Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмаларына сәйкес, «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасын жалғастыруды қолға алды. Мекеме ұжымы 2022 жылдың тамыз айынан бастап жаңадан құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу және Қызылорда, Павлодар, Қарағанды облыстарына, сондай-ақ Алматы, Петропавл қалаларына барып, 17 мың шақырымдай жол жүріп өтіп, қалалар мен ауылдық жерлерде шамамен 50 мыңға жуық көрерменге өз өнерлерін көрсетті. Дәл осы жоба аясындағы гастрольдік сапар 13-18 наурыз күндері киелі өңір Маңғыстау облысында басталды. Жоба аясындағы Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы іссапар бір айға созылады.
Жобаның мақсаты – өңір тұрғындары үшін мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өнер қайраткерлеріне қолдау көрсету және ұлттық өнерді дәріптеу. Жоспарға сай, ұйымның танымал әртістері мен шығармашылық ұжымдары Маңғыстау көрермендеріне әртүрлі бағыттағы концерттік бағдарламаларды ұсынады.
Маңғыстау облысы бойынша: Ақтау, Жаңаөзен қалалары, Мұнайлы, Бейнеу аудандары, Отпантау тарихи-мәдени кешені және Қаражанбас, Қаламқас кенттерінде; Атырау облысы бойынша: Атырау, Құлсары қалалары, Мақат ауданының Доссор және Мақат кенттері, Исатай ауданының Аққыстау ауылы, Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылы, Қызылқоға ауданының Миялы ауылы және Индер ауданының Индербор кентінде; Батыс Қазақстан облысы бойынша: Орал, Ақсай қалалары мен Бәйтерек, Тасқала, Жаңақала, Сырым аудандарында; Ақтөбе облысы бойынша: Хромтау қаласы мен Қобда, Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар аудандарында; Қостанай облысының орталығы мен Рудный моноқаласында, сонымен қатар бірқатар аудан мен елді мекен халқына «Қазақконцерт» ұжымының әртістері өз өнерлерін паш етеді. Бұл жоба былтырғыдай, облыстық әкімдіктермен және жергілікті мәдениет басқармаларымен бірлесіп өткізіледі.
Маңғыстау өңірінде жүрген «Қазақконцерт» ұжымы ең алдымен он екі тас құлпытас ортасынан қос күмбезі көтеріліп, алтынмен апталған Отпантау тарихи-мәдени кешенінде арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Көрермендердің қошеметіне бөленген мекеме әртістері Көрісу мерекесіне орай өңір тұрғындарының алдында ән шырқап, күй тартып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шығармашылық ұжым халық композиторлары Ақан серінің, Ықылас Дүкенұлының, Қазанғаптың, Жаяу Мұсаның, Тәттімбеттің, Наурызбайдың, Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің және т.б. заманауи авторлардың әндері мен күйлерін орындады.
– Біз «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасын 2022 жылы бастаған болатынбыз. Биыл да осы үрдісті жалғастыра отырып, киелі батыс өңіріне гастрольдік сапармен келіп отырмыз. Президент Қ.Тоқаев өңірлердегі мәдениеттің сапасын көтеріп, көркейту үшін оның қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін көтерген болатын. Осыған орай аталмыш жобаны қайтадан ұйымдастыруды қолға алдық, – деп атап өтті «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы директорының шығармашылық қызмет бойынша орынбасары Серік Нұрмолдаев.
Мұнайлы ауданында ақын, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова атындағы орталық мәдениет үйінде, Қаражанбас және Қаламқас кен орындарында, Бейнеу ауданынының тұрғындары үшін арнайы мәдени іс-шаралар көрермендер назарына ұсынылады. Сондай-ақ, 15 наурыз күні Ақтау қаласында гала-концерт өтеді.
Киелі өңір Маңғыстау жеріне «Қазақконцерттің» көптеген әртісі барды. Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Ысқақова, Айгүл Елшібаева, Раушан Оразбаева, республикалық байқаулардың лауреаттары Дінисламбек Жайлаубай, Әлихан Дүйсенбай, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Меломен» және «T&Y» тобы бар. Сондай-ақ ТURAN фольклорлы-этнографиялық ансамблі құрылғанына 15 жыл толуына орай арнайы мерекелік концерт ұсынады.
Бұдан бөлек, алдағы өтетін Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы іс-шараға Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айжан Нұрмағамбетова, Айгүл Елшібаева, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Салтанат Ахметова, Нұрболат Арзамас, ҚР Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асқар Мұқият және Әлібек Альмадиев, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Райым Уайс, Дінисламбек Жайлаубай, Ернар Садырбай (Amre), Салтанат Меңдіғалиева, сондай-ақ «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің әртістері өнер көрсетеді.
«ЕЛ БІРЛІГІ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» жобасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен кезең-кезеңімен 2022-2025 жылдар аралығында іске асырылады. Жоба аясында 2025 жылға дейін 28 аудан, 29 моноқала, 20 облыс орталығының тұрғындары қамтылатын болады.