Жолбарыс жүректі Бейбарыс
Жолбарыс жүректі Бейбарыс
1,646
оқылды
1958 жылы «Новый мир» журналына Морис Симашконың «Жусан» повесі жарық көреді. Бұл повесть оқырманды елең еткізбей қоймады. «Жусанның» бас кейіпкері Бейбарыс сұлтан әлем тарихындағы танымал тұлғалардың бірі болған. Француз әдебиет зерттеушісі А.Бос­кенің пайымдауынша, Симашконың әңгімелерінде «Орталық Азия шөл далаларының ұлылығы, рухы, мәңгілік туралы пайымдауы» бөлек болды. Оны Лавренев пен Твардоский да айрықша атап өтті. Жас прозаиктің таланты сыншыларды бейжай қалдырмағаны осыдан-ақ көрініп тұр. «Жусан» повесінің даралығы мұны­мен ғана ерекшеленген жоқ. Киногер қауым да бұл шығармаға ден қойып қарағаны рас еді. Әдебиетте жаңашыл, тың дүние дүбірі естіліп ғана қойған жоқ, көркемдікті көре білген көз оны кино туындыға айналдыруды да мақсат тұтты. Симашконың жолымен бұл та­қырыпқа кейінірек Ермек Тұрсынов та оралған. Ол бұған жол сілтеген «Жусан» екенін жасырмайды. «Әдебиет тарихында Морис Дави­дович Симашконың есімі бөлек. Өте мықты жазушы болды. Мен онымен өте жақсы дос болдым. Оның «Жусан» деген атақты повесі бар. Сол повестің желісі бойынша «Сұлтан Бейбарыс» фильмі түсірілді. Біздің тарихымызды экранға шығарған алғашқы фильмдердің бірі. Мені Бейбарысқа алып келген де Морис Давидович еді. Студенттік жылдардан бастап, мәмлүктердің өмірін зерттеуге кірісіп кеттім» деп жазады Тұрсынов. Мансұров «Бейбарысқа» қалай келді? Повесть 1958 жылы жарық көрді. «Жусан» повесі желісінде фильм түсіру идеясы 1965 жылдан басталған. Алайда кино сценарий 1980 жылы бір-ақ жа­зылды. Сценарийді жазған – режиссер Болат Мансұров. Мансұровтың тегі – татар. Түркіменстанда дүниеге келген. 1963 жылы Мәскеудегі Мемлекеттік кино институтын бітіргеннен кейін «Түркіменфильм», «Қазақфильм» кино­студияларында жұмыс істеген. Морис Си­машконың «Жусан» повесін оқы­ған­нан кейін «Бейбарысты» түсіру туралы ойлана бастайды. Сөйтіп, повесть же­лісімен кино сценарий жазып шығады. Туынды қалың көрерменге 1989 жылы жол тартты. Кей деректерге сүйенсек, фильмді Мансұров екі нұсқада түсіруді жоспар­лаған. Бірін Сириямен, екіншісін Еги­петпен бірлесіп түсіруді ойлай бастаған. Біреуі – кеңес еліне арнап түсірілсе, екіншісін араб әлеміне бағыттағысы келген. Араб нұсқасына сол елдің актер­лерін ойнатуды да ойлаған екен. Бірақ фильм соңында бір ғана нұсқада түсі­рілді. Фильм совет-египет бірлестігімен бірге дайындалды. Бейбарыстың рөліне үш актер таңдап алынды: балалық шағы, орта жасы және ел ағасы болған тұсы. Негізгі рөл белгілі актер Нұрмұхан Жантөринге бұйырған. Фильмнің директоры болған Олжабай Мұсабековтің айтуынша, «Бейбарыс – Мысырды 17 жыл басқарған қазақ. Тарихи тұлға болған соң, оны ойнауға Нұрмұхан аға бірден келісті». Фильмде Леонид Куравлев, Нұр­­мұхан Жантөрин, Николай Еременко, Львов Прыгун, Борис Щербаков ойнаған. Бейбарыстың жастық шағын ойнау актер, спортшы Фархад Аманқұловқа бұйырыпты. Ушу саньда спорты өмірлік серігіне айналған жанның үлкен экранға келу тарихы да қызық. 1986 жылы жаттықтырушысы Ми­хаил Рубцов оны жетектеп, «Қазақ­фильмге» алып келеді. Тура сол уақытта «Бейбарыс сұл­тан» фильміне кастинг өтіп жатқан кез. Кастингке қатысуға келген актерлер қа­тары да қалың. Бірақ режиссер шы­мыр денелі, спортқа қа­тысы бар, бол­мысы, келбеті де ке­йіп­керге келетін адам­ды іздеп жатса керек. Ал спорт­шының түр-тұлғасы бұл рөлге дөп келді. «Нұрмұхан Жантөрин, Дәулет Бей­сенов үшеумізді бір қатарға тұрғызып қойды. Дәулет Бейсенов те спортшы. Қарасақ, үшеуміздің де келбетіміз бір-бірімізге қатты ұқсайды. Бәрі аң-таң. Ол кезде менің жасым 23-те, әскерден енді ғана келген кезім. Спорттағы қатал тәртіпке үйренгендіктен кино түсіру алаңындағы ерекшеліктерді көргенде таңданғаным рас. Себебі кино – мүлдем бөлек әлем. Ал спорт – мүлдем бөлек құ­былыс. Екеуінің айырмасы жер мен көктей», – дейді Фархад Аманқұлов. Бейбарыстың жастық шағын ойнау спортшыға аса қиындық тудырмаған секілді. Оның образы көп сөйлей бер­мейтін, сондықтан тек режиссердің айт­қанын бұл­жытпай орындап ғана жүрген. Әрі өзінің қандай тұлғаның рө­лін ойнайтынын жақсы білген. «Көке» – жадындағы өшпес жаңғырық Фильмнің кульминациясы осы сөз бе деп ойлаймын. Бала күнінде шап­қыншылықтың құрбаны болып, құл­дыққа айдалып кеткен, жастайынан үл­кен өмір сынақтарынан өткен Бейба­рыстың ең үлкен қаруы әділдік болғаны рас. Бала Сұлтанның жүрегіне салынған ең үлкен жара – ата-анасынан ерте же­тім қалғаны. Қорғансыз балаға ешкім пана болмады. Қолдан-қолға, көштен-көшке ілесіп, ерте кезден құлдық қа­мытын киді. Кісен қолына тағылған­ы­мен, басын төмен иген жоқ. «Менің қо­лым тиген дүниенің бәрі қасиетке ай­налады» дейтіні де сондықтан. Ол әлсіздерге қорған бола білді, жүрегіндегі ең ауыр жараны солай емдеп жазды. «Сұлтан Бейбарыстың шындыққа тура қарайтын ұстанымдары қатаң бол­ды. «Сұлтан жүрексіз өмір сүре алады, бірақ ақылсыз өмір сүре алмайды» деген қағидасы көп шындықтың бетін ашады. Сұлтанның әйел затына деген қарым-қа­тынасының астарында мынандай ақи­қат бар. Әр ер азаматтың ессіз істе­рінің ар­тында бос сауық-сайранға деген әуес­тік, ашкөздік орын алса, оның түпкі себеп­терін жанындағы жұбайынан іздеп көру керек. Фильмнің финалы ақиқат­тың басын ашады. Мысырдағы пирами­даның ішіндегі құпияны көзімен көретін сәті бар. Бұл адамзатқа үлкен үндеу тас­тайды. Жерде өзін Құдай сезінетіндер жа­раты­лыстың өз Жаратушысы бар екен­ін ұмытпауды еске салады. Адам мәңгі емес. Топыраққа айналатын таби­ғатымызды толық түсінуге сабақ береді. Билік – ақылға иелік ету ғана екенін фильм ав­торлары Бейбарыстың өмірі арқылы түсіндіріп бере алды. Қандай жағдайда да қан төгілмесе, жаһандану саясатында адамзат бір-бірімен жау­ласпауды үй­ренсе, бұл өркениеттіліктің жоғары мә­дени деңгейі. Бесік, туған жер, топы­рақ, ананың зарлы әуені – фильмде Сұл­тан Бейбарыстың билікке келудегі басты мотиві ретінде бейнелі түрде ішке өт­керген шынайы күйін аша­ды. Жусан­ның исіне деген сағынышы, жырақта жүріп қадірін бәрінен артық түсінген, әділдік жолымен ғана жүрген билеушінің шыққан тегіне деген өмірлік із салады. Бүгінгі қоғам осыдан сабақ алса, бұл – фильмнің мақсатының ақтал­ғаны» деп жазады кинотанушы Гүлзат Көбек. «Көке» дейтін бірауыз сөз – жадын­дағы өшпес жаңғырықты қайта жаң­ғыртты. Фильмде Бейбарысты елең ет­кізген де осы сөз еді. «Көке» деген сөздің құдіреті сұлтанның да жүрегін тербеп өтті. Оның көңіл күмбезінде «көке» деген сөз үнемі күмбірлеп тұрғаны анық еді. Оны Нұрмұхан Жантөриннің жет­кізуі бөлек еді. «Кез келген әртіс Бей­барысты дәл Жантөриндей ойнай алмайды», – дейді Халық әртісі Есмұхан Обаев. Артық мақтау емес, нағыз лайықты баға – осы. Режиссер Болат Мансұровтың өзі «Жантөринмен түсіру алаңында жұмыс істеу маған жеңіл болды. Мен тек тап­сырма беріп, оператордың мизансце­наларды қалай түсіру керек екенін айттым. Рөлді Жантөриннің өзі алып шықты» деген екен. Шебердің аты – шебер. «Ол өзінің актерлік шеберлігінің арқасында тарихи тұлғаның озық үлгісін көрсетті». Кино сыншылар осылай баға береді. Бей­барыстың бейнесін бір ғана ұлттың өкілі дәрежесінен әлдеқайда биікке алып кетті. Жусан иісі жанына байыз тап­тырмайды. Билік те бар, байлық та бар. Ендеше, жаны неге тыныштық тап­пайды? Ол – туған жерге деген сағыныш еді. Жантөрин оны терең психолизм, ішкі монолог арқылы жеткізді. Тверь қаласында өткен «Созвез­дие – 90» бүкілодақтық кинофести­ва­лінде актерге «Актерлік мамандықтың дамуына үлес қосқаны үшін» дипломы беріледі. Сол сыйлықты алып тұрып, актер залға қарап: «Бұл мен үшін көп қой» деп жымиған екен. Бұл оның риясыз бейнесі еді. «Бейбарыс сұлтан» Жантөринді даңқ шыңына шығарды. Бейбарысты да қазаққа қайта танытқан Жантөрин еді. Сол жылдары Симаш­коның «Жусаны» мен Мансұровтың «Бейбарыс сұлтаны» құбылыс болғаны рас. Ол құбылысты асқақтатып, биікке көтерген Нұрмұхан Жантөрин екенін ешкім жоққа шығара қоймас. P.S. Ежелгі Мысыр елін 17 жыл би­леген Бейбарыс сұлтан туралы араб тарихшылары ол басқарған кезеңді – «алтын жылдар» деп атайды. Ал тарихшы Вильгельм Тайпольский: «Бейбарыс – жауынгерлігі жағынан Гай Юлий Це­зармен терезесі тең тұратын қаһарман» деп бағалайды. Бейбарыс әлемнің 54 елімен дипломатиялық қарым-қатынас жасаған. Ол өз заманында Мекке мен Иерусалимнің қауіпсіздігін қамтамасыз еткенін айтсақ та жеткілікті. Шын мәнін­де, теңдесі жоқ тарихи тұлға. Биыл Бейбарыс сұлтанның туғаны­на – 800 жыл. Сенат бастамасымен елі­міз­дің Мәдениет және спорт министрлігі мерейтойлық шаралар жоспарын Үкіметке ұсынған. Жақында Алтай Көлгіновтің басшылығымен арнайы отырыс өтті. Мерейтойдың шара-жоспары бекітілді. Біраз шара өткізіледі екен. Бірақ мерейтой аясында Мансұровтың «Бейба­рысындай» фильм түсіріле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз...