Журналист өзгенің пікіріне тәуелді болмауы керек – Динара Сәтжан
Журналист өзгенің пікіріне тәуелді болмауы керек – Динара Сәтжан
997
оқылды
Журналистикадағы еңбек жолын қатардағы тілшіліктен бастап, бүгінде YouTube-та жеке арна ашып, сән индустриясына үлес қосып жүрген кәсіпкер-журналист Динара Сәтжанды халық жақсы таниды. Жас журналистер мен қыз-келіншектердің кумиріне айналған танымал журналист «Аға буын & Z ұрпақ» атты жобамызға қатысып, студенттермен сұхбат құрды. Тілді үйрену арқылы жаңа есік ашылады Айкүміс Еселхан: Сіздің қазақ тілін үй­ренуге ықыласыңыз ерекше. Тілді тез мең­герудің сыры неде? – Кеңес үкіметі заманында дүниеге кел­дім. Балабақшаны да, мектеп пен жо­ғары оқу орнын да орыс тілінде оқыдым. Орыс редакциясында 10 жыл жұмыс істе­дім. Жаңалықтарды жүргіздім, коррес­пон­дент болдым. Сол кезде: «Тек орыс тіліндегі ре­дакцияда жұмыс істеймін» деп ойлай­тын­мын. Себебі қазақ тілін тұрмыстық дең­гейде ғана білетінмін. Бірақ 2017 жылы «Qazaqstan» ұлттық арнасына жұмысқа ша­қырды. Журналист ретінде емес, ар­наның дамуына үлес қосуға, ребрендинг жасауға. Бірақ мен ұлттық арнаның эфи­ріне шықпадым. Себебі қазақшамның дең­гейін өзім білемін. Сол кезде «Қазақ ті­лін толық меңгеріп, сұхбат аламын» деп мақ­сат қойдым. Сол дегеніме жеттім. Орыс ті­лінде сұхбат алғанда ресми, қиын сұрақ­тар қоюға тырысасың. Ал қазір алып жүр­ген қазақша сұхбаттарым мен үшін ерек­ше. Жаныма жақын. Орыс тіліндегі сұх­бат­тарым­да кейіпкерлер көп. Тіпті, олардан бір­неше рет қайталап сұхбат алдым. Мы­салы, Әлішер Елікбаев, Бейбіт Әлібековты 2-3 рет жаздық. Ал қазақ тіліндегі ауди­то­рия үлкен. Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Төре­ғали Төрәлі сияқты сұхбат алмаған танымал адамдар бар. Мен тіпті қазақшам на­шар деп олардан сұхбат алуды да ой­ла­май­тынмын. Бірақ тілді үйрену арқылы жаңа есік ашылады екен. Қазір ағылшын ті­лін үйреніп жатырмын. Себебі менің жаңа мақсатым – ағылшын тілінде сұхбат алу. Ол күнге де жететінімді білемін. Әри­не, ол үшін қойған мақсатыңнан ай­ны­мауың керек. Қазір менің әріптестерім: «Қа­зақша қалай тез үйреніп алдың?» деп таң­ғалады. Мен «қаным қазақ, жаным қа­зақ қалай мен қазақша үйренбеймін?» деп ай­тамын. Сендер де болашақ жур­на­лист­сің­дер ғой. Ал журналистерде дофамин, яғни бақыт гормоны тек түсірілім мен сұх­бат алған кезде көбейеді. Сұхбат алған­дағы әсе­ріңді ешқандай витаминнен ала алмай­сың. Осы айтқандарымды жұмыс іс­теген кез­де толық түсінерсіңдер. Мен кез келген сұхбат алатын кезде міндетті түрде дайын­да­ламын. Сондықтан журналистің қаруы – сұрақтары. Кейіпкерді зерттеп, оның тұл­ға­сын, болмысын ашатын сұрақ­тар таба білуі керек. Ал сен қанша тіл біл­сең де, бір­ақ сұрақтарың жоқ болса сұхбат та ала алмайсың. Дегенмен менің ағылшын және қа­зақ тілімнің деңгейі бәрібір орыс­шадай бол­майтыны анық. Өйткені менің бү­кіл өмі­рім орыс тілінің айналасында бол­­ды. Мен тіпті кейбір орыстардан да тіл­­ді жақсы білуім мүмкін. Ал журналист құр­бым Ок­са­на Петерстің қазақшасы қазақтар­дікінен де жақсы. Әрине, елімізде қазақ­тардың қа­­­зақша білмейтіні ұят. Бірақ бұл ұятты тек қа­на тілді үйреніп, сөйлеп, жұ­­мыста қол­дану арқылы ғана жеңе аламыз. Гүлдана Мұратбай: Кездесуге уақыт тауып келгеніңізге рақмет! Менің сіз­ге қоя­тын сұрағым: сәтті сұхбат алудың бес сырын ай­тып беріңізші? – Сұхбаттың ең қиын тұсы – кейіп­кер­мен келісу. Себебі кейіпкерің келмесе, сұх­бат та болмайды. Журналистер сұхбатқа «ба­лық аулау» сияқты қарайды. Үлкен ба­лық­тар да, кіші балықтар да бар. Кішкентай ба­лықтар деп отырғаным – сұхбат беруге бір­ден келісетін, тез жауап беретін кейіп­кер­лер. Ал үлкен балықтардан (маңызды кейіп­керлерден) барлық журналист сұхбат ал­ғысы келеді. Мен сұхбат алатын кейіп­керлерімнің 80 пайызымен доспын. Олар­дың біреуімен қонақта, екіншісімен жиын­дарда таныссам, үшіншісінің шығар­ма­шы­лығын бағалаймын. Ал адамдар өздері та­ни­тын адамға ғана сенеді. «Қасқыр жалғыз жүру керек» деген ұғым бар. Бірақ журна­лист ешқашан ешкіммен сөйлеспей, өзі­мен-өзі жалғыз жүре алмайды. Адамды бі­рінші көргенде танысасың, екінші көр­генде білісесің, ал үшінші көргенде, дос­та­сасың. Ал достарың сұхбат беруге бірден ке­ліседі және еркін сұхбаттасады. Сәтті сұх­бат алудың басты құпиясы – дайын­дық­та. Кейіпкеріңді толық зерттеп, осыған дейін берген сұхбаттарын ерінбей қарап шы­ғуың керек. Егер кейіпкерің туралы еш­қандай ақпарат таппасаң, оны жақсы біле­т­ін адамды тап. Сосын кейіпкерің бү­гін­гі күннің өзекті жаңалығы болуы қажет. Мысалы, күн сайын әртүрлі адамдардан сұхбат алуға болады. Бірақ ол қозғайтын та­қырып өзекті болмаса, сұхбат та қарал­майды. Айталық, жақында біз Дәулет Тұр­лыхановтан сұхбат алдық. Ал оның баласы туралы барлық БАҚ жарыса жазып жатыр. Көрермендерге Дәулет Тұрлыхановтың ба­ласын қалай тәрбиелегені, оның баласы­мен қарым-қатынасы қызық. Немесе бел­гілі адам ажырасса, үйленсе, өмірінде бір жаңалық болса, бірінші болып сұхбат алу керек. Себебі халыққа сол қызық. Ешкімге сұхбат бермейтін әнші Скриптониттен сұх­бат алсаң, ол да сәтті шығар еді. Сон­дық­тан журналист маңызды кейіпкерлерді іздеуі керек. Ал ол деңгейге жету үшін сұрақ қойып, дайындалып үйренуі қажет. Мысалы, кейіпкерге қойған бірінші сұра­ғың­ның жауабынан екінші сұрағыңды табуың мүмкін. Сол себепті өз сұхбат­тарым­ның соңы немен аяқталатынын біл­меймін. Менің басты міндетім – кейіп­керді тыңдау. Бір-бір жарым сағат көрермен де жалықпай сұхбатты қарай алуы керек. Журналист бірінші сұхбатынан-ақ таны­лып, жақсы қаралым жинап кете алмайды. Оған жету үшін жүздеген, мыңдаған адам­нан сұхбат алуың мүмкін. Қазір маған сұх­бат беруге барлығы қуана келіседі. Се­бебі осы деңгейге жету үшін жұмыс істедім, көп­теген сұхбаттар алдым. Кез келген адам мәтін жаза алмайды. Ал біз, журналистер сөзбен жұмыс істеп үйренуіміз керек. Бұ­рын он жыл эфир жүргізсем де менің сырт­қы келбетіме айтатын шағымдарым көп бо­латын. Бірақ журналистің басты фиш­касы харизмасы мен энергиясы екен. Мен эфир жүргізгенде қатып қалмайтынмын. Барынша еркін өзімді қалай бармын солай көрсететінмін. Осы стиліммен де, мен Ди­нара Сәтжан болдым. Біреуді көшіріп не­месе біреуге еліктеп қажет емес. Әр жур­на­листің сұхбат алғанда өз форматы, өз стилі болуы керек. Экранның арғы жағында сұх­бат­ты көріп отырған көрерменнің эмо­циясы да әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан сұхбат өзіндік атмосферасымен есте қалуы керек. Көріп біткеннен кейін көрермен ой түйіп: «қандай керемет сұхбат» деп айтуы қа­жет. Сәтті сұхбат құрудың бар құпиясы – осы. Тренд көшеде дүниеге келеді Махаббат Исмаил: Сіз жаңа идеяларды қайдан аласыз? – Жаңа идея айналаңдағы әр оқиғаға мән беріп, қырағылық танытып жүргенде пай­да болады. Мысалы, түнгі 1-ге дейін Instagram-да отырамын. Лентада жаңалық­тарды, YouTube-тағы түрлі сұхбаттарды, фильм­дерді қараймын. Әртүрлі жанрдағы кітап­тар­ды оқимын. Өзіме керекті ойды түртіп аламын да, сұхбаттарымда қолданамын. Егер адам әлеуметтік желілерге кіріп, жаңа­лықтармен дер кезінде таныспаса, кітап оқып, саяхаттамаса, жаңа идея да келмейді. Сон­дықтан әртүрлі адамдармен әңгіме­ле­сіп, музейге, галереяларға бару керек. Сен­де шығармашылықпен айналысатын креа­тивті орта болса ғана идея келеді. Ал өмір бойы бір ғана құрбың болса, онда саған жур­налист болу қиын. Сән индустриясында да жаңа идеяларға қатты мән береді. Мы­салы, ZARA әлемнің әртүрлі еліне барып, жай ғана көше аралап жүретін адамдардан құрал­ған департамент бар. Себебі тренд көшеде дүниеге келеді. Айталық, қазіргі жас­тардың киіну стилі де ең бірінші Корея­да пайда болып, сосын әлемге таралған. Ал идея келген кезде оны міндетті түрде жазып алу керек. Себебі идеяны дер кезінде түртіп ал­масаң, ұмыт қалады. Сондай-ақ ешқашан берілмеу керек. Менің ұстазым: «Динара саған есік жабық болса, терезе бар. Ал те­резе ашылмаса, шатыр бар. Шатыр жабық болса, жертөле бар. Маған ешқашан «жоқ» деп келуші болма» дейтін. Сол сияқты маған кейіпкерім сұхбат беруге келіспесе, мен алған бетімнен қайтпаймын. Осы жо­лы сәті түспесе, келесі жолы сұхбатқа ша­қы­ра­­мын. Мысалы, Геннадий Головкинді бір­­неше жылдан бері сұхбатқа шақырып келемін. Журналист ешқашан адамдарды ре­­жітпеуі, хайп жасамауы керек. Біз ақ­парат­ты аулаймыз. Біз – ақпаратты жет­кізу­шілерміз. Айталық, кейіпкер журна­лист­­сіз миллиондаған адаммен тілдесе ал­майды. Біз кейіпкерді ашу арқылы, сұрақ қою арқылы оны миллиондаған халықпен жа­қындата түсеміз. Сондықтан журналис­тің мақ­саты – аудиторияға пайдалы ақпа­рат жет­кізу. Динара Аружан Еркебай: Кез келген адам­ның өмірінде қиындықтар кездеседі. Сіздің жур­налистикадағы жолыңызда қиын­дықтар болды ма және оны қалай жең­діңіз? – Иә, менің журналистикадағы жо­лым­­да қиындықтар көп кездесті. Жур­на­листикадағы қызметімді 19 жасымда Ал­ма­тыда бастадым. Жаңалықтар редакция­сы­на кіріп, амандасқанымда маған ешкім мән беріп қарамайтын. Ал компьютеріме мәтін жазып, дайындап қойып шығып кет­кенімде оны біреу өшіріп кететін. 2002 жыл­дары әлеуметтік желі де жоқ еді. Эфир­ге шығуды барлығы арман­дай­тын. Ал мен кішкентай болсам да, жаңа­лық жүргіздім. Күні бойы отырып, суфлер жазатынмын. Кейін боянып, дайындалып, камераның ал­дына келіп отырғанымда суфлерді біреу өші­ріп тастағанын білдім. Бірақ қолымда қа­ғазға басылған сценарий болатын. Соны жаңалықтар біткенше оқып бердім. Осы­лай­ша, өмірде ешкімге сенуге болмай­ты­нын үйрендім. Келесі жолы бір сценарийді өзімде сақтап жүретін болдым. Осындай оқиға елу рет қайталанған шығар. Әрине, мен үшін ауыр болды, жыладым да. Кім еке­нін біліп тұрсың, бірақ оны дәлелдей ал­­майсың. Бірақ бұл қиындықтарға да сын­­бадым. Себебі өзім қаламайынша, еш­бір арнадан жұмыстан шықпаймын деп ше­шім қабылдадым. Ал біреу жұмыстан шы­ғарып жі­бергісі келсе, ол менің проб­лемам емес. Оны өздеріне де ашық айттым. Кейін осы қай­сарлығым үшін ол адамдар мені сыйлайтын болды. Басында сені еш­кім байқамайды, кейін саған күледі, кейін жек көреді, ал соңында сен жеңесің. Өмір осысымен де қызық. Ең бастысы, осындай қиын­дықтар қаншама рет кездессе де, сен сынбауың керек. Ал өзім ешқашан адам­дарға жамандық жасамаймын. Тіпті, ондай ойларды ойлай да алмаймын. Кейде ком­ментарийге жаман пікірді ерінбей жа­затын адамдарды түсінбеймін. Оларға негатив жазғаннан пайда бар ма немесе олар ерінбей жазуға уақыт қалай табады? Бірақ біз­дің мамандығымыз үшін бұл қалыпты жағ­дай. Біз сын мен негативтің ортасында өмір сүріп үйренуіміз керек. Кез келген ақпа­раттың 1-2 күн ғана өмір сүретінін ұмыт­пауымыз қажет. Кейін адамдар не болғанын ұмытып та кетеді. Адамдар бір жыл бойы бір ақпаратпен өмір сүрмейді. Сол сияқты өткен шақпен де ешкім өмір сүр­мейді. Мен өткенді ойлап энергиямды құртпаймын. Болған іс болды. Энергиямды бүгін мен ертеңге жұмсаймын. Өткен істі өзгерте де алмайсың. Ал оны ойлап уақыт пен энергияны шығындау бекер. Сондық­тан ең бастысы, қандай жағдай болса да берілмеуің керек. Саясатпен айналысатын уақытым жоқ Бибігүл Бейсенбаева: Сіз өз имиджіңізді қалыптастырдыңыз. Бүгінгі қыз-келін­шек­тер сізге қарап бойтүзеп жүр. Журна­лис­ти­ка­да да өз биігіңізді бағындырдыңыз. Ал бо­ла­шақта саясатқа бару ойыңызда бар ма? – Иә, қазір менен бәрі «Неге сайлауға қа­ты­с­падың?» деп сұрап жатыр. Мен күліп: «Сонда кандидаттармен кім сұхбаттасады?» деп айтамын. Астанада тұрып жатқаныма 16-17 жыл болды. Осы уақыт ішінде Ақор­да, Парламент, Мәжілісте жүз рет болған шы­­ғармын. Депутаттардың жұмысын да сырт­­тай көріп жүрмін. Бірақ менде сая­сат­пен айналысатын уақыт жоқ. Мен шы­ғар­машылықтың адамымын. Менің меди­та­циям – монтаж, түсірілім, студенттермен кез­десу, әртүрлі шараларға қатысу. Сая­сат­қа бару үшін адамда миссия болу керек. Ал менде әлі ондай миссия пайда болған жоқ. Менің қазіргі миссиям – қыздарға моти­вация беру, бизнеспен айналысу, шығарма­шылық жобалармен жұмыс істеу. Ал саясатқа бару үшін белгілі бір тақырыбың мен сені қолдайтын аудитория болуы ке­рек. Менде қазір депу­тат­тарға қара­ғ­анда еркін­дік көп. Әдемі киім­нен, әлеу­меттік желіден, саяхаттан бас тарта алмайтын адам­мын. Ал саясатқа барсам, әр бас­қан қада­мым мен киімімді аңдып отыратын болады. Ал оларға «сумкамды 2017 жы­лы алған­мын» деп дә­­лел­дей де алмаймын. Сон­­­дықтан сая­сат­қа баруға дайын емеспін. Та­­нымал жур­­налист болу – ме­нің бала кү­нім­нен ар­манда­ған жан қа­лауым. Бас­таған жұмысың жаныңа жақпаса, се­нің жо­лыңда ке­дергілер көп кез­­деседі. Мыса­лы, бір рет жаңа іс бас­­тап көрдім. Сол кез­де менің кө­зім, қолым ауы­рып, ол істің ме­нікі емес екенін көр­сетті. Ал қазіргі істеп жүр­­ген жұмы­сым өзіме ұнайды. 24 са­ғат сұх­бат алып, кездесуде жүрсем де шар­­ша­маймын. болашақ журналистер Айкүміс Еселхан: Әлеуметтік же­ліде отбасыңызбен түскен суретіңіз­ді жиі жариялайсыз. Балалық шағыңыз туралы айтып беріңізші? – Мен кішкентайымнан ер­кін өстім. Қателік жасасам да, одан өзім сабақ алдым. Әр идеям мен әр қа­дамымды ата-анам қол­дады. Қазір өз бала­ларым­ды да осылай тәрбиелеп жүрмін. Илон Маскты да анасы «жоқ» деп айтпай тәр­бие­лепті. Сондықтан да шығар менің ішімдегі еркін­дік ерте пайда болды. Жалпы, журналист өзге біреудің пі­кіріне тәуелді болмауы керек. Сонда өмір сүру де жеңіл болады. Ал өзгенің пікіріне тәуелді болу, адамды артқа тартады. Сон­дықтан да мен әр комментарийді оқып, мұңайып отыра ал­маймын. Эфир жүргізіп отырып та, камераның артында мыңдаған адам қарап отыр деп қобалжымаймын. Ба­стысы, өз жұмысымды ойдағыдай атқа­рып шықсам болды. Жалпы, журналистің жұмысы – алғысқа толы жұмыс. Себебі бүгін сұхбат жазсам, ертең сол сұхбатты көремін. Осы­лайша, орындалуы керек бір жоспарымды белгілеп қоямын. Қазір YouTube-қа бір аптада алты сұхбат жариялап жүрміз. Бірақ сол сұхбаттың әрқайсысының артында қан­ша­ма күндік еңбек жатыр. Сондықтан жур­­налист барынша жылдам және экск­люзив жаңалықтар жариялап үйренуі керек. Жақсы идея келді ме, жазып ал да кірісіп кет. Ол идеяны ойлап, айтып жүр­сең ешқашан орындалмайды. Қазір жур­налистика да өзгерді. Бұрын біз үлкен камерамен, микрофонмен жүрсек, қазір бір смартфон арқылы да жаңалық таратуға болады. Телеарна монтаждап, ақпаратты жариялағанша, телеграм арнаға бірінші болып жаңалық шығып қояды. Қазір журналистің бәсекелесі – оның көршісі. Мысалы, көрші Серік ағай сендерден бұрын смартфонына видео түсіріп, ақпарат жариялап жіберуі мүмкін. Роллан Граменский: YouTube-та сұхбат тү­сіруге қалай келдіңіз? Әріптестеріңіздің сұх­баттарын көресіз бе? – Сіздер YouTube-тан кімнің сұхбаттарын қа­райсыздар? Балу, Дөп сөз, Аман Тасы­ған... Байқадыңыздар ғой, YouTube-та бәсеке­лес­тер аз. Бұл нарық мүлдем бос жатыр. Се­бебі техникалық жағынан сұхбат жария­лау өте қиын. Иә, подкастар көп. Бірақ блогерлер ешқашан журна-листер сияқты ойланып, олар сияқты сұ-рақ қоя алмайды. Біз алдымызға келген кейіпкерді жан-жақ­ты ашамыз. Сондықтан блогерлер ме­нің бәсекелесім емес. Иә, блог жүргізе­тін­діктен мені де блогер дейді. Бірақ мен ең бірін­ші журналистпін. Ал журналист адам­ды зерттейді, кейіпкерді ашады. Сон­дықтан блогер мен журналисті салыстырып қажет емес. Күрделі зерт-теулермен де айналыса алмаймын. Ол менің сферам емес. Мені көп әріптестерім: «жарнамасы қы­мбат» деп сынайды. Бірақ Голливудта се­нің қымбат сұрауың қалыпты жағдай. Одан ұялудың қажеті жоқ. Себебі менің арнам мен әлеуметтік желілерімде тұтас бір команда жұмыс істейді. Алғаш жур­на­листиканы бастаған кезде еңбекақым 30-40 мың теңге болды. Сол кезде бұл қаржыға қалай өмір сүремін деп ойлайтынмын. Одан кейін еңбекақым 200-300 мыңға өсті. Кейін түрлі мерекелік шараларды жүргізіп, қосымша табыс табуды үйрендім. Сон­дықтан қызметіңді қымбатқа бағалау қа­лып­ты жағдай. Журналистикада жүріп те жақсы табыс табуға болады. Журналист болу, өмір бойы бір айлыққа қарап қалу де­ген сөз емес. Өзіңді дамытып, сапалы кон­тент жасасаң, бәрі де мүмкін. Қазір үйде отырған келіншектердің өзі бір пос­тына 100 мың теңге алады. Олар күнделікті контентпен осындай деңгейге жетті. Ал жур­налистер қызықты, кәсіби контент жа­сап үйренуі керек. Сол контент ұзақ өмір сүруі қажет. Мерей Ауғаш: Журналистикада жүріп, өзіңізді тастап жіберген кезіңіз көп болды ма әлде ақпаратқа ашқарақтықпен қарайсыз ба? – Қазір маған ақпаратқа деген аш­қа­рақ­­тық керек болып жүр. Кейде көп түсірілімнен шаршағанда «өзімнің қайда бара жатқанымды анықтау үшін» алысқа кетіп қалғым келеді. Бірақ «өзіңді тастап жіберу, жанып кету» деген сөзді мүлдем қолданбау керек. Адам істейтін ешнәрсе таппаған кез­де ғана осындай күйге түседі. Ал ұйық­тауға уақыт таппайтын адам мұн­дай сезімді кешпейді. Сондықтан менде бос отыратын уақыт жоқ. Бір адаммен кездесіп кофе ішіп отыруға да үлгермеймін. Бүгін ТікТокта жүрсек, ертең тағы жаңа желі пайда болса, сол жақты да меңгеруіміз ке­рек. Себебі өмірдің ағысына ілеспесең, трен­д­тен қ­а­лып қоясың. Кейде өмір маған бір­нәрсе үйре­теді, кейде өмір мені бір нәрсеге дайындайды. Сондықтан кез кел­ген арман орындалады. Ол үшін мақсат қойып, еңбек ету керек. – Әңгімеңізге рақмет!