Түркі жұрты – бірліктің бесігі
Түркі жұрты – бірліктің бесігі
955
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға жұмыс сапарымен барып, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердо­ғанмен кездесті. Әуелі Президент қонақ­жайлылық көрсетіп, құрметпен қарсы ал­ғаны үшін Режеп Тайип Ердоғанға риза­шылығын білдірді. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия халқына көңіл айтты.
– Марқұмдардың туған-туыстарына, Өзіңізге және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айта­мын. Түркия – әрқашан қиындыққа қарсы тұра білген мемлекет. Сіздер мол тәжірибе мен ел бір­лі­гінің арқасында бұл қиындықты еңсеріп шы­ға­сыздар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қауіп-қатерге қашанда дайын болу керек екенін атап өтіп, төтенше жағдайлар сала­сындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыз­дылығына тоқталды. Осы орайда «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» тақырыбында өтіп жатқан саммитті өте қажетті іс-шара деп есептейтінін жеткізді.
– Табиғи апат кезінде мемлекеттердің бір-біріне көмек көрсетуі аса маңызды. Бұған осы жолы тағы да көзіміз жетті. Бауырлас ел қиын­дыққа тап болғанда түркі жұрты ауызбіршілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетті. Қазақстан да түрік бауырларға бірден қол ұшын созды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Түр­кия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін айтты. Қазір Түркия Қазақстанның басты бес сауда серіктесінің қатарына кіреді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 33 пайызға өсіп, 6,3 миллиард долларға жеткен. Өз кезегінде Қазақстанның тауар­ларын Түркия нарығына көптеп шығаруға мүмкіндік барын жет­кізді. Қасым-Жомарт Тоқаев түрік инвес­торларының Қазақстандағы жобаларын қолдауға дайын екенін айтты. Сондай-ақ кездесу бары­сында «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты аса маңызды рөл атқара­тыны сөз болды. Қазақстан тарапы әлеуеті мол осы көлік-логис­тика­лық бағдарды дамыту үшін ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлім­деді. Бұдан соң Режеп Тайип Ердоған шақыртуды қабыл алып, Анкараға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Түркияға келгеніңізге қуа­ныш­тымын. Алапат жер сілкі­нісінен 49 мың адам қаза тапты. Осындай қиын сәтте алғашқы болып телефон шалған әлемдік көшбасшылардың бірі өзіңіз болдыңыз. Қазақстанның құтқару­шылары зардап шеккен азамат­тарымызды құтқаруға атсалысты. Біз шынайы бауырмалдықты сезіндік, – деді Түркия Президенті.
Сондай-ақ Режеп Тайип Ердо­ған кейінгі жылдардағы екіжақты сапарлар нәтижесінде барлық салада өсім бар екенін, жыл соңына дейін тауар айналымын 10 мил­лиард долларға дейін жеткізу қа­жеттігін айтты. Түркия басшысы көлік саласында Орта дәліз әлеу­етін толық пайдалану керектігін де атап өтті. Кездесуде екі ел ара­сын­дағы сауда, экономика, инвес­тиция, көлік-логистика, энер­гети­ка салаларындағы ынтымақтас­тық­ты нығайтуға баса мән берілді. Президенттер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Екі ел басшыларының кез­десуінен кейін Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті өтті. Жиын Түркияда болған жой­қын жер сілкінісінен қаза тапқан­дарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Қазақстан Президенті жер сілкінісінен қаза тапқан марқұмдардың туған-туыс­тарына және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтты.
– Қазақта «Қайғыны бөліссең – азаяды» деген сөз бар. Ағайынның басына күн туғанда біздің халқы­мыз ешқашан қол қусырып отыр­майды. Қазақстан халқы бірден түрік бауырларға қол ұшын созды. Құтқарушыларымыз және дәрі­герлеріміз дереу көмекке аттанды. Бауырлас елге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетілді. Жой­қын жер сілкінісі еліміздің азамат­тарын да бейжай қалдыр­ма­ды. Біздің халқымыз бауырлары­мыз­дың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты. Қазақта «Асар» деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қо­лын созады. Осы мақсатта Қазақ­станнан Анадолы еліне көптеген ерікті келіп, аянбай еңбек етті. Олар – ел басына ауыртпалық түскенде алғы шепте болатын шы­найы патриот азаматтар, жаны таза адамдар. Сондықтан мен ұйымы­мызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқы­мыз. Біз бауырлас Түркияға одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент апат аймағында әлеу­меттік нысан салып беруге Қазақ­стан дайын екенін атап өтіп, халықаралық қауымдастықтың Анадолы еліне көрсеткен демеуін жоғары бағалайтынын жеткізді. Қазақстан Еуропадағы серік­тестерінің Халықаралық донорлар конференциясын өткізу туралы бастамасын құптайтыны айтылды. Анкара Мемлекет басшысы басқосудың «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық кө­мек» деген тақырыпта өтуі бекер емес екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, жер жүзінде табиғи және техногендік апаттар көбейіп жатыр. Бұл жағдай өте өзекті халықаралық мәселенің біріне айналды.
– Біз табиғи апаттың алдын алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсы­намын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады. Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейту қажеттігін екінші ұсыныс ретінде атады. Осы мақсатта Президент елдеріміздегі Төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал-жабдықтарының тізімін әзірлеуді ұсынды. Бұл шара қиын-қыстау сәтте шұғыл әрекет етіп, апаттың салдарын жоюға бағытталған іс-әрекеттерді үйлестіруге мүмкіндік бермек. Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайдың алдын алу үшін ақпарат бөлісіп, құтқарушылардың тә­жірибе алмасуы өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ биыл күзде Қазақстанда «Қазқұтқару» халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтетінін еске салды. Президент ұйымға мүше елдердің құтқару қызметтерін аталған іс-шараға қатысуға шақырып, сол кезде осы салаға жауапты мекеме басшы­ларының алғашқы басқосуын өткізуге болатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделі кезеңінде Түркі әлемінің өзара ынтымақтастығы нығая түскенін өте дұрыс қадам деп санайды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды биыл күзде Қазақстанда өтетін ұйымның оныншы мерейтойлық саммитіне шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев қиын сәтте халықаралық қауымдастық­тың түрік халқына қолдау көрсетуі Режеп Тайип Ердоғанның жоғары беделі мен еліне жасап жатқан риясыз қызметінің нәтижесі деп санайтынын жеткізді. Президент сөзінің соңында жиынға қатысу­шыларды алдағы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, осы мейраммен тұспа-тұс келетін қасиетті Рамазан айының баста­луына орай ізгі тілегін білдірді. Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінің қорытын­дысы бойынша бірнеше құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінің Анкара декларация­сы, Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау механизмін құру туралы шешім мен Түркі инвес­тиция­лық қорын құру туралы келісім бар.