамандарын әзірлейді. Соңғы мәселе әкімшілік ұйымдастыруға қатысты, ол браконьерлікпен күрес, балық аулауды бақылауды реттеу жайы.
Тағы бір қуанышты жайт, балық өнімділігін көбейту саясатының салдарынан жойылып бара жатқан, Қызыл кітапқа енгізілген эндемик балықтар популяциясын қалпына келтіру мақсатында зерттеу жұмыстары қолға алынған.
«Қазақстандағы сирек кездесетін балық түрлерін зерттеп жатырмыз. Арнайы тізбе бар. Сирек кездесетін балықтардың қазіргі жағдайын анықтап, олардың өсіп-өнуі бәсең болғандықтан қолдан өсіріп, көбейтіп табиғи ортаға жіберуді көздеп отырмыз. Әзірге Арал қаязы, пілмай, Балқаш шармайын зерттеуді қолға алдық. Жұмыс екі жылдан бері жүргізіліп жатыр», – дейді Ербол Сансызбаев.
Адамның табиғатқа орынсыз араласып, келтірген шығынның орнын толтырып, кемшілігін түзету жолындағы осы қадамды құптауға тұрарлық.
Александр Линник ихтиофаунадағы зерттеулер соңғы кездері қарқынды жүргізіліп жатқанына тоқталды.
«Көптеген балық шаруашылығы мамандығын бітірген түлектер ихтиолог болмаса да, ғылыми салаға келіп, биоалуантүрлілікті зерттеуді қолға алды. Еңбектің нәтижесінде диссертация қорғағанына куә болып отырмыз. Тіпті, жаңа түрлерді тауып, зерттеп ғылыми айналымға қосуда. Сондай-ақ Зоология институты Қызыл кітапты шығару үшін биылдан бастап бірқатар зерттеу жүргізіледі. Институт Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен бірлесіп Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін балықтарды зерттейді», – дейді ғалым.
Сөз соңында айтарымыз. Инвазив түрлердің таралуын зерттеу – фундаменталды және қолданбалы зерттеудің маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс тоқтамауы тиіс. Қалыптасқан экожүйені жатжерлік балық түрлерінен қорғап, осы бағыттағы шаруашылық жұмыстарын бақылауды назардан тыс қалдырмау қажет. Себебі өзен-көлде өзі көбейіп жатқан балық ресурсы еліміздің таусылмайтын байлығы.