Америкалық киноөнер академиясы 2002 жылдан бері «Үздік толықметрлі анимациялық фильм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығын табыстап келеді.
Бұл жүлдені алғашқы болып «Шрек» мультфильмі жеңіп алған болатын. Аталмыш жанрға жеке жүлде табысталған уақытқа дейін мультфильмдер жалпы немесе арнайы номинацияларға ғана ұсынылатын. Мәселен, 1992 жылы «Сұлу мен құбыжық» туындысы «Үздік фильм» аталымына ұсынылып, осы категориядағы алғашқы анимациялық картина болды. Ал «Ақшақар мен жеті ергежейлі», «Роджер қоянын кім жақтады?» және «Ойыншықтар оқиғасы» туындылары 1939, 1989 және 1996 жылдары «Оскардың» арнайы сыйлығын алды. Аталмыш номинация бойынша премия ұсынылуы үшін бір жыл ішінде кем дегенде 8 толықметрлі анимациялық фильм Лос-Анджелестегі кинотеатрларда көрсетілуі тиіс. Ұзақтығы 70 минуттан асуы шарт.
Биыл да бұл жүлденің иегері табылды – Netflix-тің Guillermo del Toro's Pinocchio анимациясы. «Пиноккио» америкалық қуыршақ фильмін италиялық автор Карло Коллодидің «Пиноккио хикаясы» ертегісінің желісімен режиссерлер Гильмеро дель Торо мен Марк Густафсон түсірді. Бозбалаға айналатын ағаш қуыршақ туралы туынды әлемдік киногерлер жоғары бағалады. Балалар ертегісіне осыншалықты ойлы, терең мазмұн салуда шеберлік танытқан туынды: мұндай айтылған әрбір ой әр бұрынғы ересек қауымның болашақ ұрпағына аманаты іспеттес. Алдағы «Спойлерде» бұл картинаға жеке тоқталармыз бәлкім. Бұл санда 2002 жылдан бері осы номинация бойынша ең көп (барлығы 11 жүлде) «Оскар» алған Pixar студиясының үздік картиналарын ұсынғымыз келеді.
«Коконың құпиясы» – 2018 жылы «Оскар» алған Эдриан Молина мен Ли Анкричтің туындысы. Фильмнің басты кейіпкері – 12 жастағы Мигель. Ол танымал музыкант болуды армандайды. Бірақ оның мексикалық отбасында әлдекімнің музыкамен айналысуына қарсылық бар. Өйткені Мигельдің арғы атасы музыкант боламын деген арманын қуып, отбасын тастап кеткен. Сондықтан Мигель сүйікті ісімен құпия айналысамын деп шешеді. Ол өзінің сүйікті әншісі, осы күнде марқұм болған Эрнесто де ла Кустомен кездесу үшін өлілер әлеміне аттанады. Ал онда ол өзінің арғы атасын кезіктіріп, ла Кустоны бірге іздейді. Қысқаша сюжеті осы, әлбетте фильм хеппи эндпен аяқталады. Көруге жеңіл, сюжеті ойнақы, әзілге құрылғанымен, мазмұны тым терең. Мұнда отбасы құндылығы ерекше дәріптеледі. Мигель тұратын кішкентай ауылдың халқы жылына бір рет «Отбасы» күнін тойлайды. Олардың сенімі бойынша осы күні марқұм туыстары көктен жерге түсіп, өз шаңырағына қонаққа келеді-мыс. Жергілікті жұрт атаулы күні үй маңын тазалап, түрлі тәттісін пісіріп, дастарқан жаяды. Көп шам жағып, алдына өздері күтетін марқұмдардың суретін қояды. Мигельдің әжесі оның музыкант атасына ренжіп, жылдар бойы суретін майшамның алдына қоймай келеді. Сәйкесінше, оның арғы атасы қанша жерден қателігін түсінгенімен, жердегі отбасымен қауыша алмай жүреді. Фильмде отбасы күніндегі жер мен көктегі көңіл күй қатар көрсетіледі. Ондағы марқұмдар әлемін әсерлі сипаттайтыны соншалық, сөзсіз сенесің, тіптен ендігі жерде мұндай әлем жоқ дейтін жанды жақтырғың келмейді. Бұл фәниде кез келген адамның Аллаға қайтқан жақыны бар. Марқұмның қайда қандай күй кешетіні, онымен ендігәрі кездесіп-кездеспейтінің бала түгілі ересек санасына ауыр сауал. Бұл картина бұ дүниеде отбасының бәрінен қымбат екенін, бақилық болған жақыныңның басқа өмірі болатынына сендіреді және онымен кездесу үшін кешірімді болуға үндейді.
«Жан» – 2021 жылы «Оскар» алған Пит Доктердің туындысы. Әдетте мультфильм мазмұны жеңіл болуға тиіс-ті. Ал «Жан» – тұнып тұрған пәлсапа. Тұлға деген кім? Тағдырың о баста жазылып қоя ма? Өмірдің мәні не? Осы мәндес сауалдарға жауап іздейтін мультфильмнің басты кейіпкері –джаз ансамблінде болуды армандайтын қарапайым мектеп мұғалімі Джо Гарднер оқыстан қаза тауып, рух әлеміне түседі. Бұған дейін «Головоломка» және «Вверх» туындыларын (бұл екеуі де «Оскар» алған) жасаған қиялы шексіз Пит Доктер бұл картинаның мазмұнына адамның жан тазалығы мен рухани байлығы турасында түрлі даналық салған.
Бүгінде толықметрлі анимациялық картиналардың айтар ойы асыл. Үлкенге де, кішіге де белгілі бір идеяны нұсқайтын мұндай фильмдерді асылы көңіл көтеру үшін емес, жаныңа медет қылуға көретіндейсің...