Алматы тұрғындары қала ішіндегі қаптаған заңсыз сауда орындарынан әбден мезі болды. Соңғы кезде мұндай коммерциялық нысандар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Олардың кейбірінің құрылысы қолданысқа заңнамаға сай келмейтіні анықталып, сот шешімін шығарып қойса да, сүрілмей тұр. Сот шешімін орындауға асықпайды Заңсыз екені анықталған нысандар тек сауда орындары емес, олардың арасында түрлі жазғы дәмхана сияқты коммерциялық орындар да бар. Олардың көпшілігіне қатысты сүріп тастау туралы сот шешімі шығып та қойған. Алайда олар асығар емес. Кейбіреулері бірінші сатыдағы сот шешіміне келіспей аппеляциялық сотқа шағым түсіру арқылы уақытты созғысы келетін көрінеді. Солардың бірі – Әуезов ауданына қарасты Төле би мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысында орналасқан бірнеше нысан. Олардың ішінде жазғы кафе мен сауда дүңгіршектері бар. Дәл осы нысанды алып тастауға қатысты соңғы шешімнің шығуына бір жарым жылға жуық уақыт кетті. Негізінде, аталған жер телімін кәсіпкер үш жыл мерзімге жалға алу құқығымен пайдаланған. Жалға алу мерзімі 2021 жылдың басында аяқталған. Келісімшартқа сәйкес жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін кәсіпкер жер телімін мемлекеттік қорға қайтаруы керек еді, бірақ ол мұны өз еркімен жасаудан бас тартты. Сондықтан Алматы қаласы әкімдігінің Қала құрылысын бақылау басқармасы сотқа тиісті талап арызбен жүгінуге мәжбүр болған.
«Нәтижесінде, 2021 жылғы 15 қыркүйекте мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот өз бетінше салынған нысандарды сүріп, жер телімін қайтару туралы шешім қабылдады. Бұл шешімге келіспеген кәсіпкер апелляциялық сотқа наразылық түсірген. Осы талап арыз 2021 жылғы 21 желтоқсанда Алматы қалалық сотында қараусыз қалдырылды. Нәтижесінде, бірінші сатыдағы соттың шешімі ұзақ сот талқылауларынан кейін өткен аптада ғана заңды күшіне енді. Қазір Алматы қаласы Әділет департаменті сот орындаушыларының нысандарды бұзу күнін белгілеп жатыр», – дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мамандары.Тұрғындар да кәсібін кеңейтудің қамымен жүргіншілерге арналған жолды жауып тастаған кәсіпкерлердің әрекетіне наразы.
«Мен осы ауданда тұрамын. Көше қиылысында тұрған заңсыз салынған дүңгіршектер мен жазғы дәмхана көшенің сәнін ғана бұзып тұрған жоқ, осы шағынаудан тұрғындарына айтарлықтай қолайсыздық та тудырады. Шүпірлеген дүңгіршектер, тамақтану орындары Төле би көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жартысынан көбін жауып тастаған. Екіншіден, осындай заңсыз салынған тамақтану орнының маңында тазалық та жоқ. Аталған көше қиылысында заманауи талапқа сай салынған базар тұр. Ол жерде тамақтану орны мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, азық-түлік сатылатындықтан, біз көшенің келесі бетін жабайы базарға айналдыруға қарсымыз», – дейді осы ауданның тұрғындары атынан пікір білдірген Гүлнар Мағзұмова.Тұрғынның сөзінше, ол аздай дәл осы қиылыста сұйылтылған газ сататын бекет тұр. Оған жақын жерде нан пісіретін ашық пеш қойылған дүңгіршек орналасқан. Көпшілік сол маңайдағы тұрғындардың барлығында аяқасты өрт бола қалса бекет жарылып кете ме деген қорқынышпен өмір сүріп жүр. 500 заңсыз нысан анықталды Негізінен, алып мегаполисте мұндай ретсіз салынған, қазір сүрілуге жататын нысандар жүздеп саналады. Өткен 2022 жылы жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша мегаполисте 500-ден астам заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысаны анықталған. Олар жер телімдері заңсыз иемденгенінен бөлек адам өміріне қауіп төндіріп жатыр. Барлығы дерлік электр желілеріне заңсыз қосылған. Мамандардың айтуынша қаладағы жарықтың аяқасты жиі өшіп қалатыны осындай орындарға заңсыз тартылған электр желілерінің тұйықталып қалуынан болатын көрінеді. Бір қызығы, осыған дейін қаладағы стационарлық емес сауда орындарын орнатудың арнайы сызбасы бекітілмеген екен. Әкімдіктің айтуынша, ондай сызба енді ғана әзірленіп жатқан көрінеді. Содан кейін барлығы сол сызбаға сәкес орналастырылатын болады деп отыр.
«Біз қазірдің өзінде заңсыз стационарлы емес сауда нысандарының меншік иелерімен өз еркімен сүру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондықтан алдағы уақытта стационарлық емес сауда нысандарын өздігінен салудың алдын алу үшін Алматы қаласы әкімдігінің Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы стационарлық емес сауда нысандарын орналастыру сызбаларын әзірлеп жатыр. Енді стационарлық емес сауда нысандарын қатаң түрде осы сызбаға сәйкес орнатуға рұқсат беріледі», – дейді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбаев.Басқарма басшысының айтуынша, орналастыру сызбалары бекітілгеннен кейін 2023 жылдың екінші тоқсанында жергілікті атқарушы органдар заңсыз стационарлы емес сауда нысандарын сүру жұмыстарын бастайды. Мұндай нүктелер инженерлік желілерден ажыратылады. Сонымен қатар ережеге бағынбайтын саудагерлерге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 204 және 505-бабы бойынша айыппұл түріндегі әкімшілік шаралар қолданылады. Жалпы, Алматыдағы осындай бейберекет салынған нысандар туралы бұған дейін де талай рет айтылды. Жазылды. Өкінішке қарай, қала тұғындары күткендей шешім шықпады. Оның негізгі себебін жауапты орындардың салғырттығымен байланыстыруға болады. Қала басшылығы өз жауаптарында іске енді білек түре кірісуге дайын екенін айтты. Енді сөзбұйдаға салмай, бастаған ізін аяқсыз қалдырып кетпесе болғаны.
Алматы қаласы