«Ғаламат 30 жыл»: Отбасылық телеарна 30 жылдығын атап өтеді
«Ғаламат 30 жыл»: Отбасылық телеарна 30 жылдығын атап өтеді
489
оқылды
Отбасылық телеарна жаңа мерейтойлық маусымның тұсаукесерін өткізді. Бүгін компанияның жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы 31 арнаның Бас директоры Құрманбек Жұмағали айтып берді.
«31» алғаш рет эфирге 1993 жылы шықты. Телеарна құрылған күннен бастап елде және әлемде болып жатқан маңызды оқиғаларды қалт жібермей, «үзіліссіз» хабар таратып келеді. 30 жыл ішінде 31 арна отандық журналистикада мықты кадрлар дайындаған үздік ұстаханалардың біріне айналды. Әр жылдары қызмет еткен және жұмысын жалғастырып келе жатқан мамандар көрермендерге эксклюзивті жобалар мен тәуелсіз зерттеулер, бірегей контент ұсынып келеді.  width=
 «Телеарнаның мерейтойлық жылы ауқымды нәтижелерді қорытындылауға, идеологиялық құндылықтарды қалыптастыруда қоғамдағы орны мен үлесін түсінуге тамаша мүмкіндік береді. Негізгі отбасылық арна болғандықтан, бізде балалар үшін де, ересектер үшін де мазмұнды контент қамтылған. Жаңа маусымда мерейтойға орай бірегей жобаларымызды ұсынамыз. Алға қойған биік мақсаттарымыз бар. Ең негізгісі  –  еліміздегі үздік үш телеарна қатарында болу», –  деді 31 арнаның Бас директоры Құрманбек Жұмағали.
30 жыл ішінде телеарна түрлі эксперименттер жасап, жаңашылдық алып келу ақылы өз орнын, аудиториясын анықтады. Телеарна жекеменшік болған соң шарықтау шегіне жетіп, қиын күндерді де бастан кешті. Мәселен, 1,5 жыл бұрын 31 арна телеарналар арасында 8-орында, ал аудиториялық көрсеткіші бойынша 5,8 деңгейінде болса, қазір 7,5 деңгейіне көтеріліп,  ТОП-5 телеарна қатарына енген.
«Бұл көрсеткіш әлі де өседі. Біз қысқа мерзім ішінде ТОП-3 телеарна қатарына енуді негізгі мақсат етіп айқындадық», –  деді Құрманбек Жұмағали.
 width= 2020 жылмен салыстырғанда телеарнаның қазіргі табыс деңгейі 30 пайызға артқан. Нәтижесінде, жылдар бойы қордаланған негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік туды.
«Алдымен телеарнадағы шығармашылық топ қызметкерлерінің айлығын индексациялау арқылы 10-нан 30 %-ға дейін көтердік», –  деді 31 арнаның Бас директоры Құрманбек Жұмағали.
Телеарна басшысы компаниядағы техникалық-материалдық база толығымен жаңаратынын айтты.
«Қазіргі қолданыстағы техникалық жабдықтар 5-10 жыл бұрын алынған, ал соңғы уақыттағы заманауи цифрлық өзгерістерді ескерсек, «телеарна өмірі» үшін  бұл – ауқымды проблема. Сондықтан каналдың табысы артқан соң, материалдық-техникалық базаны жаңарту туралы шешім қабылдадық. Енді 10 сәуірден бастап 31 арнаның эфирге шығу жүйесі толығымен автоматтандырылады. Қазір жұмыс рет-ретімен жүріп жатыр», –  деді Құрманбек Жұмағали.
31 арнаның Бас директоры телеарнаның мерейтойлық бағдарламасымен таныстырды. Эфирге бірнеше жаңа сериал мен кино, ойын-сауық бағдарламасы шығады.  width=
«Үш сериал түсіреміз, оның біреуі Информбюро туралы болмақ, журналистикадағы басты мәселелрді көтермекпіз. Бірнеше фильм түсіру жоспарда бар. Жалпы, 31 арна 2030 жылға дейін киноны дамыту орталығына айналады. Бұл ең алдымен отандық контентті дамытуға мүмкіндік береді. Біз отбасылық арна болғандықтан, отбасылық тақырыптарды қамтитын ойын-сауық жобасын ұсынайын деп отырмыз. «BattleПАР» деп аталатын шоу аптасына бес күн бойы тікелей эфирде көрсетілмек. Мұндай форматтағы жоба соңғы уақыттары телеарналарда болмаған», –  деді 31 арнаның Бас директоры Құрманбек Жұмағали.
31  арнаның 30 жылдық мерейтойға орай көрермендеріне дайындаған бағалы сыйлықтары да бар. Эфирде үш жаңа автокөлік, тұрмыстық техникалар мен гаджеттер ұтыс ойыны ретінде ойнатылатын болады.