«Өлген адам сөйлемейді...»
«Өлген адам сөйлемейді...»
1,342
оқылды
Қазір әлеуметтік желіде регрессолог мамандар көбейіп кетті. «Әлихан Бөкейхановтың айтқаны», «Қабанбай батырдың рухы» жайлы жазғасын ба, әйтеуір қызу талқыланып жатыр. Кейбірі сананы уламауға шақырса, арасында бас шұлғып қолдап жатқаны да бар. Бұған дін өкілдері мен психология не дейтінін саралап көрдік. Мәселен, регрессолог маман Нұрлыбек Төлеповтың айтуынша, регрессия ұғымы артқа шегінуді білдіреді. Проблеманың себебін табу үшін өткен уақытқа оралуға көмектеседі. Өйткені проблеманың себебі сәби кезде, балалық шақта, жастық кезеңде немесе өткен өмірде болуы мүмкін. Ал регрессолог транс күйге түсіріп, регрессия тәсілі арқылы өткен кезеңнен адам проб­лемасының себебін тауып, шешіп беруге көмек беретін маман. Иә, ел арасындағы трендтегі тақы­­рып – регрессология, реинкарнация. Әлеуметтік желіде регрессологтар өткен өмір, рухтың көшуі, әркімнің миссиясы жайлы айтып, насихаттап жатыр. Осы тұста реинкарнация жайлы сұрақ тууы мүмкін. Бұған ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы жауап та берді. «Реинкарнация дегеніміз – адамның жаны тәнінен шыққаннан кейін басқа денеге ауысуы немесе адамның рухы басқа денелерге көшіп жүруі. Яғни, бұл сенімдегі адамдардың түсінігі бойынша адам өлгеннен кейін оның рухы басқа нәрсеге ауысады. Реинкарнацияның түрлері бар: адамнан адамға өтуі, кейін адамнан жануарға өтуі, адамнан өсімдікке өтуі, адамнан жансыз нәрселерге өтуі. Жамағаттың сенімі бойынша реинкарнация сенімі ислам дініне түбегейлі қайшы. Ислам дінінің сеніміне мүлдем тура келмейді. Өйткені бұл сенімдегі адамдар ақыретті, қияметті, есеп-кітапты, есеп беруді, жәннат пен тозақты, қайта тірілуді – бұлардың бәрін жоққа шығарады. Ислам сенімі бойынша адам дүниеден өткен соң бұл дүниеге қайтып келмейді. Сондықтан да реинкарнация ұғымы ақылға да, нақылға да, яғни Құранда, хадистен де келген нәрселерге, ешқайсысына сай келмейді. Оған сену адамды адастыру­шылыққа, күпірлікке алып барады. Сондық­тан біз мұндай нәрселерден сақ болуымыз керек», – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы. Шұғыла ЕРУБАЙҚЫЗЫ, психотерапевт:

Регрессологияда ешқандай ғылыми негіз жоқ

Жалпы, психотерапияда әртүрлі тәсіл, бағыт бар. Бірақ біз мұсылман болғаннан кейін этностық ерекшелігімізді, діни ерекшелікті, тазалықты сақтау керек. Кейбір терапия әдісі психика үшін де, діни ұстаным үшін де сәйкес келмейтіні бар. Мысалы, регрессология, гипнотерапия. Неге бұл қауіпті? Біріншіден, психология тұрғысынан алатын болсақ, бұл жерде адам толығымен бейсанаға үңіледі. Мидың ақылды, саналы бөлігі (неокортекст) істен шығады. Яғни, адам өзіне есеп бере алмайтын, не істеп, не қойғанын білмейтін психикалық транс күйге енеді. Мықты психологтар, гипнотерапевттер адамды транс күйге кіргізе алады. Бірақ көп­шілік мұндай күйге түскенде бала кездегі, кейінгі шақта қалған проблеманы емдеп, жазамын деп ойлайды. Иә, белгілі бір жағ­дайда арылады. Бірақ адамның бейсанасы толығымен жұмыс істеген кезі психика үшін қауіпті. Өйткені адам бейсана деңгейінде қалып қоюы мүмкін. Бейсанада жарақат ашылып, психикаға қауіп төнетін ретрав­матизация процесі басталады. Бұл күмәнді тәсіл. Қазір мұндай тәсілді қолданбайды. Аталған тәсілдің ғылыми бағытта дұрыс емесін ғалымдар дәлелдеп шықты. Регрессологияны артқа шегіну арқылы сананы емдеу деп көрсетеді. Регресс арқылы реинкарнация мен өзге діндегі наным-сенімді қолданады. «Бұрын қандай бейнеде болғансың?», «бұрын кім болғансың?», «бұл өмірге қандай миссияны орындауға келдің?» деген сияқты ұлттық менталитетке қарама-қайшы идея айтылады. Білікті невропатолог, психотерапевтер регрессология тәсілін псевдоғылым деп айтады. Регрессологияның қарқын алғаны әлеуметтік желіден де байқалады. Бұл жерде төмендегідей дүниені айта кеткім келеді. Үнемі миымызда «про­цес­ті жеңілдетсем екен» деген сұраныс болады. Мұны нейропсихологтар мен нейро­лин­гвистер зерттеп, атау берген. Бұл заңдылықты Easy cognitive деп атайды. Қазақшаға аудар­ғанда ойлануға, белгілі бір нәрсені тануға жалқаулану немесе жеңілдету деген мағына береді. Содан кейін маркетинг ретінде регресс психологиясын қолдану арқылы «өміріңді өзгерте аласың, бір ғана сеанс жетеді» дейді. Мұндай дүниені айтқан кезде күйбең тіршіліктен шаршаған адам­ның бейсанасы «осы проблемадан құтылсам екен» деп алданып қалып жатады. Яғни, бұл саналы, ересек позициясындағы адамның істейтін әрекеті емес. Қанша жерден регресске кетіп, миссияңды анықтап, өткен шақтағы проблеманы регресс техникасымен шешсең де, сана деңгейінде өзгеріс бол­майды. Иә, эмо­циялық босаңсу, эмоциялық толқынысты басуға болар. Көпшілікке психологиялық сауаттың, психологиялық мәдениеттің жетіспейтінін байқаймыз. Өкінішке қарай, көпшілік көрсеқызарлықпен, эмоциялық шешім қабылдаумен осындай техниканың көмегіне жүгінеді. Қайталап айтамын, мұның психотерапиялық негізі жоқ. Яғни, адамды емдемейді, уақытша эффект береді. Екінші жағынан, дінге де, ұлттық наным-сенімге де қарама қайшы. Кеңшілік ТЫШҚАНҰЛЫ, теолог:

Кез келген нәрсе құқықтық жолмен реттелуі керек

– Діни терминмен айтар болсақ, регрессологпын деп мұндай ақпарат таратуға әртүрлі теріс энергетиканың ықпалында қалу әсер етуі мүмкін. Сол себепті олардың психологиялық, психо-эмоциялық көңіл күйіне климат жағдайы, психология қосылғанда түрлі нәрсені көріп, елестетуі мүмкін. Оның үстіне, шайтан, жын адамға шабуыл жасайтыны бар. Сондай кезде осындай форматтағы нәрсе жазып, айтуы мүмкін. Бұған қатты көңіл бөліп, назар аударудың қажеті жоқ. Хайпы бар, басқасы бар уақытша дүние деп ойлаймын. Біріншіден, психологтар сау екенін тексеріп көрсе. Екіншіден, рухани шабуылдан ада ма, соны тексеру керек. Көбінесе, мұндай әрекеттің астарында психологиялық ауытқу жататынын байқаймын. Бойында кінәрат болған соң әртүрлі нәрсені көріп, елестетіп, жария етеді. Шын мәнінде, мұның ғылыми, діни ақиқаты жоқ. Ал көзқарас, ұстаным жалғаса береді. Дін өзгерген жоқ, Құран өзгерген жоқ. Регресстің өзі кертартпалықты білдіреді. Мысалы, қоғамда сатанизм бар. Шайтандарды қорғайды, мұны ешкім жоққа шығарып жатқан жоқ. Соған еріп жүргендер де бар. Қоғамда бұларға орын жоқ деп айта алмаймыз. Саналы түрде дінге тіл тигізіп, заңға қайшы әрекет жасаған болса, құқықтық мемлекет ретінде заң органдары діни алауыздықты қоздыру бойынша іс қозғауына болады. Меніңше, құқықтық мемлекетте кез келген нәрсе құқықтық жолмен реттелуі керек. Регрессология негатив энергияны шығарумен байланысты. Елена ШМИДАУЭР, регрессолог:

Регресс әсерімен жұртқа көмектесу тәсілі

– Регрессология – регресс әсерімен жұртқа көмектесу тәсілі. Регрессия адамға өткен шағын еске түсіруге жәрдемдесетін техника. Бұл өткен шақтағы өмір ғана емес, балалық шақ, ана құрсағында жатқан кезең болуы мүмкін. Яғни, регрессология адам жадына саяхат десек те болады. Айта кетерлігі, регрессология – психологияның бір тармағы. Егер психологияны ғылым қатарына жатқызсаңыз, онда регрессология да соның бір тармағына жатады. Ал басқа денедегі рухқа келсек, адам түсінде бейнесін анық көрмесе де, өзін толық сезінеді. Мысалы, түсіңізде өзіңізді қарама-қарсы жыныста, сәби кейпінде көруіңіз мүмкін. Сол сияқты регресс терапиясында осындай күй кешесіз. Егер терапияға жазылған келуші басқа әлеммен байланысқысы келсе, байланысуға мүмкіндігі бар. Бірақ біз регрессологияны терапия мақсатында қолданып, проблеманың қай тұста жатқанын анықтаймыз. Мәселен, пациент «әлем мен әлем арасында байланысқа шыққым келеді» десе, өзінің қорғаушы періштесімен тілдесе алады. Көпшілік айтып жүрген суқұйғыш дәуірі басталғанына келсек, бұл адамдардың ішкі әлеміне үңіліп, есеп беретін кезеңі. Ішкі әлем заңдылығына қаншалықты бағынып жүргенін, дамуы үшін не істеп жатқанын бағамдайды. Өзін-өзі тану оңай емес. Суқұйғыш дәуірі энергиясына сәйкес келу қиын. Сәйкес келуге тырыспайтын, алға ұмтылмайтындар энергия тасқынына төтеп бере алмайды. Соғыстан, ковидтан, табиғи апаттан бұл өмірмен қоштасып жатады. Әлем қайта түзіліп, жер энергиясы, физика, сутегі молекуласы өзгеріп жатыр. Біздің жанымыз, энергетикалық денеміз осы өзге­рістерге реакция білдіріп жатыр. Сондықтан 2023 жыл өзгеріске толы жыл болмақ. Айналаңда болып жатқан жағдайды өзгерту үшін ішкі әлеміңмен күресіп, өзіңді тануға бел шеше кірісетін кезең.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ