Абай университеті туралы қызықты деректер
Абай университеті туралы қызықты деректер
2,336
оқылды
1. Абай атындағы ҚазҰПУ – Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны. Ол өзінің үздік дәстүрлері мен заманауи озық тәжірибелерді ұштастыра отырып,  бүгінде еліміздің ТОП-5 университетінің қатарына кіреді және Қазақстандағы педагогикалық білім беруде көшбасшы. Университеттің ресми ашылуы Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылғы 23 наурыздағы шешімімен сол жылдың қазан айында өтті. Республика халқына білім беруді неғұрлым қарқынды дамыту мақсатында ашылған ЖОО-ға дербес педагогикалық институт мәртебесін беру туралы шешім қабылданды. 1930 жылы университет Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты болып өзгертіліп, 1935 жылы ұлы Абайдың есімі берілді. Институтта қазақ халқының көрнекті тұлғалары Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Бәймен Алманов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Темірбек Жүргенов дәріс берді. 30-жылдары гуманитарлық ғылымның белгілі мамандары Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, М.Жолдыбаев, математик  Ә.Ермеков еңбек етті. Сол жылдары ҚазПИ-да педагогикалық қызметке әдебиеттанушы Н.Н.Фатов, математик Б.Л. Кругляк, физик В.Ф. Захваткин және басқа да көптеген танымал кеңес ғалымдары келді.  width= 2. Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының ашылуы мен қалыптасуында көрнекті мемлекет қайраткері, дарынды ғалым, ұстаз Санжар Асфендияров орасан зор рөл атқарды. Араб, парсы, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген С.Асфендияров оқу орнының алғашқы ректоры болған. Оқу орнының оқу-материалдық базасын қалыптастыруға, оқулықтармен қамтамасыз етуге, ұстаздарды іріктеуге өлшеусіз үлес қосты. Ал институт өзінің дамуының алғашқы жылдарында-ақ елімізді бастауыш және орта мектептер үшін жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ете бастады. 3. Ұлы Отан соғысы жылдары университет ұжымы үшін ауыр сынақтар кезеңі болды. Майдандағы ерліктері үшін ҚазПИ-дың көптеген оқытушысы мен студенті жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мәлік Ғабдуллин Мәскеу түбіндегі шайқастарда неміс-фашист басқыншыларынан қорғаудағы ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Соғыстан кейін белгілі әдебиеттанушы, ғалым М.Ғабдуллин ҚазПИ-ды ұзақ уақыт басқарып, оның дамуына өлшеусіз үлес қосты.  width= ҚазПИ-дың белгілі оқытушылары мен түлектері Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рахымжан Тоқатаев, Ахмедияр Құсайынов, Сәду Шәкіров, Евгений Бреусов майдандағы жанқиярлық ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атанып, омырауларына Алтын жұлдыз тағылды. 4. Абай атындағы ҚазПИ 1978 жылғы өзінің 50 жылдық мерейтойын лайықты табыстармен қарсы алды. Осы жылы 12 қазанда КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша педагогикалық мамандарды даярлау мен тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстар мен жетістіктері үшін институт «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 5. 1990 жылы 25 қазанда Абай атындағы ҚазПИ жоғары мәртебеге ие болып, «Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті» атауын алды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік дәуірінің басталуымен сәйкес келді. Уақыт жоғары білім беру мен заманауи кадрларды даярлауға жаңа көзқарастарды талап етті. 1992 жылы 24 қарашада университет Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті болып өзгертілді.  width= 6. 2003 жылғы 26 қыркүйекте Президент Н.Ә.Назарбаевтың №1201 Жарлығымен қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ)» болып қайта аталып, «ұлттық» мәртебені иеленді. 2007 жылы 24 қыркүйекте Абай атындағы ҚазҰПУ жоғары білім көшбасшыларының Оксфордтағы саммитінде (Ұлыбритания) «ХХІ ғасыр көшбасшылары» бағдарламасы аясында «Біріккен Еуропа» және «Еуропалық сапа» тәрізді халықаралық марапаттарға ие болды. 2007 жылы университетке «Сапа саласындағы жетістігі үшін» Қазақстан Президентінің мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. 7. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – «Педагогикалық ғылымдар», «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымдары», «Қоғамдық ғылымдар», «Бизнес, менеджмент және құқық» және т.б. кадрларды даярлау бағыттары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ірі ғылыми-білім беру орталығы. Университетте білім беру бағыттары бойынша жеті институт жұмыс істейді. Олар: Педагогика және психология; Математика, физика және информатика; Филология; Өнер, мәдениет және спорт; Жаратылыстану және география; Тарих және құқық; Сорбонна-Қазақстан институттары. 34 кафедра, оның ішінде үш жалпы университеттік кафедра (Әскери кафедра, ЮНЕСКО педагогикасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы) табысты жұмыс істеуде. Университет өміріндегі маңызды оқиға 800 жылдан астам тарихы бар Сорбонна-Париж университетінің филиалы – Сорбонна-Қазақстан институтының ашылуы болды. 8. Университетте Ғылыми кітапхана жұмыс істейді. Барлық оқу ғимараттары оқу залдарымен қамтамасыз етілген. Кітапхана қоры 1 700 000 данадан асады: оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, монографиялар, көркем әдебиет үлгілері. Кітапханада сонымен қатар әлемдік көркем әдебиеттің ең бай қоры мен XVIII-XX ғасырдың шет тілдеріндегі сирек басылымдар бар. 9. Университеттің заманауи және инфрақұрылымы дамыған материалдық-техникалық базасы бар. Оқу үрдісі жалпы ауданы 55 мың шаршы метрді  құрайтын 12 оқу ғимаратында жүргізіледі. Оқу ғимараттарында 27 компьютерлік сынып, 15 лингофонды бөлме, 45 оқу және ғылыми зертханалар, 44 шеберхана, 38 интерактивті сынып бөлмесі бар. Студенттердің белсенді демалысы мен салауатты өмір салты үшін спорттық және жаттығу залдары, футбол алаңы және М. Әуезов атындағы спорт кешені бар. Профилактикалық және шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған денсаулық сақтау пункті бар. Университеттің жалпы ауданы 17 мың шаршы метрден асатын 5 жайлы жатақханасы бар. Оқу орнында заманауи полиграфиялық жабдықтармен жабдықталған «Ұлағат» баспасы, сонымен қатар оқу орнының даңқты жолдарынан сыр шертетін шежірелі тарихы мен қызықты экспозицияға толы мұражай бар. 10. 2019 жылы университет Ғылыми кеңесінің шешімімен Абай атындағы ҚазҰПУ-ды халықаралық аренадағы беделін арттыру мақсатында «Абай университеті» – Abai University деген атауға өзгертіп, ребрендинг жасады. Сондай-ақ университеттің жаңа логотипі бекітілді. Еліміздегі жетекші педагогикалық университет биыл 95 жылдық мерейтойын атап өтуде.