Қазақтың байтақ даласының қай бұрышына барсаңыз да алдыңыздан алты Алаштың арман-мұратын бауырына түйіп алған, тарқата түссең, тарих болып сөйлеп, Ұлы даланың бағзы шежіресінің тұнбасындай болып тұрған тұғырлы тауға ат басын тірейсіз. Аспан-көкке қол созған Алатау, күн астындағы күмбездей болып көрінетін асқақ Алтай, сұлу, сылқым Көкше, болмыс-бітімі ерек Баянауыл, ұлылар мекені Шыңғыстау, ...Маңғыстау қойнауына кәрі тарихтың құпия сырларын жиып алып, маңғазданып, мағмұрланып жатқан қасиетті Қаратау – бәрі де мына даланың тірлік-қозғалысын қалт жібермей қадағалап отырған қария-абыз іспетті жаратылыс. Шапқан аттың белі, ұшқан құстың мойны талатын ұлан-байтақ даланың қамсыз-қаперсіз жатқаны да осы таулардың бар болғанынан шығар дейсіз.
Ұлытау!
Ұлытау – осы таулардың ерекшесі. Ерекше болатынын құр мақтан үшін айтып отырған жоқпыз, оның халық берген атауына қарап түйген ойымыз бұл.
2019 жылы Ұлытау ауданында, Ұлытау бауырында халықаралық туризм форумы өтті. Сол форумда Мемлекет басшысы
Қ.Тоқаев: «Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен» деп өңір жұртын жалт қаратып, жылылық лебін сездіріп кеткендей болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жошы хан мазарының басында кешен құрылысы басталып, қазір Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шетелдерден қызығушылар қара көрсете бастады. Аймақ жұрты мұны да жақсылық нышаны деп бағалаған болатын. Президентіміздің сол форумдағы: «Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер» деген сөзін Ұлытаудың тарихи тағдырына ғана емес, ұлт тағдырын, ұлттың ұйысуына қатысты айтылған сөз деп санасақ керек.
Өткен 2022 жыл Ұлытау өңірі үшін ақжарылқап жыл болды.
Ел Президенті 2022 жылдың 16 наурыздағы Жолдауында Ұлытау облысының ашылатынын жариялады. Бұл – біз үшін, ұлытаулықтар үшін, жалпы қазақ елі үшін тарихи тосынсый, әділетті шешім еді. Ұлытау, Абай, Жетісу рухы түлеген сол оқиға «Әділетті Қазақстан» құру идеясына соны серпін беретін шешімді қимыл нәтижесі деп бағалаймыз.
Өңір халқы ширек ғасырға жуық уақыт бойы күткен қуанышына қол жеткізді. Халықтың сол кездегі көңіл күйінен күллі әлемді құшағына сыйдырып жіберетіндей ғаламат күй сезілді. Көшелерде бір-бірін құттықтаған жерлестер үні әсем ән мен әуезді күйге ұласты. Жезқазғаннан Ұлытауға 100-ден астам еріктіден құралған автошеру де халықтың қуанышынан хабар беріп тұрды. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы өңірдің жарқын болашағына жол ашты. Осылайша, Ұлытау облысы ашылды. Бұл – қайта жаңғырған Жезқазған облысы емес, бұл – жаңадан құрылған Ұлытау облысы.
Халық арасында «Кеменің атын қалай қойсаң, солай жүзеді» деген сөзді жиі естиміз, жаңа облысымыздың Ұлытау аталуының өзі бізді ұлы істерге жетелейді.
Ал қарт Ұлытаудың тарихи аталуының мәнісіне бір көз жүгіртіп өтейік. Даңқты жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері, энциклопедиялық білім иесі Ә.Кекілбаев: «Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен емес, суының көптігінен емес, ол тарихтың үлкен оқиғаларында бүкіл ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге келген жері болғандықтан Ұлытау атанған», – дейді қаламгер аға.
Даңқты Жошы ханның Ордабазарын Ұлытау бауырына орнатқанының сыры неде? «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зұлматында шығыс пен түстікті жапыра жайлап, ойран салып келе жатқан жоңғарлардың Ұлытауды бауырыма басып барып тоқтаймын деуінің мәнісін қалай түсінеміз? Біздің ойымызша, оның сыры біреу: Ұлытау қазақ халқы рухының дәні жатқан топырақ еді. Жошы сол рух мекеніне Ордасын тікті. Кейін жоңғарлар сол рухты сындырмақ болды. Алайда Бұланты-Білеутіге келіп маңдайын соқты. Дүлей күштің екпіні қайтты. Біз – Бұланты-Білеутіні рух, қаһар қамалы деп бағалауымыз керек.
Ұлытауға қарай қаптап келе жатқан жауды өткізбейміз деп атойлап атқа мініп, қылышын күнге шағылыстырып, садағынан жебе жаудырған қазақ батырларының түп ниеті тұтас еді. Олар Ұлытауды – Алаш, Алашты Ұлытау деп таныды. Міне, өткен тарихтың сабағынан түйген ойымыздың бір парасы осындай.
Жасыратыны жоқ, шамамен осыдан ширек ғасыр бұрын орталығы Жезқазған қаласы болған Жезқазған облысы жабылып, өңір тұрғындары әрі-сәрі күйді бастан кешті. Жаппай көшу үдерісі басталды. 1996 жылға дейін 130 мың тұрғыны бар Жезқазған 2022 жылы 89 мың адамға азайған. Өңір халқы Алматы, Астана, Қарағанды сияқты үлкен қалаларға қарай ағылды. Жұмыс орнын ұсынатын мекемелердің саны күрт азайды. «Қазақмыс» бас офисін Жезқазғаннан алып кетті. Жезқазған, Сәтбаев қалаларының халқы жоғарыда аталған мегаполистерге қарай жылжып, Ұлытау ауданына қарасты ауыл тұрғындары Жезқазғанға келіп қоныстана бастады. Осының салдарынан Ұлытау ауданынына қарасты қуатты, күйлі дейтін ауылдардың тынысы тарылды. Ауыл жүдеп кетті. Соңғы жиырма бес жыл Жошы хан мен Алашахан жатқан жері, тасқа таңбаларын ойып, қазақтың біріккен мекені, ақындардың ордасы, баһадүрлердің елі, Алаш қайраткерлері мен Алаш идеясын қолдаушылардың жұрты, қазақтың тарихи астанасы Ұлытау кенжелеп қалғаны көз алдымызда өтті.
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Ұлытау облысының әкімі