Былтырғы Қаңтар оқиғалары басқа-басқа саяси қызметтің монополиялануының салдары қалай болатынын көрсетіп берді. Мемлекет басшысы өткен жылдың наурыз айындағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында Президенттің өкілеттілігін қысқарту мәселесіне назар аударды. Кейіннен аталған құжаттағы бастамалар заңды күшіне еніп, Конституцияның жаңа мәтінінде көрініс тапты.
Бұл суперпрезиденттік басқару үлгісінен кезең-кезеңімен азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлі артқан қоғамға көшудің алғашқы қадамдары еді. Өткен жылғы Жолдауда Мемлекет басшысының облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұру құқығына баса назар аударылған. Сол жолы Президент бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтыратынын атап өткен. Шынында Мемлекет басшысының әкімдер бекіткен қаулы-қарарларының күшін жою жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретіні анық. Сондай-ақ бұрын Президент аудан, ауыл лауазымынан босатуға құқылы болды. Қазір бұл норманың да күші жойылды.
Атап айтқанда, 2022 жылдың 5 қарашасында Президент Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заңға жария түрде қол қойды. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы да болды. Конституциялық заң күшіне енген сәттен Президенттің әкімдер бекіткен құжаттардың күшін жоюдағы құзіреті шектелді.
Нақтырақ айтқанда, жоғарыда аталған заңнан 1995 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» заңының 17-бабының 2-тармақшасы алынды. 2022 жылдың 5 қарашасына дейін бұл тармақшада Президенттің облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкiмдерi актiлерiнiң күшiн жояды не толық немесе iшiнара тоқтата тұратындығы тайға таңба басқандай етіп жазылған-ды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлі Президенттің облыс әкімдерінің қаулы-қарарларының күшін жою және оларға бағынысты аудан, ауыл әкімдерін қызметтен алу мүмкіндігінің шектелуі саланы реттейтін конституциялық-құқықтық негіздің сарқа жұмсалуын білдіретінін айтады. Жергілікті әкімдерге бұдан әрі дербестік беру президенттік және унитарлық мемлекеттің конституциялық құрылымына сай келмейтін көрінеді.
– Қазір Президент жергілікті әкімдер шығарған бірде-бір құқықтық актіні тоқтатуға, жоюға, өзгертуге құқылы емес. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі туралы» заңға сәйкес заңдылық принципін бұзған болса әкімдердің қаулы-қарарын бұзуға прокурордың ғана құзіреті бар. Онда да мүлдем жоя алмайды. Оның заңды күшін уақытша тоқтата тұрады. Осы тұрғыдан алып қараған барлық деңгейдегі әкімдерде құқықтық-әкімшілік дербестік берілгенін атап өткен жөн. Әрине, Президент қызмет бабында өрескел саяси, құқықтық қателікке жол берген облыс және республикалық маңызға әкімдерін қызметтен алып тастай алады. Бұл жайттар талайдан бері айтылып келе жатқан демократияландырудың, билікті орталықсыздандырудағы әлемдік саясаттағы тенденцияларға сай келеді, – дейді ғалым.
Сарапшы сондай-ақ дәл жүйемен осы жергілікті басқару ісін ұйымдастыруда Президент тек облыс және республикалық маңызға ие қалалардың әкімдерін ғана тағайындауға ғана құзіретті болып қалғанына назар аударып отыр. Онда да Мемлекет басшысы жергілікті мәслихат депутаттары талқылауына кемі 2 кандидат ұсынады. Ал соңғы шешім айналып келгенде мәслихат депутаттарында қала береді.
– Президент жергілікті атқарушы органдарда аудандар мен ауылдық округтік әкімдерін тағайындауға немесе сайлауға мүлде араласпайды. Бүгінде ауылдық округ әкімдерінің 80 пайызы тұрғындардың сайлауы арқылы қызметке келеді. Келесі жылдан бастап облыстардағы 166 ауданның әкімі де сайланады. Демек, 2022 жылғы конституциялық референдумға сай Президенттің құзыры тек облыс және республикалық маңызға ие әкімдердің деңгейінде ғана қалып отыр. Бұл тетіктің өзі тікелей емес, жанама сайлау арқылы жүзеге асырылады. Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарына кемі 2 кандидат ұсынады. Ал жаңа сайлау жүйесіне сай алдағы уақытта аудандық, қалалық мәслихаттар толықтай мажоритарлық жүйемен сайланатынын ескерсек, сайып келгенде әкімдерді халықтың өзі сайлайды, – дейді заңгер.
Жалпы Президенттің өткен жылғы Жолдауында саяси жүйені заман ағымына, уақыттың сұранысына сай жаңа жағдайларға бейімдеу жайы сөз болады. Бұл орайда Мемлекет басшысы «барлығын Президент шешеді және Президенттің қолында» ұғымынан бірте-бірте арылуға шақырды. Осы орайда өзі үлгі көрсетіп, партияның төрағалығынан бас тартты. Сондай-ақ Жолдауда партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеу үшін Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынды. Бұл норма да Конституцияның жаңа мәтінінен еніп, Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлауында әділ саяси бәсеке орнатуға мүмкіндік берді. Президентпен бірге Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның, Конституциялық Соттың төрағалары мен мүшелері де партиядан шықты. Облыстар мен республикалық маңызға ие қала әкімдері мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салынды.
Ең бастысы Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салу туралы норма Конституцияға енгізілді.
Өз кезегінде Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарту Парламенттің рөлін арттыруға жол ашты. Президенттің Сенаттағы квотасы 15 депутаттан 10 депутатқа дейін азайды.
Қысқасы, Президенттің өкілеттігін қысқартып, оны жергілікті атқарушы органға, Парламентке жүктеу демократияға бет түзеудің алғашқы сатысы. Есесіне бұл тетік облыс және республикалық маңыздағы қала әкімдеріне әрбір қаулы-қарар шығарарда жоғары жаққа жалтақтамай батыл әрекет етуіне мүмкіндік береді. Бастысы, олар осы мүмкіндікті халықтың жағдайын жақсартып, тұрмысын түзеуге жұмсай алса болғаны.