Астанада ғұмырының 50 жылын төсбелгі, орден мен медаль коллекциясын жинауға арнаған қария тұрады. Біз Қайырбек Рамазановпен жолығып, оның хоббиі және қолында жиналған қазынасы туралы сұрап білдік. Қария редакциямызға газетіміздің өткен сандарының бірінде жарияланған «Астанаға да өлкетану мұражайы керек» деген мақала бойынша іздеп келіп танысты. Ол өзінің 50 жылдан бері төсбелгі жинауды әдетке айналдырғанын айтып, осы мұрасын қалалық мұражай ашылса сонда табыстау жөнінде тоқтамға келгенін жеткізді. Жалпы, орден, медаль жинау кең таралған хоббидің бірі. Фалеристика аталатын бұл істі кейіпкеріміз 1970 жылдары бастаған. Оның коллекциясында Ресей империясы, КСРО, Қазақ КСР, тәуелсіз Қазақстан тарихын түгел дерлікке қамтитын қыруар жәдігер жиналған. Төсбелгілер арқылы тарихқа үңілуге болады. Оның ішінде түрлі саладағы сан түрлі шараларға арнаған төсбелгілер, кәсіптік айырым белгілері бар. Фалеристика қазақтың да қолынан келеді
«1969 жылы күзде теледидар көріп отырғанмын. Өскемендегі Медаллург сарайында өтіп жатқан көрме туралы репортажды тамашаладым. Үстелдерге коллекцияларды жайып қойыпты. Қараймын фалеристердің жасы бар, жасамысы бар барлығы өзге ұлт өкілдері екен. Ішінде бір қазақ жоғын көріп, намыстандым. Дереу осы іспен айналысу керек деп шештім», – дейді коллекционер.Осылайша, тәуекелге бел буған кейіпкеріміз туралы «Востокмашзавод» кәсіпорнының газетінде мақала жарияланады. Оның қызықты хоббиі жайлы естіген әріптестері Қайырбектің коллекциясын көбейтуге атсалысады. Қарапайым жұмысшыдан, кәсіпорын директорына дейін көмектесіп, үйінде жатқан немесе басқа қалаларға барған сапарында сатып алған дүниелерін коллекционерге табыстауды әдетке айналдырады. Осылайша, коллекцияның көлемі ұлғая береді. Өзі де ел ішінде, сондай-ақ Ресей, Германия, Аустрия, Италия, Чехия, Словения, Түркия, БАӘ секілді елдерге барған сапарында да мол «олжамен» оралатын.
«Маған коллекциямның барлығы қымбат. Қымбат дүниемізді жариялауда сақтық танытамыз. Барлық медаль-ордендердің бағасы қымбат. Біразы асыл металдардан әзірленеді. Сондықтан коллекцияның барлығы жалға алынған арнайы сақтау камерасында сақталады. Өйткені ондай құнды дүниені үйде немесе басқалай күзетілмейтін орында ұстау қауіпті», – дейді ол.
«10 мыңға жуық экспонатты Ұлттық музейге қалдырғым келген. Алайда онда жылына бір-екі апта ғана көрсетуге шығарылады екен. Сол себепті әзірге жүріп тұрған кезімде жинағымды өз күшімен адамдарға көрсете берейін деп шештім. «Коллекцияны маған сат» деген ұсыныстар болды. Тіпті, бір кәсіпкер су жаңа Джипіне айырбастайық деді. Мен бұл қазынаны саудаға сала алмаймын. Оның көп бөлігін халық берді. Олар менде бұл бұйым сақталады деп сенді. Соны ақтауым керек», – дейді Қайырбек Құдабайұлы.Бірақ ол коллекциясын мұражайға аманаттап қалдыру жөнінде шешім қабылдаған. Қайырбек Рамазанов қазір елімізде төсбелгі шығаруға мән берілмей келе жатқанына қынжылыс білдірді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ол Теңге сарайында арнайы төсбелгі шығаратын бөлім ашуды ұсынады.
«Төсбелгі сатудан табыс түседі. Оны спорт шараларына, Қызыл кітапқа енген аңдарға арнап шығаруға болады. Мысалы жақында Qazaqstan телеарнасының 65 жылдығы өтті. Осындай мерейтойларға арналып төсбелгі шығарылса, оны жастар қызығып, мақтан етіп тағып жүрер еді. Сонымен қатар Астанадағы ескерткіштер, әдемі ғимараттар, көпірлердің төсбелгілерін шығаруы қажет. Туристер осындай бұйымды қуана-қуана сатып алады», – дейді коллекционер.Бір қызығы, Қайырбек Рамазановтың жиған дүниелерінің арасында 10 мыңнан астам түрлі елдердің ақшасы мен тиындары да бар екен. Музей мамандарымен пікір алмасқанда, ел тарихына қатысты көптеген жәдігерлер ұрпақтарының қолында, арнайы жағдай жасалмаған пәтер де сақталып, тозып бара жатқанын айтады. Оларды тарих ғылымының айналымына шығару үшін, елден жинауға қолдау жасалмайтыны, жәдігерлерді қою үшін мұражайлардың, арнайы ғимараттардың жетіспеушілігі кедергі келтіреді екен. Тарихымызды түгендеу, толықтыру үшін осы салада серпіліс, өзгеріс керек.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ