Қай кезде болмасын өлім жазасының орындалғаны туралы жаңалықтың жариялануы көпшілікті тіксінтеді. Тіпті, оның қолданылу мүмкіндігі де халықаралық қоғамдастықтың көңілін күпті қылады. Бұл кез келген елдің беделіне селкеу, абыройына нұқсан келтіреді. Осыдан дәл 1 жыл бұрын Президент өз Жолдауында өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді Конституцияда бекіту тетігін ұсынды.
Өркениетті мемлекеттің ең басты құндылығы, бәрінен көп қасиет тұтып қастерлейтіні – адамдары. Өйткені халықсыз билік тұл, ал адамсыз халық болмайды. Әрбір адамның өмірі елдің мәнін де, тағдырын да, болашағын да айқындайды. Демек, кез келген қоғам әрбір азаматын көздің қарашығындай сақтауы шарт.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тура бір жыл бұрын, 2022 жылғы 16 наурыздағы халыққа Жолдауында Қазақстан өлім жазасынан толық бас тартатынын мәлімдеді. Бұған дейін оны орындауға тек мораторий жарияланып келген. Яғни, билік кез келген уақытта мораторийді аяқтап, ең жоғарғы жазаны орындауға қайта кірісе алатын.
Саясаттану ғылымдарының докторы, осы тақырыпты ұзақ жыл зерттеп келе жатқан Күнболат Шаймерденовтың байламынша, бұл қадам азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуына кепілдік берді. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың өмірлік маңызды, іргелі құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша мән береді. Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен, Қазақстан 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Ал 2021 жылы Президент бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға бағытталған Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралар туралы жарлыққа қол қойды. Содан кейінгі басты, қисынды қадам – ең жоғарғы жазаны түбегейлі жою болды.
Сол себепті Жолдаудағы тапсырмаға сәйкес, өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізілді. Осылайша, еліміз Кеңес Одағының сарқыншағы саналған тағы бір ауыр «мұрасынан» ақыры арылып, гуманизм салтанат құрған мемлекет ретінде танылды.
Ата Заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп нық жазылған.
«Ағайыным сотта «рецидивист» деп танылып, айрықша қатаң режимдегі түрмеге қамалды. Ол өлім жазасына кесілгендермен бірге отырды. Оның қауіпсіздігіне алаңдап, мемлекет неге өлім жазасына кесілгендердің тиісті жазасын уақытылы орындамайды екен деп ойлайтынмын. Әрі оларды өмір бойы ұстап тұруға салық төлеушілердің қыруар қаражаты шығындалады. Бірақ кейін бір деректі фильмді көрген соң ол ойдан айныдым. Бізде кейбір кісі, саясаткерлер популистік көзқараспен «мына қылмыстарға өлім жазасын енгізейік» деп жатады. Сол адамдардың өзі жазаны орындап көрсін. Жендет болып, қолын қанға малғанына өмір бойы өкінер еді», – дейді Қарағанды тұрғыны Алексей Мотов.
Жалпы, республика осы маңызды қадамды жасау үшін ұзақ дайындалды. Алдымен, оны қолдану аясы біртіндеп азайтылды. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары өлім жазасы 26 түрлі аса ауыр қылмыс үшін тағайындалды. Кейін ол жаза 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің 18-бабында ғана қалды. Ал 2014 жылы қабылданған соңғы Қылмыстық кодекстің 17-бабында өлім жазасы сақталған еді. Бүгінде олардың бәрі жойылды.
Бұрын барлық санкцияда балама ретінде өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айырумен ауыстыру қарастырылды. Соттар соны белсенді қолданды. Мысалы, 31 қылмыскер бұған дейінгі рақымшылық нәтижесінде өлім жазасына кесілуден құтылды. Қалғандары мораторий жарияланған соң аяқталып, жазаның орындалуын үрейлене күтті.
2016 жылғы 18 шілдеде Алматыдағы Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасына, ҰҚК қалалық департаментінің ғимаратына және салық органына қарулы шабуыл жасап, он адамды өлтірген Руслан Күлекбаев соңғы он жылда өлім жазасына кесілген соңғы адамға айналды. Ол үкім де орындалған жоқ.
Бірақ тәуелсіздіктің үш онжылдығында өлім жазасы туралы жалпы саны 536 үкім орындалды. Ең соңғы үкімдер 2003 жылы жүзеге асырылыпты. 12 адам сот шешімімен өлтірілді. Қазақстанда өлім жазасы негізінен ату арқылы жүзеге асырылды. Әлемдегі өзге елдерде инъекция енгізу, дарға асу, басын шабу секілді тәсілдер де қолданылады.
Заңгер Жансерік Қоңыратұлының айтуынша, 2003 жылғы желтоқсандағы Президент Жарлығымен өлім жазасына мораторий жарияланғалы бері жаңадан 5 адамға қатысты осындай үкім шыққан. Өйткені мораторий соттардың үкім шығаруына емес, тек ең жоғарғы жазаның орындалуына ғана тосқауыл қойды.
«Күндердің бір күнінде мемлекеттің өзін өлтіріп тастайтынын білудің өзі азап. Содан үкімнің орындалуын күткендер арасында өзіне-өзі қол салып, дүниеден озғандар болды, бірақ олардың статистикасы жария етілмейді. Мысалы, 1997-2001 жылдары 150 адам атылған. Өлім жазасына кесілгендердің бір бөлігі амнистияға ілігіп, жазасы жеңілдеді. Тағы 89 адамның тағдыры белгісіз. Сондықтан бұл проблемаға Президенттің нүкте қойғаны орынды болғандай. Өлім жазасы бәрібір қылмыскерлерді тоқтата алмайды: олар ұсталмаймын деп ойлайды, сол үшін ештеңеден тайынбайды», – деді заңгер.
Әділетті мемлекеттің басты міндеті – өз азаматтарының өмірін қысқарту болмауы тиіс. Оның орнына бар күш-жігерін халықтың өмір сүру ұзақтығын ұзартуға шоғырландырса, құба-құп.