Амал келді, жыл келді!
Амал келді, жыл келді!
763
оқылды
14 наурызда Қазақстанның батыс аймағында Амал мерекесі «Көрісу күні» тойланады. Дәстүр бойынша Отпан тауында бабалар рухына бірлік оты жағылды. Маңғыс­тау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жиналғандарды және өңірде Ұлыстың ұлы күні мерекесін қалай атап өтетінін көруге келген шетелдік қонақтарды құттықтады. Амал мерекесі жыл өткен са­йын жалпы­халықтық сипат алып келеді. «Отпан тау» тарихи-мә­дени кеше­нінде Түркия, Әзербай­жан және Өзбекстаннан келген қонақтарды қосқанда 10 мыңнан астам адамның қа­тысуымен Амал мерекесі тойлан­ды. Қонақтарды қарсы алып, ме­ре­кемен құттықтауға Маңғыстау об­лы­сының әкімі Нұрлан Ноғаев, мем­лекет және қоғам қайраткері Ерлан Қошанов, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Ринат Зайытов, сон­дай-ақ биыл мерекені ұйым­дас­тырушылардың бірі – Тобыш ата­ның ұрпағы Қалнияз Оңдабаев келді. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев 14 наурыз бірлікті, мейірімділікті, татулық пен ынтымақты біл­діретін күнге айналғанын атап өтті.
– Кеңінен тойланатын Амал мерекесі халық бірлігінің сим­волына айналды. Бүгінгі шараны маңғыстаулықтармен бірге, алыс-жақын шетелдерден келген мәр­тебелі меймандар да тамашалауда. Түркиядан, Әзербайжаннан, Өз­бек­­­станнан келген ғалымдар мен көр­нек­ті қай­­­раткерлер мәде­ниетіміздің алуан түрлілігін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ел ежелден бұл күнді асыға күтеді, ал бірлік пен келісімге шақыратын мереке халқымыздың дәстүрлі жа­уап­керші­лігінің жарқын көрі­нісі, – деді Нұрлан Ноғаев.
Мемлекет және қоғам қай­рат­кері Ерлан Қошанов та барша маң­ғыстаулыққа алғыс айтып, Амал мерекесімен құттықтады.
– Бұл күндері ескі реніштерді кешіру, өзгеге мейірімділік таныту әдетке айналған. Баршаңызға ұзақ ғұмыр, амандық, мызғымас бірлік, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын деп тілеймін, – деді Ерлан Қошанов.
Мереке үшін киіз үйлер тігіліп, бар­лық қо­наққа дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Жиналғандар кон­церт­тік бағдарламадан бөлек, ат бәйге­сін, қазақ күресі мен ұлттық спорт­тың басқа да түрлерін тама­шалады. Сонымен қатар Амал ме­рекесіне орай халықаралық конференция өтті. Конферен­цияға Әзербайжан, Түркия, Өз­бек­станнан келген ға­лым-тарих­шылар белсенді қатысты. Конференция мерекені өткі­зу­дің ерекшеліктеріне негізделді, ғалымдар түркі елдеріндегі Нау­рыз мерекесін тойлау дәстүрлеріне тоқталды. Мұхаммед Физули атындағы Әзербайжан ұлттық ғылым ака­демия­сы қолжазбалар инсти­туты­ның ғылыми қызметкері, доцент және про­фессор Незакет Меммедли Наурыз мейрамы әзербайжан хал­қы­ның ең көне, ең сүйікті мереке­лердің бірі екенін айтты. Оның айтуынша, Наурыз мерекесінің ерекшелігі – жанып тұрған оттың үстінен секіру. Оттан секіру ар­қы­лы барлық жамандық пен сәтсіздік жойылады деп сен­ген. Сондай-ақ олар мерекеде тұр­ғын­дар ән айтып, халық аспаптарында ойнайды. Түркиядағы Байрам Вели уни­вер­ситеті және «Қажы Бекташ Вел» зерттеу орталығының директоры Ахмет Ташғын Амал мерекесінің шығу тарихы хақында ой қозғады.
– Мерекенің тарихын зерттей келе, түрік пен қазақ мәдениеті өте ұқсас деген қорытынды жасау­ға болады. Жаһандану үрдісі кей­бір ұлттық дәстүрлерімізді жойып жат­қан­дай. Біздің міндетіміз – барлық ұлттық құндылығымызды жас ұрпаққа жеткізу, – дейді профессор Ахмет Ташғын.
Амал мерекесі аясында «От­пан тау» тарихи-мәдени кеше­нінде Адай ата рухына құран бағыштау рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында Тобыш ата ұрпақтары Мұңал ата ұрпақтарына дәстүрлі бірлік алауын табыстады.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы