"Ауыл" партиясының кандидаттары Жетісу облысында сайлаушылармен кездесті
"Ауыл" партиясының кандидаттары Жетісу облысында сайлаушылармен кездесті
329
оқылды
«Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Айбын Төреханов, Жандос Тұрсынғалиев, Алмас Мұхаметов, Әлібек Қантай және түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидаттар Жетісу облысына қарасты Жаркент қаласында сайлаушылармен кездесті.
 width=

Кандидаттармен кездесуге «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС еңбек ұжымы, Панфилов ауданының ауыл шаруашылық, орман, су шаруашылығыеңбеккерлері, ауыл шаруашылығына қатысы бар қаржы саласының қызметкерлері, жалпы саны 400-ге жуық адам келді. Жиында Қазақстандағы ауылдық аумақтардың бүгінгі сын көтермейтін ахуалы мәселе ретінде көтеріліп, оларды оңалту жолдары талқыға түсті. Ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік шаралар дәйексіздігі, айналымға қажет қаражаттың тапшылығы, несие үстемесінің қымбаттығы, жалпы мемлекеттік қолдаудың ДСҰ шеңберіндегі келісімдерде қарастырылған деңгейден анағұрлым төмендігі айтылды.

«Ауыл ахуалы – күрделі мәселе. Ауылды дамыту үшін жаңа технологиямен жасақталған ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен ұқсату өндірістерін ауылдық жерлерде кеңінен дамыту қажет. Өнім тұтынушыға дайын күйінде тікелей жол тарту керек. Мемлекеттік қолдаулар тек осы бағытта өрбу тиіс.Осы жолмен ауылға инвестиция құйылса, ауыл өздігінен жан-жақты дамитын еді. Ауыл әлеуеті толық игеріліп, мүмкіндіктері толық пайдаланылса, мемлекетіміздің экономикалық қуаты да өздігінен артар еді. Тоқ етерін айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және ұқсату өндірісі ауылда болғанда ауыл өздігінен дамиды. Біздің сайлауалды бағдарламамызда көрсетілген ауылдық елді мекендер инфрақұрылымын қалпына келтіру және дамыту, ауыл әйелдерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларға қолайлы жағдай жасау, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты айтарлықтай азайту шаралары осы жолмен жүзеге асыруға болады, – деді «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Айбын Төреханов.