Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады
©https://almaty.tv/
622
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі.  «Наурыз – жыл басы, халқымыз ежелден тойлаған көктем мерекесі. Бұл – халық асыға күтетін аса ерекше мейрам, қыстың ызғары қайтатын, көктем шуағын төгетін сәт. Табиғат түлеп, тіршілік қайта жаңаратын мезгіл. Еліміз әз-Наурызды әрдайым ырысты ынтымақтың бастауына балаған. Алыстаған ағайын Ұлыс күні татуласып, қайта қауышқан. Жұрт бір-біріне ақжарма тілектерін айтқан. Көпшілік ортақ дастарқаннан дәм татып, қариялар жастарға батасын берген. Бабаларымыз Наурыз тойын жасампаз еңбектің мейрамы санаған. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Елге пайдасы тиетін игі істер атқарған. Бір сөзбен айтсақ, Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы», – деді Мемлекет басшысы. Президент Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауының Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінің де символдық мәні бар екенін атап өтті. «Кеше ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қалыптасты. Тарихи сәт Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына бірлік пен береке тіледі. «Бірлік түбі – береке» дейді халқымыз. Қоғамда келісім және татулық болса, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Осы жолда бәріміз бір кісідей жұмылайық, ардақты ағайын! Биыл қасиетті Рамазан айы Ұлыстың ұлы күнімен қатар келді. Ораза ұстайтын жамағаттың ниеті қабыл болсын! Әр шаңыраққа қыдыр қонып, бақ дарысын! Жаңа жыл құт-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!», – деді Мемлекет басшысы.