Арал өңірінде құпия орындар аз емес. Әсіресе, Кеңес заманында жабық әскери қалашықтар өте қауіпті сынақтар жүргізіп, табиғатқа, тұрғылықты халықтың денсаулығына орасан залал келтіргені бүгінде белгілі бола бастады. Соның салдарынан теңіз табаны құрғап, жергілікті жұртшылық оның зардабын әлі күнге тартып келеді.
Жалпы, Арал теңізінің тарихы тереңде жатыр. Ежелгі римдіктер мен гректер бұл теңізді Каспийдің «Сақ шығанағы» деп атағаны тарих парақтарынан белгілі. Теңіз табиғатын жан-жақты зерттеу Ресей империясының Шығысты отарлау кезінде қолға алынғаны туралы да ақпар бар. Соның нәтижесінде 1848-1849 жылдары әскери теңізші әрі зерттеуші А.Бутаковтың экспедициясы теңіз айдынын зерттеп, 1850 жылы Арал теңізінің ең алғашқы картасы жасалған. Содан бергі уақытта еліміздегі және бірқатар шетелдік ғылыми-зерттеулер мекемелері Арал теңізін зерттеу жұмыстарымен айналысып келеді.
Зерттеулерге сүйенсек, теңіз тартылғанға дейін бұл аумақта жалпы ауданы 2 235 шаршы шақырым болатын 1 100 аралдар тобы болыпты. Соның ішінде Арал теңізінің айдынында 300-ден аса аралдар болған екен. Оның арасында Көкарал, Возрождение, Барсакелмес сияқты орындар ең ірі аралдар тобына жатқызылған. Бүгінде бұл орындардың бірқатары түбектерге айналып, құрлыққа қосылып кетті.
Арал тарихына тереңінен бойлауымыз да бекер емес. Өйткені бір кездері балығы тулап, көгінде шағаласы шулап жатқан теңізді зерттеу жұмыстары қолға алынып, картасы сызылған Кеңес дәуірі, оның мамыражай табиғатын да лайлады. Бұл тұрғыда сол кездері теңіз айналасынан әскери қалашықтар салынып, асқан құпия тапсырмаларды жүзеге асыра бастады. Алғашында өңір халқы бұл жайында бейхабар болды. Тіпті, мұндай жерлер картаға түсірілмеді.
Қазір Арал теңізі мен оның экологиялық ахуалын тілге тиек етсек, алдымен «Возрождение» аралы ойға түседі. Кеңес Одағының тұсында 1992 жылға дейін ең құпия әскери нысан болып табылған бұл орынды айналып өту мүмкін де емес. Жасырын мекенде 1980 жылдардың соңына дейін бірнеше құпия кодты атаумен биологиялық қарумен жасырын сынақ жүргізілгені әмбеге аян. Оны «Арал-7», «Бархан» және «Пниль-52» әскери нысандары жүзеге асырыпты.
Тарих беттерін парақтасақ, сонау 1924 жылы республика орталығы Орынбордан Қызылордаға көшірілетіні туралы шешім шығарылды. Соған орай Түркістан АССР-ның қарауында болған Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ АССР-ның бағынысына ауыстырылады. Кейіннен 1936 жылы Қазақстан одақтас республикаға ауысқан тұста, Қарақалпақ елі Өзбекстан Республикасының әкімшілік құзырына беріледі. Нәтижесінде, 1936 жылға дейін Арал теңізі, оның ішінде «Возрождение» аралы толықтай біздің еліміздің аумағына қарады. Тек 1963 жылы Л.Брежнев Қазақстан мен Өзбекстан аумағындағы теңіз шекарасын қайта қарап, көрші елдің теңіз үлесін арттырды. Соның нәтижесінде «Возрождение» аралының 78,97 пайызы өзбектер жағына өтті.
Аралдағы әскери нысанның қуатты полигонға айналуы да сол 1936 жылға дәлме-дәл келеді. Сол кездері бұл арал Сталиннің бұйрығымен Қызыл Армияның ғылыми-медициналық институтына пайдалануға беріліпті. Нәтижесінде, сол жылдың жаз айында профессор Иван Великанов бастаған құрам құпия аралға келіп жайғасады. Әскери қалашық арнайы кемелермен және ұшақтармен қамтамасыз етілген. Алдымен нысанда туляремия және соған ұқсас микроорганизмдердің таралуын бақылайтын тәжірибелер жасалады. Алайда бұл экспедиция сәтсіз басталып, ғұмыры ұзаққа созылмады. Тек бұл полигон 1952 жылы қайта қолға алынып, «Арал-7» атауымен биологиялық қаруды сынайтын полигон ретінде қалпына келтіріледі. Алайда бұл сынақ орнының адамзатқа үлкен қауіп төндіретіні ол кезде ешкімнің түсіне де кірмеді.
Осынау құпия нысанның қайта қалпына келтірілуімен қазақ даласы бір-ақ күнде сынақ алаңына айналып шыға келді. Дерекке сүйенсек, 40 жылдай жұмыс істеген полигонда 1956 жылы алғашқы жарылыс тіркеліпті. Сол күні Капустин Яр атты полигоннан ұшырылған баллистикалық зымыран Арал теңізінің солтүстік жағалауындағы тақырға жарылады. Бактериялық қарудың жойқын көрінісі сол кезден бастап өз қаупін төндіреді. Осыдан кейін ядролық заряды бар зымырандар Капустин Яр полигонынан Арал мен Байқоңырға ұшырылып тұрды. Соның негізінде Арал өңірінде ұзын саны 8 жарылыс орын алыпты. Бұл – зерттеушілер тарапынан белгілі болған көрсеткіш. Құпия болып қалғаны қаншама?! Одан ауаға тараған улы қалдық экологиялық қауіпті үдете түсті.
«Аралдың Солтүстік-батысында орналасқан «Чайка» әскери нысаны жайында естіп, өстік. Зымыран әскерімен байланысты бұл нысанда нақты қандай міндеттер жүзеге асырылғанын дөп басып айта алмаймын. Сол кездері ауыл халқынан да көптеген алып-қашпа әңгімелер айтылып жүрді. Естуімізше, осы қалашықтан 15 шақырым қашықтықтағы қыстақтан жерасты жолы салынған деген де ақпар бар. Сол жерді құпия жағдайда ұстап, жұмыс істегені де айтылады. Күнделікті ұшақтар келіп, әскери нысанның аумағындағы таудың арасына сіңіп, көзден ғайып болады екен. Алайда таудың ішіне апаратын жолды, ұшақ кіретін есігін де ешкім көрмеген», – дейді аты-жөнін құпия сақтауды өтінген ауыл тұрғыны.Жоғарыда айтып өткеніміздей, Еділ бойындағы Капустин Яр полигонынан ұшырылған зымырандарды бақылауға осы «Чайка» әскери нысаны міндеттелген көрінеді. Бір кездері әскери азаматтар тұрған қалашықтың өзіндік өмір сүру қағидасы да бекітіліпті. Сол заманда нысанда әскери міндетін атқарған азаматтардың айтуынша, қалашыққа аптасына бір мәрте азық-түліктер жеткізіледі. Әскери нысанда ойын-сауыққа да қатаң талап қойылған. Аптасына 1-2 мәрте ғана көңіл көтеруге рұқсат етілген. Сол уақытта кинотеатр және теледидар арқылы халық шаруашылығының жетістіктері туралы бағдарламалар көруге мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар 1 мамыр мен 7 қараша айында әрдайым жиындар мен әскери шерулер өткізіліп тұрған. Бір сөзбен айтқанда, әскери тәртіп қатаң сақталған. Әскери нысандағы негізгі міндет – тек әскерлерге Капустин Яр полигонынан шыққан зымырандарға бақылау жасау жүктелген.
«Бұл әскери нысан жайында бір айтарым, «Чайка» әскери нысаны Капустин Яр полигонынан ұшырылған зымырандардың ұшу сегментіндегі траекторияны өлшеу, бақылау жұмыстарымен айналысты. Соған байланысты шыңның басында арнайы қабылдағыш локатор да жұмыс істеді. Сол кездері әскери нысанда 30-40 шақты сарбаз болдық. Одан өзге бұл жерде қауіпті жұмыстар жүргізілген жоқ. Ал ел аузында айтылған таудың ішіне ұшақтар кіреді деген сөздердің негізсіз екенін айтқым келеді. Таудың ішінде емес, әскери қалашық шыңның жиегінде орналасқан», – деп түсіндірді бұл жайында сол кездері аталмыш нысанда әскери борышын өтеген Қуанәлі Боханов.Осы орайда, сол кездері Капустин Яр полигонынан ұшырылған зымырандардың Арал теңізінің аспанында оқтын-оқтын жарылыстар ұйымдастырғанын ескерсек, бұл «Чайка» нысанының да біз білмейтін құпиясы көп сияқты. Себебі «Арал-6», яғни «Чайка» әскери нысаны, осы Капустин Яр полигонының филиалы ретінде жұмыс істепті. Сол уақытта «Арал-6» полигоны 4-ГПК құрылымындағы 41167 әскери бөлімшесінің әртүрлі уақытта орындаған тапсырмалары да ауқымды көрінеді. Жалпы, КСРО кезінде стратегиялық қару жасауда тек қана ядролық-зымырандық қару дайындау лайықты сапада дамыған. Оған «Арал-6» әскери нысанының зор үлес қосқаны даусыз.
Қызылорда облысы