Саяси реформалардың сәтті қадамы
Саяси реформалардың сәтті қадамы
545
оқылды
Елімізде көптен күткен Парламент мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлау өтті. Бұл жолғы сайлау 7 партия мен мажоритарлы жүйе бойынша бірмандатты округтерден үміткер тұлғалардың қызу бәсекесіне айналғаны анық. Халық та таңдауын жасап, белсенді атсалысты. Сарапшылар осы сайлауды елдегі саяси реформалардың жемісі ретінде бағалағаны белгілі. Ендеше саяси бәсекеге аз-кем шолу жасап, қандай нәтиже бергенін нақтылап көрейік. Тартысқа толы тәулік Әуелі бұл сайлаудың алдыңғыларына қарағанда бел­сенді өткенін айтқан жөн. Өйткені үміткерлер саны біршама көп болды. Таңғы сағат 7.00-ден кеш­кі 20.00-ге дейін Қазақстанның барлық өңірінде 10 146 сайлау учаскесі тынымсыз жұмыс істеді. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, таңдауын жасауға хақы бар 12 миллионнан астам адамның жартысынан көбі – 6 366 441-і дауыс берген екен. Қалған сараптама орталықтарының да есебі осыған шамалас. Сайлауға жеті партия өз кандидаттарын ұсын­ғанын білеміз. Әрқайсысы елдің сөзін айта алатын үміткерлерін ұсынғаны даусыз. Сонымен, Орталық сайлау комиссиясы партиялардың қанша дауыс жинағаны туралы деректерді бөлісті. Көшбасшы саналған Amanat партиясы – 53,90 пайыз, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90 пайыз, Respublica партиясы – 8,59 пайыз, Қазақстан халық партиясы – 6,80 пайыз, «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,3 пайыз, «Ақжол» демократиялық партиясы – 8,41 пайыз, Жалпыұлттық социал-демократиялық пар­тиясы 5,20 пайыз дауыс жинады. Сайлауда әрбір да­уыс­тың рөлі ерекше, азаматтардың көзқарасы ескерілуі тиіс. Бәсекеге қатысушы партиялардың еш­бірін құптамаған жандар да болды. «Бәріне қарсымын» деп дауыс бергендердің үлесі – 3,9 пайыз. Бұл тұста сайлауға белсене араласқан өңірлерді де атай кеткен абзал. Саяси дода күні кеште дауыс бергендердің ең көбі Қызылорда облысында (65,70 пайыз) тіркелгені мәлім болған еді, ал ең азы Алматыда (22,95 пайыз). 19 наурызда 19:00-дегі жағ­дай бойынша шетелдерде 11 учаскелік сайлау комиссиясы (Сеул, Токио, Пекин, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батыр, Гонконг, Шанхай, Бангкок, Джакарта және Ханой) жұмысын аяқтап, 5 071-ге жуық Қазақстан азаматы дауыс бергені жария болды. Айтпақшы, дауыс беру кезінде барлығы 40 заң- бұзушылық тіркелгенін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Бұл туралы Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі департаментінің басшысы Азамат Сарғазин мәлімдеді. Оның айтуынша, заң бұзудың біраз бөлігі азаматтардың басқа адамдарға дауыс беруі үшін бюллетень алуына қатысты болған. Бұл тұста ескеретін екі дүние бар. Орталық сайлау комис­сиясы ел ішінде әлі барлық отбасы мүшелері үшін дауыс беру әдеті бар екенін айтады. Қолына бірнеше бю­ллетень ұстағандар соның бір дәлелі ретінде қарастырылуда. Екіншіден, біз жоғарыда 40 заңбұзушылықтың тіркелгенін жаздық. Дегенмен бұл тұрақты сан емес. Бас прокуратура алдағы уақытта заңбұзушылық саны тағы да артуы мүмкін екенін хабарлады. Ең бастысы, сайлау қорытын­дысына айтарлықтай кері әсерін тигізетін қылмыстар тіркелмеген. Саяси жаңғырудың жаңа кезеңі Көктеммен тұспа-тұс келген сайлау жаңаруға, жасампаздыққа бетбұрыс жасағандай әсер қалдырды. Қазақстандағы саяси реформалардың маңызы туралы аз айтылған жоқ. Былтыр жалпыхалықтық референдум өтіп, Консти­туция­ға түзету енгізілді. Кейін Президент сайлауы өткенін білеміз. Міне, осы жолғы Парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауы сол сабақтастықтың жалғасы болды. Адамдардың келешекке деген сенімін арттыруда бәсеке бір мереке саналғаны да жасырын емес. Кей адамдар ел үшін осындай маңызды күнде тойларын өткізіп, біреулері халықтың көңілін көтеруге тырысты. Шетелдерден келген халықаралық бақылаушылар да сайлауға әділ бағасын беруде. Мәселен, Халық­аралық бақылаушы Қазбек Тайсаев елімізде өткен сайлаудағы дауыс берушілердің де, депутат­тыққа кандидаттардың да белсенділігін жоғары бағалады.
«Сайлаудың қорытындысы бойынша, сайлаушы­лардың қатысу пайызы айтарлықтай жоғары болды. Өйткені халықтың ынтасы жоғары. Бұл халықтың осы сайлау конституциялық реформалардың жалға­сы екенін түсініп отырғанын көрсетеді. Олар аралас жүйені жақсы қабылдады және жаңа депутаттардан не күтетінін біліп отыр. Мұндай саяси белсенділік барлық елде бірдей кездесе бермейді», – деді ол.
Бақылаушылар таңғы сағат 7.00-де сайлау учаске­лерінде дауыс беруге жастар көп келгенін айтуда. Әдетте, бұрын мұндай уақытта негізінен қарт адам­дар белсенділік танытатын. Осы арқылы Қазақстан­дағы сайлау бара-бара жоғары деңгейде өтіп келе жатқанын аңғаруға болады. Яғни, ұйымдастырушылар сайлау өткізерде дүниежүзілік тәжірибелерді ескер­гені байқалады. Сол арқылы бұрынғы және бүгінгі тәжірибелерді астастырып, сайлаудың жаңа әрі әділ өткізу форматын енгізгені көрінеді. Бұған қоса, депутаттыққа кандидаттар арасындағы тартыс, белсенділік өте жоғары болғаны көпті таңырқатты. Мәселен, бір депутаттық мандатқа 30-дан астам үміткер таласқан. Өтініш білдірген кандидаттардың мұндай белсенділігін халықаралық бақылаушылар бірде-бір елде кездестірмегенін айтқан.
«Бұл өте жақсы деп ойлаймын. Мұның бәрі адамдардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысты үлкен қызығушылығын көрсетеді. Дауыс берушілер сайлау учаскелеріне келген кезде саналы түрде өз таңдауын жасайды. Өйткені олар туған жерінде лайық­ты өмір сүруді қалайды», – дейді Қазбек Тайсаев.
Қорыта айтқанда, Президент бастаған реформа­ларды халық қолдап, саяси бәсекеге қатысушылар жүзеге асыруға тырысып жатқаны анық. Ең бастысы, ел сайлаған атқамінерлер халықтың қалауын тап басып, мемлекет мүддесі үшін жұмыла білсе болғаны. Бұл жолы әр адам елдің болашағы үшін таңдау жасағанын, ортақ мақсатқа бірігуге ықыласты екенін аңғартты. Саяси мүдделер теңгерілген, нағыз баланс орнаған парламентке қол жеткізудің алғышарты сәтті жүзеге асқаны анық. Бір емес, екі партия өкілдері жиналатын ендігі Парламент отырыстарында елдің маңызды мәселелері талқыланып, шешімін таппаққа сенім мол. Бірнеше саяси модернизациялар кезеңі түбінде демократияға жол ашып, мемлекеттің жаңа дәуірін қалыптастырмақ.